Осы жұрт Кәрібайды біле ме екен?

5620
Adyrna.kz Telegram

Азаттықтың ақ таңы  бізге  озбыр, қитұрқы  саясат, қиянаттың құрбаны  болған Алаш қайраткерлерінің  есімін ел есінде жаңғыртып, тарихтың ақтаңдақ беттерін айқара ашып берді. Ұлт арыстарының  құнды еңбектері   ұрпаққа елдіктің, ұлт боп ұйысудың, ғылым мен білімге ұмтылудың жарқын жолын көрсетіп, ұлы мұраттарға жетеледі. Сондай алаш арыстарымен пікірлес, ниеттес  болған жарқын тұлғаларымыздың бірі – артына мол мұра, рухани қазына  қалдырған,  біртуар  ақын  Кәрібай Таңатарұлы

     Біріншіден, Кәрібай ақын ұлттың жоғын жоқтаған, жұрт мүддесін ойлаған, ел тағдырын жырына арқау еткен Отаншыл тұлға.  Сол кездегі  бүкіл  қазақ даласын құрсаулаған отаршылдық, үстемдік жасау, ұлтты қыспаққа алу, езгіге салудың  көріністеріне Кәрібай ақын азаматшыл,  жалынды жырларымен қарсы тұрып, қалың  бұқараны  бірігуге  шақырды, бас көтеруге үндеді. Елдің ертеңіне алаңдаған сұңғыла ақын:  

«Қалмады малың түгіл баста билік,

Жалынсыз қып-қызыл от шоққа күйдік.

Малы тұр ғой басынан ерік кетіп,

Қамалды тар қапаста талай жүйрік»,- деп қазақ тұрмысының тарыла бастағанын жеткізіп, бодандықтың ноқтасын таққан қилы заман келбетін  суреттеді. Қыспаққа шыдамаған, қиянатқа төзбеген ақын:  

«Жылында он алтыншы шетке бардым,

 көрдім деп зорлық-қорлық көңілге алдым» деп басталатын  өз өлеңінде     нағашы жұртын паналағанын, соңынан  он жеті адам   барған соң,  өкпені ұмытып,  Қытайдан туып-өскен жеріне қайтқанын шалқыта жазады. Еліне  оралған ақын басқа ұлт зиялылары секілді Совет өкіметінен үлкен үміт күтеді. «Зорекер Николайдың тағы құлап, тұр екен қазір жақсы заманыңыз» деп  жырлаған ақын «Қылаңдап келе жатыр таң да атып» жаңа өкіметке тілектес үнін қосады. Ақын үміті ақталмайды. Ұлт трагедиясы басталады. Халық басына «нәубет» жылдар  орнайды. Жаппай коллективтендіру, ауқаттыларды, қожа-молдаларды  қудалаудың белең алғанын, бұқараның күйзелгенін  көрген ақын жүрегі қан жылайды. Отты жырымен ел еңсесін көтеріп, жығылған жанға  өлеңімен дем беруге тырысады. Еліміздің басына қара күн тудырған Голощекиншілдер   қазақтың  малын алып, өрісін тарылтып, бір-бірін аңдытып, ашаршылықты қолдан ұйымдастырды. Халық саны күрт азайды. Бас сауғалап, ашаршылықтың азабына шыдамаған жұрт қытай жаққа өте бастайды. Кетіп бара жатқан бейбіт елді аудандық ОГПУ баскесерлері аяусыз шаншып, оқтың астына алады. Халықтың мұңын жырлап, өлеңіне өзек еткен, үлкен жүректі қайраткер ақын да осы дүрбелең кезінде оққа ұшады. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Көшпенді шаруалар» қайдан шықты?» атты мақаласында: «Орталық мемлекеттік архивтің 44-қоры, 492-ісінде Қаратал ауданының тұрғындарын шекарадан көше өтіп бара жатқандарында атқан да жағдай болғандығы айтылады. Мұндай сұмдық некен-саяқ болса бір сәрі ғой. Оның бәрін өз көзімен көрген қарттар әлі де бар. Әйгілі Әсет Найманбаевпен айтысып, оны жеңген ақын Кәрібай Сасанов та және оның қасындағы қарусыз жандар да шекарада сотсыз, тергеусіз сол жылдары атылып кеткендігін бұл күнде жасырудың еш реті жоқ.»-  деп жазады. Бір ғажабы, ақын  аянышты тағдырын, жазықсыз күйін  «Түс» деген өлеңінде айна-қатесіз болжап кеткен екен. Қасиет қонған ақынның бақылдасуы болған осы жырында бахадүр бабалардың, ел ардақтыларының, ру басыларының аттары құрметпен аталады. (Осы өлеңнінің өзінен-ақ бүгінгі ұрпақ өз аталарының есімдерін танып-біліп, зерттей алады)  

.....Мың тоғыз жүз отыз бір болды бір сын,

Күйзеліс болды қатты халыққа тым.

Ерлерге ер таныған қатер төніп,

Ықтайтын керек болды қоянға жым....

.....Әкеліп бір шұңқырға қамап жығып,

Кеудеме бір-екеуі алды шығып.

Шамам жоқ қарсыласар демім құрып,

Өліппін жан тапсырып мен тұншығып.

Хат жаздым қалам алып ояна сап,

Болды деп бұл бір сұмдық уайымдап... -деп толғаған қайран ақын, асыра сілтеген зұлымдардың 1931 жылы құрбанына айналады.

           Екіншіден, Кәрібай Таңатарұлын арғы-бергі тарихты терең білетін, кең тынысты эпик ақын деп айтуға болады. Ақын шығармаларындағы кесек туындылар - тарихи дастандары соның дәлелі. «Мұрын мен Бәйжігіт», «Майқы би», «Қанжығалы Бөгембай» «Қаракерей  Қабанбай» дастандарындағы тың дерек, көркемдік шешім, кестелі тіл, образды теңеулер арқылы ақындық  қуатын айқындап тұр.  Кәрібай ақынның ерекше назар аудартатын туындысы – «Отырарым –Астанам » өлеңі. Ақын мұрасын зерттеуші,  фольклоршы-ғалым  Асқар Иген: «Оның Ақтамберді жырауша құлашын сермеп, асқақ арманға толғатқан кездері кісіні тіпті селт еткізеді» деген пікірін  айтады. Шынында да Кәрібай ақынның осы өлеңі  тұлпар мініп, ту алған асқақ рухты Доспанбет, Қазтуған секілді  жорық жырауларынан бастап, ерлікті, имандылықты, елдікті, береке-бірлікті жыр еткен Бұқар  толғауларымен, ақиқатты семсер  еткен дүр Махамбет, ұйқы беріп ,қайғы алған Дулат Бабатайұлының сары алтынның буындай буырқанған жырларымен үндеседі. «Жаратушы бір Алла, тілегімді  бере гөр» деп басталатын көркем өлеңі Алаш арманын жеткізеді. 

...Мәскеу, Мысыр, Бағдаттай

Сәулетті қалам болар ма?

Емінбейтін басқа елге,

Бақыт құсы қонар ма? деген  ақын тілегі орындалды. Қазағы азаттықтың  көк байрағын желбіретті, Арқа  төсіне сәулетті қала салды.   

Үшіншіден, Кәрібай ақынның ислам құндылықтарын бағалап, шариғатты жетік білгенін айта кетуіміз керек.  Шығармаларының денін бір Аллаға сыйынып бастайды. «Қазақтың ислам дінін қабылдауы, Махмұд дананың «қазақ» аталуы» деген толғауында шығыс ақындарына тән назирашылық дәстүрді ұстанады. Мысалы 

Артымда өзім өлсем, сөзім қалсын,

Жігіттер көзі ашық ғибрат алсын,

Машааллаху кәнә ләм яша ләм якун

Көзі ашық көкірегі ояу зиялы жан

Бұл сөздің мағынасына көзін салсын! деген жыр жолдарындағы   арабша сөздердің,   «Алланың қалағаны болады, қаламағаны болмайды» деп келтіргені Хақ дініне мойынсұнған, мұсылман сеніміне сай амал жасаған әрі араб тілін де жақсы білгенін аңғартады.  

              Төртінші, саңлақ ақын өз тұрғыластары секілді хакім Абайды ұстаз тұтқан. Ақын өлеңдерінің мазмұнына қарап отырып, қолында араб,парсы тілдеріндегі кітаптардың болғанын, өзі де кітап шығаруға талпынғанын байқауға болады.  Өз өлеңдеріне биік талап қояды. Абай үлгісімен білімге, адамдыққа шақырады.

 Баласы Таңатардың мен- Кәрібай.

Болыппын малға кедей, өлеңге бай.

Сөзімді біреу мақтар, біреу сөгер,

Жұртқа тегіс ұнауы екіталай – деп сын көзбен қарайды. 

«Артына сөз қалдырған өлмейді деп

Айтқанын ұғыңыздар ақын Абай» деп  көңіліне медет тұтып,  Абай сөзіне  жүгінеді. 

       Алашқа ортақ тұлға, дүлдүл   ақын  Кәрібай Таңатарұлының есімі ертеректе Әсет Найманбайұлымен айтысы арқылы ғана қалың көпшілікке белгілі болса, тәуелсіздіктен кейін ғана әр жерден жинақталған шығармалары насихатталып, әдеби ортада  таныла бастады. Жылдар бойы санасында ғана сақтап келген Тарбағатай жұртшылығы ақынмен рухани қауышып, асылын тапқандай, өшкен отын жаққандай  қуанды. Республикалық, облыстық, аудандық газеттерге дүркін-дүркін Кәрібай Таңатарұлы туралы мақалалар жарияланды. Өлкетанушы, шежіреші, ақтаңгер ақын Қалихан Алтынбаев, шежіреші, ардагер  Мәулітхан Сыдықов,  ағайыны Тортай Жағыпаров, ақын Серік Жұматовтар ақын өлеңдерін ұрпақ жадында жаңғыртып, насихатталуына үлес қосты. 1995 жылы  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіруші ретінде «Әсетпен айтысқан Кәрібай ақын шығармашылығы» тақырыбындағы дипломдық жұмыс, ұстазым, профессор Тұрсынбек Кәкішев жетекшілігімен жазылған болатын.       

             Кәрібай ақынның рухани мұрасы  әсіресе қытайдағы қандастарымыздың арасында жақсы сақталған. 2011 жылы Астанадағы «Ел-шежіре» баспасынан  профессор Құныпия Алпысбаевтың алғы сөзімен Кәрібай Таңатарұлының кітабы жарық көрді. Осы кітаптағы  барлық шығармаларды «Отырар кітапханасы» ғылыми зерттеу орталығына  тапсырған  жазушы, зерттеуші, ғалым, қытайдағы «Атамұра» сыйлығының иегер Асқар Игенұлы. Ақын шығармаларын ел ішінен жинап, саралап, талдап, толықтырып  2015 жылы «Үш қиян» баспасынан  шығарған   Асқар Игенұлының еңбегі ұшан-теңіз. Халық ішінде сақталған қазына, көнекөз қариялардың көкірегінде жатталған, сары қағазда хатталған Кәрібай мұрасын ыждахаттылықпен жинап, ұрпақ игілігіне беріп отырған Асқар Игенұлына мың алғыс! 

       Әрине, ақын мұраларын жинақтауда ұлы Құнапияның зеректігі, қағылездігі  үлкен олжа болғанын айтуымыз керек. Ұрпағынан  көшіріп алып насихаттаған, ақын мұраларын ел ішіне дәріптеген  шежіреші, фольклоршы  Бейсенғали  Садықанұлының есімін ерекше ілтипатпен атап өткен орынды. Б.Әбілқасымов, З.Сәнік, А. Жүнісов, Ә.Сәдуақасұлы, Ж.Шәкен, Ә.Дәулетхан т,б еңбектерінде есімі аталып қана өткен жыр жампозы - Кәрібай Таңатарұлының шығармалары әлі де зерделеніп, ақынның айтыскерлік қыры, Бәтимен айтысы, атасы Боқбасар би туралы толғауы,  Қабанбайдың ұрпағы Сүлеймен би туралы өлеңі, жер-су аттарын әспеттеген, төрелердің алдында қаймықпай шындықты айтқан жырлары бөлек-бөлек тақырып.  

        Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы Қарғыба ауылында дүниеге келіп, алаштың ортақ перзентіне, хас тұлпарына айналған Кәрібай Таңатарұлының еңбектерін ғылыми айналымға енгізіп, жаңаша пайымдауды қажет етеді. Ақынның туған жылы туралы пікір сан алуан. 2002 жылы жарық көрген «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» 4- томында 1861 жыл деп берілсе, енді бір деректерде 1873, 1866 деп қате көрсетіліп жүр. Ақынның туған жылы 1872 жыл екендігі  өз өлеңінде тайға таңба басқандай жазылып тұр. Олай болса, 2022 жылы  сан қырлы талант  иесі Кәрібай Таңатарұлының туғанына 150 жыл толады.

 Жақында Тарбағатай ауданының әкімі Серікқазы Құсайынұлы Кәрібай ақынның  ескерткішін орнатуды қолға алғанын естідік. Енді ақын  есімін ұлықтау, ұрпағы ұмытпау үшін туған жері Қарғыба  ауылындағы  Ю.Гагарин мектебіне Кәрібай Таңатарұлының есімі берілсе, 

 «...Жыр ағып, көкірегімнен өлең гулеп,

      Суындай тасып аққан Қарғыбаның.

      Ендігі бар арманым осы болды,

     Артыма қандай еңбек қалдырамын..,- деп толғанған, еркіндікті аңсаған ақын арманының орындалғаны сол болар еді!

 

Серік Әкірамұлы ҚАЛИЕВ,

 ақын, ҚР Мәдениет қайраткері

Пікірлер