Білім және ғылым министрі назарына!
Редакциямызға Қарағанды қаласының ЖОО оқытушылары хат жазып, білім саласындағы мәселелерге назар аударуын сұрады. Айтуларынша, басшылары еңбекақыларын қитұрқы әдіспен беретін көрінеді. Еңбек демалысында барлық әріптестері секілді демалғысы келеді.
Саламатсыз ба, құрметті Асхат Қанатұлы, біз осы шағым хат иелері Қарағанды қаласының жоғарғы оқу орындарында қызмет істейтін жас және орта буындағы оқытушылармыз. Біздің оқу үдерісін, еңбек демалысын ұйымдастыруға қатысты келіспейтін көптеген наразылықтарымыз бар. Солардың бірі жазғы еңбек демалысымыз немесе түлектерді қабылдау комиссиясының жұмысы.
Жазғы екі айлық еңбек дамалысымызда бізді түлектерді қабылдау комиссиясының жұмысына мәжбүрлі түрде жегеді. Ол жұмыс түлектерге бағыт-бағдар беруден құжаттарды қаттап тапсырып бітетін яғни, маусым айының басынан бастап қыркүйек айының соңына дейін шамамен 4 айға созылады. Жұмыс 8 сағаттан 6 күн, қажет болса жексенбі күні де жұмыс істеуге тура келеді.
Біз 1,25-1,5 ставкаға жұмыс жасаймыз. Бірақ оның 1 ставкадан басқа сағаттары қосымша сағат ретінде жеке өтінішпен беріледі. Оның астарында мынадай қулық жатыр. Бізге төленетін кез-келген сыйақылар, еңбек демалысы осы 1 ставканың өлшемімен ғана төленеді. Біздің еңбек демалысымыз колледждерден де төмен. Әрине, атақ дәрежесі бар ғалымдарда еңбекақы сәл жоғары болуы керек. Еңбекақымыз орташа есеппен 80-150 мың (рейтинг төлемдерін қосқанда). Сонда екі айлық еңбек демалысымыздың құны шамамен 200-250 мың теңгенің айналасы.
Қабылдау комиссиясының жұмысын жүргізу міндеттелген оқытушы мамырда 1 айға еңбек демалысына жіберіледі. Қалған 1 айын жаңа оқу жылының бірінші семестрінде береді. Бірақ, осы демалыс уақыттарында оқытушы күнделікті 8 сағат жұмыста болмаса да өзіне жүктелген оқу жүктемесі мен кафедраішілік жұмысты толық өзі атқаруға тиісті. Сонда оның несі еңбек демалысы.
Ал қабылдау комиссиясында жұмыс жасау кезінде тек қана таза оклад (шамамен 80 мың) төленеді. Күнде бітпейтін жиналысты былай қойғанда басшылық тарапынан келіп неге үгіт насихат жүргізбей жатырсыңдар, неге түлектер аз келіп жатыр деп зіркілдеп кетеді. Демалыста жатқан басқа да барлық оқытушыларға 5-6 түлек әкелуді міндеттеп қойғанымен қоймай, барлығын жаз бойы 2-3 күннен бірнеше рет кезегімен кезекшілікке шығаруды міндеттейді. Оған ешқандай ақы да төленбейді. Өз атыңнан түлектерді ертіп келіп түсірсең, тіркесең ол қосымша рейтингтік төлемге балл ретінде есептеледі. Сол үшін және де өз құқықтарын қорғау мүмкіндігінің жоқтығынан барлық оқытушылар жаз бойы әрбір түлектің артынан салпақтап университет айналасында жүруге мәжбүр болып келді жылдар бойы. Бұл мұғалім мәртебесін аяққа таптау, заңды елемеу деп білеміз.
Оқытушылардың сабақ беруден тыс көптеген кафедраішілік есеп беру жұмыстары мен кураторлық тәрбие жұмыстары бар. Соңғы жылдары әкімшілік басқару саласындағы көптеген қосымша қызметкерлер қысқартылып олардың оқу үдерісін ұйымдастыруға қатысты көлемді жұмыстары оқытушылардың мойынына жүктелген. Мысалы, бұрын әр кафедрада оқу жүктемелерін бөлетін жеке лаборант болған. Ол жұмысты соңғы 6 жыл шамасында кафедрадан бір оқытушы жасайды. Сағат бөлу деген қаржы мәселесі. Жұмысы өте көлемді. Тәрбие жұмыстары деген өз алдына үлкен жұмыс. Әр оқытушыға 1-2 топқа кураторлық жетекшілік жасау міндеттелген. Кез-келген уақытта топ студенттеріне қатысты мәліметтер талап етілген сан түрлі үлгідегі кестелерді толтыруға, жоспарлы тәрбие жұмыстары мен іс-шаралар өткізуге, студенттердің сабағын қадағалап, ата-аналармен байланыс жасап, ай сайын тәрбие жұмысының есептерін беріп отырасыз. Осындай қарбаласта кәсіби маман ұстаз ретінде шыңдалу, оқу-әдістемелік қорды жетілдіру, сапалы білім беру екінші кезекке ысыралады. Оған мүмкіндік те, уақыт та тым аз қалады. Мысалы, сіз сабақта отырсаңыз ватсапқа топ студенттері туралы мынадай мәлімет керек деген хабарлама келіп түседі және тура қазір дейді. Сабақты ысырып қойып соны жасайсыз. Уақытында жасап бермесеңіз жаманатты боласыз. Жалпы, тәрбие жұмыстарды педогогикалық білімі бар арнайы модераторлар тобынан жасақталған жеке бөлімге толықтай табысталып, кәсіби білім беретін оқытушылар тек қана мамандық бойынша сапалы білім беруге, сапалы оқулық жазып, алдыңғы қатырлы озық ұстаз болуға еңбек жасауы керек. Осы орайда еңбекақыны көтеру, ұстаздарды қаржылық тәуелділіктен азат ету мәселесі де өзекті екенін айта кету керек.
Қазіргі студенттердің білім алуға құштарлығы тым төмен, оған білім сапасының төмендігі де, олардың қаржылық қиындықтарға байланысты (95% ақылы оқиды) оқумен бірге жұмыс жасайтындары да себеп болуы керек. Осындай тартысты жағдайда жұмыс жасап жүйкеден жұтап жүрген оқытушылардың жазғы еңбек демалысына қол салу дұрыс емес деп санаймыз.
БІЗ ЖАЗДЫҢ ЕКІ АЙЫНДА БАРЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІМІЗБЕН БІРГЕ ДЕМАЛЫП, ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫН ТЫҢ КҮШПЕН СЕРПІНДІ ТҮРДЕ БАСТАҒАНДЫ ЖӨН САНАЙМЫЗ.
Сондықтан, жазғы қабылдау комиссиясының жұмысына лаборанттарды жұмылдыруды сұраймыз. Себебі, олардың еңбек демалысы бір ай. Әр кафедрада кемінде екі лаборант бар. Жазда солардың біреуі міндетті түрде кафедрада жұмыста болады. Оның үстіне 1 курстың еңбек тәжірибесінен өтіп жатқан студенттері осы қабылдау комиссиясының жұмысына тартылады. Соларды үйлестіріп екі лаборант кезектесіп атқарса да орындалатын жұмыс негізі. Екіншіден, қабылдау комиссиясының жұмысын аттандап, қиындатпай жеңілдетуді сұраймыз. Басшылық осы жұмысқа оқытушыларды тарту себебін олардың мамандық бойынша түлектерге жеткілікті ақпарат бере алуымен түсіндіреді. Алайда, қазіргі цифрландырудың дамып, ақпараттық кеңістіктің кеңейген уақытында университеттің барлық мамандықтары бойынша әртүрлі жазба, видео материалдар әзірлеп бір ортақ база құрып, түлектердің ары-бері сандалмай сол жерден толық ақпарат алуына, осылайша қабылдау комиссиясының жұмысын жеңілдетуге, тіпті тиімділігін арттыруға болады. Мысалы, осы базада Республика бойынша барлық оқу орындарының оқу корпустары мен жатақханалары, зертханалық базалары, оқыту үдерісі, оқытушылар құрамы және олардың жетістіктері, жалпы деңгейі, мүмкіндігі шынайы көрсетілген ақпараттар сайт түріндегі бір ортақ базада болса әр түлек алдын ала өз қалауына сәйкес келетін оқу орнын таңдауға мүмкіндік алар еді. Ал қазіргі жүйеде құжаттар бір жақсы корпустың ең жақсы кабинетінде қабылданады. Кейін студент болғанда мүлде тозығы жеткен басқа корпуста, сапасыз білім беретін оқу орнында оқуға мәжбүр болып қалады. Содан түлектердің көңілтолмаушылығы, немқұрайлылығы байқала бастайды. Қайта таңдау қиын.
Міне, осылай екі тараптың да жұмысын жеңілдетуді, оқу үдерісін ұйымдастыру тиімділігін арттыруды ұсынамыз.
Құрметті, министр мырза, өзінің заңды құқықтары қорғалған еркін түрде қарыштап дамуға мүмкіндігі бар ұстаздар ғана ел іргесіне еге болар білімді мамандарды оқытып шығаруға қауқарлы болмақ. Білім саласында мәселе тым көп. Әзірге бізді мәжбүрлі еңбек демалысына жіберетін мамыр айының біріне дейін осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймыз. Бұл шешілетін мәселе әрі қос тарапқа да тиімді ұсыныс.
Аталған кемшіліктер барлық оқу орнында бірдей болмауы да мүмкін. Бірақ бізде бар. Шынайы зерттеу жүргізіп, мұғалім мәртебесін қорғауыңызды сұраймыз. Өзекті мәселе.
Таяу күндері осы мәселеге қатысты сіздің ресми мәлімдемеңізді естиміз деп сенеміз. Мәселе мен бірге шешім де айтылды. Сізден жақсы хабар күтеміз!
Қарағанды қаласының ЖОО оқытушылары,
«Адырна» ұлттық порталы