Абзал Құспан: Түрмедегі тұтқынның аманаты (видео)

5974
Adyrna.kz Telegram

Құрметті ағайын, оңтүстік өңірде болып жатқан су тасқынына байланысты тергеу изоляторындағы, менің қорғауымдағы Ислам Әбішевпен сөйлестім. Көңіл алаңдатарлық ғана емес, дабыл қағарлық мәліметтермен таныстым. Бірден айта кетейін, ағайын, бұл – Ислам Әбішевті құтқаруға арналған кезекті бір қадам емес. «Оны түрмеден босатыңдар» деген талап та айтылмайды. Болмаса адвокат ретінде өзімнің хайп болсын деген мақсатым жоқ. Елдің қайғысынан хайп жасағаннан құдай сақтасын!..

Ислам Әбішевтің қазіргі айтып отырған әңгімесі – елдің басына төнген қауіп және оның алдын алуға болатындығы және болашақта төніп тұрған қандай қауіп бар, сол жайындағы өте өзекті мәселе.
«Сардоба» су қоймасының бөгеті жарылып, соның салдарынан Қазақстанға су кетті деп мәлімдеме тарап жатыр. Ол дұрыс, шындыққа сәйкес келеді. Бірақ, мәселе мынада: осы «Сардоба» су қоймасы 2017 жылы халықаралық шарттарды бұза отырып, заңсыз салынған. Заңсыз салынғанымен қоймай, сапасыз салынған су қоймасы. Ол туралы Ислам Әбішев Су ресурстар комитетін басқарып отырған кезінде бір емес, бірнеше мәрте Қауіпсіздік кеңесіне және Президент әкімшілігіне хаттар жазғанын айтты. Заңсыз салып жатыр, сапасы көңіл алаңдатарлық деп айтқан. Ол кезде оған құлақ түрген билік болмағанын, ол хаттар айналып өзіне келгендігін айтты. Әрине ол хаттардың көшірмесін де, түпнұсқасын да сіздерге ұсына алмаймын. Біріншіден, Ислам Әбішев түрмеде. Екіншіден, ол хаттар «құпия» деген гриффен жазылған, секретный гриф. Енді оның заңсыздығы неде? «РРРССАМ» деген өте күрделі аббревиатура – «Регулирование русло реки Сырдарий северней части Аральского море» деп аталады. Сырдария – трансшекаралық өзен. Міне осы екі жақты мемлекеттік келісімнің талаптарына сәйкес, Өзбекстан жағы да, Қазақстан жағы да кез-келген өзеннің өзіне қатысты, пайдалануға қатысты немесе өзеннің айналасындағы құрылыстарға байланысты өзара бірлескен іс-шаралар жасауға міндеттеледі. Бір-бірінің келісімінсіз екінші мемлекет жұмыс жасауға тиісті емес.
Ислам Әбішев «2004 жылы Қазақстанның бастамасымен, Сырдария өзен сағасын өзгерту мәселесінде Өзбекстанмен келісімге келіп, құрылыс бастадық» дейді. Бірінші фазасын аяқтаған екен. Екінші фазасына келген кезде, осы жұмыстарды жалғастыруға Өзбекстанның рұқсаты болмағандықтан, Қазақстан жағы ол құрылысты жүргізе алмай қалған екен. Яғни, Қазақстан жағы екі жақтың келісімінің талаптарын сақтаған, халықаралық шарттардың, оның ішінде «Хельсенки» су келісімі бар, БҰҰ бекіткен шарттар бар, ол екі бірдей халықаралық нормалардың барлығына екі елдің қолы қойылған. Яғни, екі ел де сөзсіз бағынуға, талаптарды орындауға міндетті. Одан бөлек, жаңағы айтқан «РРРССАМ» деген екі жақты келісім бар. Яғни, Қазақстан жағы заң талаптарын бұзбай сақтаған.

Ал 2017 жылы Қазақстан Республикасының келісімін алмастан, тіпті сұрамастан, Өзбекстан жағы осы «Сардоба» су қоймасын салып тастаған. Бұл не деген сұмдық? Мысалы, Ресей мемлекеті тәуелсіз Қазақстанның батысынан бастап оңтүстігіне дейін кезінде қаншама полигондарды салып тастап, сол полигондарға неше түрлі сынақтар жүргізіп жатыр. Оған «қой» деп айтуға Қазақстанның шамасы жете бермейді, өйткені бір кездегі СССР-дің мұрагері Ресей, ол біздің теңіміз емес. Оның күші де көп, жағдайы да жақсы. Амалсыздан талап қоя алмаймыз. «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, Қазақстан Қытай мен Ресей сияқты алпауыт мемлекеттерге талап қойып, оны орындата алмайды. Бара-бара уақытымен, түрлі дипломатиялық жолдармен шешілетініне заңгер ретінде, өз басым, келісемін.

Ал Өзбекстан терезесі тең мемлекет. Қазақстаннан асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Сол Өзбекстан Қазақстан жағына талапты орындатады, ал өзі ойына не келсе, соны істейді. Сонда біз қандай ел, қандай мемлекет болғанымыз? «Сардоба» су қоймасы заңсыз, сапасыз салынғанын білдік дейді Ислам Әбішев. Қалай білдіңіздер десек, СССР кезінен бері сол салада жұмыс істеген мамандармен, сол жақтағы адамдармен байланысымыз бар еді дейді. Сол арқылы білген. Өте аз уақыттың ішінде тез-тез, сапасыз материалдармен жылдам түрде салынғанға ұқсайды. Міне, соның зардабын қазір Қазақстан тартып отыр.

Кезінде Өзбекстан шекарашылары мал айдап жүріп шекарадан байқамай өтіп кеткен Қазақстан азаматын заңсыз атып өлтіргенін де білеміз. Оның кейінгі тағдырын білмеймін, мен мүмкін ақпаратты көзім шалмай қалған шығар, менің ойымша Қазақстан өзінің азаматының құқын сұрап, аяғына дейін істі қадағалауына алып, сол Өзбекстанның шекарашылары сотталды ма, қазақ отбасына компенсация алынды ма, ол туралы ақпаратты білмеймін. Бірақ, Қазақстанның осындай мәселелерге келгенде салғырттық танытатынына сенімдімін. Бұл болған жағдай.

Егер Ислам Әбішев бұның бәрін білген болса, неғып айтпады, неге елдің алдында көтермеді дейтін боларсыздар. Айта кетейін, 2019 жылдың желтоқсан айында менің қолқа салуыммен, Ислам Әбішев мақала жазды, «abai.kz» порталында «Ислам Әбішев: Су саласындағы қауіпсіздік өте маңызды» деген атпен жарияланған. Сол мақалада Қазақстандағы су қауіпсіздігі мәселесі, соның ішінде дәл осы Сырдария өзеніне байланысты трансшекаралық мәселелер де, трансшекаралық аймақтардағы қауіпсіздік мәселелері де сөз болды. Ол кезде «Шардара», «Көксарай» су қоймалары және Астанадағы «Астана» су қоймасына қатысты мәселелерді жазды. Онда сандық ақпараттар келтірілген. Мына сандарға назар аударыңыздар: «Сардоба» су қоймасының су жинау мүмкіндігі 900 миллион текше метр болатын болса, «Шардара» су қоймасының су жинау мүмкіндігі 5 миллиард 200 миллион текше метр. «Шардара» су қоймасы өте үлкен. Мақалада да жазылады, жаңа скайппен сөйлескенде де шырылдап тұрып айтып жатыр, «Абзал, сен үкіметке жеткіз» дейді, менің үкіметке жеткізетін мүмкіндігім жоқ. Сіздер арқылы, журналистер болатын болса, басқа да бір жаны ашитын азаматтар болатын болса, солар арқылы үкіметке жеткізуді мақсат етіп отырмын. «Сардоба» су қоймасы заңсыз, сапасыз, Өзбекстан жағының сапасыз салғаны өз алдына, «Шардара» су қоймасының техникалық жағдайы мәз емес, қауіп төніп тұр деп дабыл қағып жатыр Ислам Әбішев.

Енді мынаған назар аударыңыздар, Әбішев Су ресурстар комитетінде қызметте жүргенде бұл туралы талай техникалық-экономикалық негіздеме жасап, үкіметке ұсынған. Үкіметте қабылданбай, ақыры кабинеттердің бірінде жоғалды дейді. Сонда «Шардара» су қоймасының бұдан бұрынғы жасалған (белгілі бір мерзімде жасалатын жөндеу) жұмыстары кезінде жөндеу жұмыстарының сапасыз екендігі туралы мәселе көтерген. Ол хаттар қызметтік хаттарда бар екенін айтты. Су ресурстар комитетін басқарып отырған кезінде «Сардоба» су қоймасы жайлы бір емес, бірнеше мәрте Қауіпсіздік кеңесіне және Президент әкімшілігіне жазған хаттары өзіне қайтып келген. Су ресурстар комитетінің төрағасы ретінде Өзбекстан Республикасының үкіметіне ықпал ете алмаймын ғой дейді. Қазақстанның Үкіметі бар, Сыртқы Істер Министрлігі бар, Президент Әкімшілігі бар. Осылар айналысатын шаруа еді дейді.
«Шардара» су қоймасы кезінде Ислам Әбішев ұсынған техникалық-экономикалық негіздеме негізінде қайтадан күрделі жөндеуден өтпесе, ол өзінен 110 км төменде жатқан «Көксарай» су қоймасын қосып алып кетеді дейді. 3 миллиард текше метр су жиналатын ол да үлкен су қоймасы. Екеуін қосқан кезде шамамен 8 миллиард 200 миллион текше метр су болады. Енді қараңыздар, «Қызылағаш» су қоймасында бар-жоғы 30 миллион текше метр су жиналатын еді дейді. Осыдан он жыл бұрын «Қызылағаш» су қоймасында қараусыз қалғанның салдарынан бөгет бұзылып, су тасқынынан 45 адам қайтыс болды, бір ауылды екі сағаттың ішінде тып-типыл жоқ қылып жіберді. Ал «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су қоймасын қосқандағы судың көлемі «Қызылағаш» су қоймасынан 273 есеге дейін көп. Егер Ислам Әбішевтің айтуымен «Шардара» су қоймасы дұрысталмайтын болса, оның салдары 273 есеге дейін зор болмақ. Ол тығыз орналасқан оңтүстік аймақтармен қосып, Қызылорданың Аралына дейін су шайып кетеді деп түрмеде жатқанымен шырылдап, дабыл қағып жатыр.

Тағы да қайталап айтамын, осы видеожолдауым арқылы Ислам Әбішевті құтқаруға үндеу тастап отырған жоқпын. Ислам Әбішевтің аманатына қиянат жасамай айтып жатырмын. Адвокаттық қызметіме хайп болсын, жарнама болсын деп те отырғаным жоқ. Керек десеңіздер, Ислам Әбішевтің үкімі шыққан күні-ақ мәлімдеме жасағанмын: «Мұндай жағдайда әділетсіз сот шешімін шығара беретін жетілмеген сот жүйесі бар мемлекетте адвокат болудың өзі мүмкін емес» деп. Мен адвокаттық қызметті тоқтатайын деп жүрген азаматпын. Сондықтан бұл жерде Ислам Әбішевке де, маған да жарнаманың қажеті жоқ. Бірақ, осы елдің тумасымыз, осы жердің топырағынан жаралған перзентіміз, сондықтан да елге төніп тұрған қауіпті айтуды өзімізге міндет деп санадық. Бірінші кезекте Ислам Әбішевтің маман ретінде айтқан мәлімдемесі маңызды. 2019 жылдың қараша айында тергеу изоляторында да айтқан бұл сөзді. Біз ол жерде тек іс жайында сөйлеспейтінбіз, себебі істі айта-айта әбден жаттап алдық. Сол кезде «Сардобаны» да айтып еді. Қазақстанға үлкен мәселе болады, трансшкаралық аймақтарда мәселе көп деп айтып еді. Айтқаны айдай келіп отыр.
Әбішевтің тағы бір сәлемі – кеңес кезінде оқыған, жұмыс істеген су инженері мамандары өте аз қалды. Қанша дегенмен, кеңес кезіндегі білім терең, жан-жақты еді. Сол мамандарды, ғалымдарды мұндай іске жұмылдыру өте маңызды екенін айтып отыр.

Тағы қайталап айтамын, ол кісі қызметте отырған кезде үкіметке хат жазған, мәселе көтерген, алайда жауап алмаған. Енді маманның бұл дабылы да естілмей қалмаса екен деген тілек. Сондықтан, бір ғана өтінішім бар, Ислам Әбішевтің мен арқылы көтеріп отырған мәселесін ең жоғарғы деңгейге дейін жеткізсеңіздер екен. «Халық талап етсе, хан тағынан түсіп, түйесін сояды» дейді. Ең жоғарғы Президентке дейін жетсе екен тілек бар. Әйтпесе, кеш қалып қоюымыз әбден мүмкін...

Абзал Құспанның ютуб-арнасындағы видеоүндеуінен

Пікірлер