"5-10-20". Баспананы кім және қалай алады?

2656
Adyrna.kz Telegram

Үкімет "5-10-20" жобасына "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 390 миллиард теңге бөлуді мақұлдады. 5 пайыз мөлшерлеме арқылы берілетін несиені тек әкімдіктің үй кезегінде тұрған баспанаға мұқтаж адамдар ғана алады, деген жауап жазды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісінің сауалына.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мамырда өткен мемлекеттік комиссияның отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі халықты үймен қамтамасыз ету үшін "5-10-20" несиелік бағдарламасын бастайтынын айтты.

2020  жылғы 9 сәуірінде ҚР Ұлттық банкі "Қазақстандық тұрақтылық қоры" АҚ еншілес ұйымы арқылы "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына жалпы сомасы 180 миллиард теңгеге  облигацияларын сатып алды (шарттары бойынша – жылдық 4%-бен, 2 жыл мерзімге).

"180 миллиард теңге әкімдіктерге облигациялық қарыз түрінде кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға және жалпы құрылыс саласын қолдауға және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге арналған. Кезекте тұрған адамдар арасында тұрғын үйге қажеттілікті ескере отырып, өңірлерге бөлінетін қаражаттың қосымша лимиттері белгіленді", - делінген ведомствоның жауабында.

Анықтама:

- Алматы қаласына 50 миллиард теңге,

- Нұр-Сұлтан қаласына 40 миллиард теңге,

- Шымкент қаласына 20 миллиард теңге,

- Түркістан облысына 14 миллиард теңге

- қалған өңірлерге қалған 56 миллиард теңге.

Бұл көрсетілген қаражат толық көлемде өңірлерге аударылып, 138 жобаны іске асыру басталды.

"5-10-20" арқылы несие құрылысы енді аяқталып, пайдалануға берілген жаңа үйлерді алуға беріледі

Халықтың төлем қабілеті сұранысын қолдау үшін Ұлттық банктің қалған 210 миллиард теңге бөлу (барлығы 390 миллиард теңге), бағдарламаға қажетті нақтылау енгізу, сондай-ақ потенциалды сатып алушылармен іріктеу рәсімдері бойынша мәселелер пысықталып жатыр.

Бұл қаражатқа әкімдіктердің кезекте тұрған адамдарына "5-10-20" пилоттық жобасы бойынша бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін 10 пайыз бастапқы  жарнасымен  жылдық 5 пайызбен қарыздар беріледі.

"Бұл қаржыға әкімдіктерде кезекте тұрған адамдар 10 пайыз алғашқы жарнасын салып, 5 пайыздық мөлшерлемемен құрылысы енді аяқталып, пайдалануға берілген үйді ала алады. Яғни, бұл жоба бойынша бұрын пайдалануға берілген (вторичное жилье) үйден сатып ала алмайды. Несиені "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі береді". Жыл соңына дейін осының негізінде "Отбасы банкін" қолдау және дамыту институты құрылады. Бұл институттық құрылымды жаңғырту аясында іске асырылады", - деп жазды ИИДМ баспасөз қызметі.

Несие тек әкімдікте үй кезегінде есепке тұрған баспанаға мұқтаж адамдарға беріледі

Сондықтан үй алғысы келетін азаматтар әкімдіктің кезегінде болуы керек. Тізімде бар азаматтар ғана несие алуға өтініш бере алады. Әкімдіктердің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, 540 мың адам үй алуға кезекке тұр. Ал, бұл жоба аясында тек 18 мың адамға үй беріледі.

"Одан әрі есепке тұру керек. Тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекке қою орталықтандырылған жүйе арқылы жүргізіледі. Тұрғын үй алу үшін несие  - барлық қаржы қайтарылуы керек. Бұл механизм 18 мыңға тарта адамды үймен қамтуға мүмкіндік береді", - деп жазылған министрліктің жауабында.

"5-10-20" бойынша үйдің бағасы қандай болмақ

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимованың айтуынша, несиенің максимал сомасы әр өңірге байланысты:

Нұр-Сұлтан, Алматы және осы қалалардың шет аумақтарының тұрғындары үшін 18 миллион теңгеден аспайды;

Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан және Қарағанды облыстарының тұрғындары үшін 15 миллион теңгеден аспайды;

Қалған өңірлер үшін 12 миллион теңгеден аспауы тиіс.

Дегенмен бұған дейін қабылданған "7-20-25" және "Бақытты отбасы" бағдарламалары жұмыс істей береді. Оларға қажетті қаржы қарастырылған. Сондай-ақ бұл шаралар халықты үймен қамтып қоймай, кәсіпкерлікті дамытып, 15 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасына тиісті түзетулер енгізіп "5-10-20" ипотекасы жыл соңында іске қосылады.

Пікірлер