Душанбеде лицей мұғалімінің қазасынан соң оқушыларды үйге қайтарды

2463
Adyrna.kz Telegram

Тәжікстан астанасындағы N 1 лицейде денешынықтыру мұғалімі Хуршед Каримов өкпе ауруынан қайтыс болып, білім мекемесіндегі оқушыларды үйге қайтарған. Бұл туралы "Адырна"Central Аsian-ға сілтеме жасап хабарлайды. 

Лицейде 400-ден астам оқушы бар. Ата-аналардың айтуынша, лицей уақытша жабылды, оның қашан ашылатыны әзірге белгісіз.

"Денешынықтыру мұғалімі Хуршед Каримов өкпе ауруынан қайтыс болғанын, сол себепті сабақ болмайтынын лицей басшылығы айтты. Барлығы үйге қайтты. Балалар қорқып отыр, өйткені олар коронавирус ауруы тарап жатқанын біледі" деді лицей оқушысының бірі.

Хуршед Каримов екі апта бұрын пневмания белгілерімен ауруханаға түскен, дейді лицейдегі бір мұғалім. Оның айтуынша, сабақ тоқтап тұрғанымен, мұғалімдер жұмысқа шығып жүр.

Душанбе қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, алаңдауға негіз жоқ - лицейде ешкім коронавирус жұқтырмаған.

Марқұмның туыстарының бірінің айтуынша, Хуршед Каримовтің денесін туыстарына бермеді, ал мүрде оралған матадан хлор иісі шығып тұрған. "Хуршедтің денсаулығы екі күн ішінде ушығып кетті. Ол туыстарды жинап, барлығымен қоштасқан" дейді марқұмның туысы.

Тәжікстан билігі елде коронавирус ауруы тіркелген жоқ деуден танбай отыр. Дегенмен соңғы күндері пневмония мен туберкулезден бірнеше адамның қайтыс болуы елде коронавирус таралып жатыр деген сыбысты күшейтті.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер