Алаш азаматтарының ақталғанына биыл отыз екі жыл! Сәбит Мұқанов кінәлі болса, отыз екі жылдың ішінде «жеті қабат жер астындағы құпияны» алып шығар уақыт болды. Сәбеңді «ұрлық» үстінде ұстап алуға екі білегін сыбанып кім кіріспеді? Бірақ солардың бірде-біреуі «олжалы» қайтқан жоқ. Ондай олжа, ондай құжат қайдан табылсын, шын мәнінде Сәбит Мұқанов ешкімді сатпаса, «сені ұстатқан Сәбит» деп, ешкімді атпаса.
1957 жылы Сәкендер ақталғанда, халық арасына «Сәкенді ұстатқан – Сәбит» деген де сыбыр сөз шығарған. Ол – қасақана пенделікпен айтылған сөз еді. Бөтен емес, қолында қаламы: жазам десе жаза алатын, айтам десе бетіне басып айта алатын шығармашылықта «ауылы аралас, қойы қоралас» қаламгер. Бірақ Сәбеңе бетпе-бет айта да алмады, жаза да алмады. Себебі «жаптым жала, жақтым күйе» азаматтық арына сын еді. Оның үстіне Сәбеңнің тазалығын білетін Сәкеннің жары Гүлбарам тәтейден бастап, «әй» деп қағып тастайтындардың төрт көзі түгел болатын. Ал Алаш азаматтары ақталған тұста алдымен Сәкенге, сосын Сәбит Мұқановқа қайта соқтыға бастады. Қашанда архив ақтармай, тергеу ісінің протоколын өз көзімен көрмей, жан-жақты зерттемей пікір айтпайтын Тұрсекең-Тұрсынбек Кәкішев Сәкеннің де, Сәбит Мұқановтың да Алаш қайраткерлерінің алдында азаматтық арының тазалығын жан-жақты дәлелдеді.
Ал соңғы кездері желіге желімдей жабысқандар арасында бір зиянды әдет пайда болды. Ол – кітап оқымау, газет, журнал қарамау, жүйелі сөзге құлақ аспау. Бұның ғалым мен залымның ара- жігін ажырата алмайтын мәңгүрттікке соқтыратынын өмір өзі көрсетіп отыр. Осындай келеңсіз құбылысқа алаңдаған Елбасы: кітап оқығанның озатынын, темірге телміргеннің тозатынын ескертті. Аталы сөзге құлақ асқандар да бар, жүре тыңдағандар да бар. Соның нәтижесі ғаламтор желісіндегі желдей ескен жел сөздер. Орынсыз айтылған оңды-солды пікірлер. Ал Сәбит Мұқановтың атына айтылып жүрген қате пікірлердің белең алғаны сондай, жауапсыз жасамыс та, атақ қуған «ғалым» да, аузынан шыққан әр сөзі сатулы бизнесмен де, тіпті классик жазушы да ойланбастан Сәбеңнің шалғайына «жармасуда». Осылардың біреуінің қолында дәлелдейтін құжат болса кәні?!
Сәкен мен Сәбеңе қатысты мәселеде кім болса да Тұрсынбек Кәкішевтің қазылығына жүгінері хақ. Себебі Тұрсекең – КГБ архивіне түскен санаулы ғана ғалымның бірі. Сәкен мен Сәбеңді зерттегенде екеуінің де Алаш азаматтары алдында ар тазалығына көзі әбден жеткен. Сондықтан екеуінің де сөзін сөйледі. Даусы жететін жерге жар салып айтты, қаламы қолынан түскенше: «Сәкен, Сәбит – Алаш қайраткерлерінің сотына араласып, куәлік берген жандар емес. Сондықтан жазықсызды жазғырып, обалдарын көтермеңдер, даңғаза, даурықпа көсемсіген білгірлер, маңғазданған «марқасқалар!» деп жазып кетті.
Сондықтан Сәбит Мұқанов – еріккеннің ермегі де емес, кім көрінгеннің қолжаулығы да емес. Сәбеңе «мін» таққысы келген адам ең алдымен, ұлтқа әдеби, мәдени, ғылыми мұра жасап, Сәбит Мұқановпен терезесін теңестіріп алсын. Бұл – бір. Екіншіден, жала жаппастан бұрын «мен Сәбит Мұқановты айыптауға құқым бар ма? Дәлелім қайда?» деген сұрақты «шешендер» өзіне-өзі қоюы керек. Өкінішке қарай, Сәбит Мұқановқа келгенде орыстардың қарапайым субардинациясынан аттағанды былай қойғанда, мұсылмандық иманымыздың өзін ысыра салатынымыз күнә емес пе? Осындайда еңбегі еш, тұзы сор қайран Сәбең демеске амалың жоқ...
Соңғы кездері ғаламтор желісінде Самат Құдайбергеннің оқуында Ерболат Қуатбектің авторлығымен «Сәбит сатқын болып шықты», «Мағжанды атқызып тастады» деген дабыра шарлап жүр. Сәбит Мұқановтай қазақ әдебиеттану ғылымында өзінің адал еңбек, мол мұрасымен орныққан ұлы тұлғаның шалғайы тұрмақ, балағына жармасу үшін бұл жігіттерге құнсыз сөзбен емес, құнды құжаттармен қаруланған жөн болған болар еді... Мәтінді тістеніп оқығандағы салмағы «қорғасындай» ауыр көрінгенмен, бар болғаны бір ғана сұхбаттың әсерімен жазылған текстің дәлелі, балапанның «қауырсынындай» ғана. Желпілдетіп желіге жүктей салуының да себебі сонда болса керек. Оның айтуынша: «Өте білімді ғалымның біраз нәрсеге қойған нүктесін» жүрдім-бардым айта салмай, еліміздің бас басылымы – «Egemen Qazaqstan» газетінде неге жарияламаған? Не болмаса, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары туралы ой қозғаған екен, «Қазақ әдебиеті» газетіне неге жарияламасқа? Сүбелі жаңалықтармен оқырмандарын құлақтандыруға жоғарыда аталған мерзімді басылымдардың қай-қайсысы да құқылы ғой.
Автор өзіне «таңсық жаңалықты» жариялауда екі қателік жіберген. Біріншісі, оқырмандар арасында Сәбеңді бізден де жақсы білетін, тіпті жақсы көретін зерделі зиялылар, зерек замандастар, білімді бауырлар басым екенін ескермеген. Екінші, айдың-күннің аманында айналасының бәрінен жау іздеп жүретін ғалымға, санасында сәулесі бар адам сезіктене қарау керек емес пе? Ғылыми дәлелі өте әлсіз сұхбатқа «тамсанғаны» Ерболаттың да ғылымның ішкі, сыртқы заңдылықтарынан хабарсыздығын аңғартады. Соған қарағанда жоғары білімді Қазақстанның жетекші оқу орындарында алмаған-ау... Мәтінді оқыған Самат Құдайберген де, оны жазған Ерболат Қуатбек те қателікке, жай қателік емес тарихи қателікке ұрынған. Желідегі жел сөздің «Білген дұрыс» дегені дұрыс болар еді, егер айтқандары қате болмай, дұрыс болса.
Енді мәтіндегі Сәбит Мұқановқа қатысты айтылған тарихи фактілерге тоқталайық.
- Адамзат тарихында домалақ арыз деген бар. Болған. Болатын да шығар. Репрессия тұсында домалақ арыз жазғандардың қатарында Сәбит Мұқанов жоқ. Сенбесеңіз, іздеп көріңіз. Ал арыз жаздың ба, ол – домалақ арыз ба, жоқ басқа арыз ба, арыздың аты – арыз. Іс тіркелгеннен бастап арызданушы да жауапты. Тергеушілердің нәтижелі жұмысы ұсталушы мен сатқынның беттестірілуімен дәлелденеді. Бұл – бір. Екіншіден, арызданушының аты-жөні тергеу протоколында тайға таңба басқандай міндетті түрде жазылады, арызы нөмірленіп тігіледі, қолы қойылады. Сәбит Мұқанов репрессияға ұшырағандардың ешқайсысымен беттестірілмеген. Тіпті шақырылмаған. Тергеу протоколдарынан Сәбит Мұқановтың аты-жөнін «шам алып іздегендер» болған. Таппады. Жоқ.
- Сәбеңнің кезінде ЧОН отрядында болып, қара бөрік атанғаны рас. Оны өзгеден бұрын Сәбеңнің өзі айтқан, жазған. Сәбеңнің Көкшетауға барып ревкомды ұйымдастыруға қатысқаны болмаса, Сәбең суық қаруды адам тұрмақ аңға да кеземеген.
- Әрине Мағжан ақталмай жатып қолжазбасын Олжас Сүлейменов пен Мұрат Әуезов бастырып, жасырын таратыпты дегені естір құлаққа өте жағымды. Бірақ бұл өкінішке қарай олай емес. Ал шындығында Зылиха апайдың Мағжанның қолжазбаларын өз қолымен берген, сенген адамы Олжас Сүлейменов те емес, Мұрат Әуезов те емес. Ол – қазақтың сатирик-жазушысы Ғаббас Қабышев. Зылиха апайдың алғашқы жоспары – бір данасын Алматыдағы мемлекеттік архивке, екінші данасын сол кездегі Пушкин атындағы кітапханаға (бүгінгі Ұлттық кітапхананың сирек қорына – К.А.) тапсыру болғанмен, төрт данасын бастырып, түптетіп әкелген кезде апай бұрынғы жоспарын өзгертіпті. Бірінші данасы өзіне, екінші данасын Қабышевке, үшінші данасын Олжас Сүлейменовке, төртінші данасын Әнуар Әлімжановқа Ғаббас Қабышев өз қолымен апарып берген. Әнуар Әлімжанов әлі ақталмаған ақынның шығармалар жинағының өзіне тиесілі данасын: «мұрағаттан хабарың бар ғой» деп жазушы Амантай Сатаевқа беріпті.
Күләш АХМЕТОВА,
филология ғылымдарының докторы.
Egemen Qazaqstan