Әділет Ахметұлы. Адамзатқа хат

4757
Adyrna.kz Telegram

Тұмшаланған дүние-ай, тұмшаланған,
Қорқыныш төңіректі құрсап алған.
Адамзатақа айтады осы күндер,
Өмірдің екендігін мұнша жалған.

Ұлы үрей шарлап алған аспан астын,
Сұмдығы шығар мүмкін бақталастың?!
Жасына ие болмай алты Құрлық,
Басына ауыр қайғы батты Алаштың.

Дала қашан айығар бұл тұманнан,
Шар ғаламның бұл тұман шырқын алған.
Баяғыда обадан ел қырылып,
Өрт кеткендей құлазып жұрты қалған.

Ол заман қайғыменен ақырласқан,
Асау өзен тартылып, тасып жатқан.
Түтіні өшті дейді кей қауымның,
Ордасының түңлігі ашылмастан.

Ол күннің қылсын Құдай бетін ары,
Айтылмасын зар заман, жетім әні.
Тәңір бірде қайғымен сынайды да,
Батпан-батпан бақ сыйлап отырады.

Жер шары – жалғыз ОТАН адамзатқа,
Ұлы пана жоқ бізге одан басқа.
Адам ата баласы "біз біргеміз",
Ізетпен үндеуімді жазам хатқа!

Аспан ортақ, күн біреу, ай да жалғыз,
Сағынтты мұң-мұқтажсыз жайнаған жүз.
"Ақ, қара, сары" болып бөлінбестен,
Күллі адам бір арқауға байланармыз!

 

Пікірлер