Үмітің өшпесін

2789
Adyrna.kz Telegram

Егер өзен тартылып қалса, кейбір балықтар тартылған судың орнындағы сазға батып, көміліп жан сақтайды. Қашан жауын жауады деп төзіммен күтеді. Ешкім бүгін-ертең жаңбыр жауады деп уәде бермейді. Кеуіп бара жатқан қараңғы саздың ішінде қалу қорқынышты әрі қауіпті. Бірақ сол балықтар тыпыр етпей, күш-қуатын сарқып алмайын деп, тапжылмастан күтеді. Жаңбыр жауғанша жаным аман қалса екен деп тілейді.
Адамдар да сондай. Олар да қараңғы түнекте төзіп өмір сүре береді. Тыпыр етіп, артық қимыл жасамауға тырысады. Дем алғанын сезірмей, көзге көрінбей, аз сөйлеп тірлік қылады. Тек керек кезінде бар екенін көрсетеді. Олар да күтумен ғұмыр өткізеді. Бірақ оларға да ешкім махаббат келеді деп уәде берген жоқ. Үмітсіз шайтан. Үміттену үшін де жан қуаты шығындалмақ. Бұл да артық. Тек тірі қалуды ойлаумен күн санап өмір өткізеді. Әйтпесе, дем жетпей немқұрайлылардың ортасында өліп кетпек...
Сөйтіп жыл артынан жылдар өтеді. Күш-қуаты кеми береді. Саз балшық кеуіп барады. Жасы барған сайын ұлғаяды. Сосын... Сосын тропикалық ақ нөсер құяды. Тоқтамай неше күн қасиетті ақ жауын жауады. Өзен арнасы толады. Желбезегіңді құлаштап ашып, жүзуге болады. Қайтадан өмір сүресің. Махаббат та дәл осылай. Күтпеген жерден кеп, құйындатып әкетеді. Өзінің ұйығына тартып алады.
Адам шұңқырдан шығып, ауамен тыныстайды. Қауқары қалмағанын сезеді. Бірақ өмірі махаббатпен толысады. Өзеннің арнасы толғандай, жүрек мейіріммен толысады. Адам серпіледі. Мен мұндайды талай рет өз көзіммен көрдім. Қайтадан кеуде кере тыныстайды. Қайтадан өмірге құлшынысы артып, күш-қайраты еселенеді. Ал жанында - сүйікті адамы.
Өмір сүру үшін бар керегі сол ғана - махаббат пен сүйіктің. Бір күні жауын бәрібір жауады. Тек күте біл. Үмітіңді үкіле. Үміт еткен абзал, біз қанша дегенмен балық емеспіз ғой. Бәлкім, олар да іштей үміттенетін шығар, үміті өшпеген соң тірі қалып жатқан болар...


А.В.Кирьянова
Аударған Шынар Әбілда

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер