Серік Елікбай: Шайтан мен шайыр

5380
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2020/04/poet.jpeg
(Сағыл әңгіме) Ол өте талантты еді... Өмірді сүйіп жыр жазды! Жастай жетім қалған бозбала ренжіп, бүгіліп, өкініп көрген емес! Жарқырап жанған көздері-жаратқанға жасаурамай қарайтын. Ән салып жүретін. Жыр жазып жүретін. Әлдекімге көмектесіп бара жатады... Әлдекімге көмектесіп келе жатады... Сол түні, бір топ ақын жігіттер дуылдап бас қосты! Бұны ортаға алған. Ішсеңші, - деген. Бұл; іше алмаймын, - деп еді. Туысы көп, жазушылар одағында "мықты" ағасы бар көркөкірек жігіт-қасына бір қызды ертіп келіпті... Есірік неме; қасында нәзік жан бар деген сезімнен ада-қысылусыз, қамсыз ауызбен боқтықты езіп құсады... Үркек серігі, бота көз бала-ұялып алаулайды... Түн ауа қыз "қайтамын" деді. -Кете бер, - деген сенгені... -Дұрыс емес ғой, -деді бұл... -Емешегің езіліп тұрса, бар шығарып сал... Бойы шағын бойжеткен бұған басында тосаң қарағанымен, шешіле келе әңгімелесіп кетті... -Сіз, неге Алматыға кетіп қалмайсыз... -Маған осы қала ұнайды. -Алматыда жыр сүйер қауым бар ғой... -Алматы да осы...мен кімге керекпін? -"Қара түнде мына өмірмен қоштастым"... делінер өлеңіңіз керемет! -Рахмет! -Сізді, сізді бәрі жаман адам дейді... -Иә, жаман дейтінін білемін... Найзағай шатырлап жарқылдады. Бөтен қыз жабысып қысылды - кеудесіне. -Кіріңіз, құрбы қыздармен ғана тұрамын. Шай ішіңіз... -Рахмет! Сағат екі болыпты, пәтерге қала ортасындағы орыс зираты ішімен тартты... Үзеңгісі суық үрей-аяғын шідерлей береді. Найзағай аспанды жырта жарылды... Өн бойы жарқ етіп күйе ысыды. Есін жиса, қарсы алдында қап-қара түнерген әлдекім отыр... -Кімсің... Бұл түк айта алмады. -Сендер мені құртқан...деді Ол. Жылады. -Сөйле! Не айтпақ? -Өлең оқып берейін! -Оқы! ...Өлең оқып өлем мен.. Өлерімнің алдында! Ақ қағазға жазып кетем Арызымды тағдырға... Жалғыз молам басында, Қазақ тілі тұрады! Сонда болар Әңкүр-мүңкір сұрағы... -Тоқта, көңілді бірдемеңді оқышы! -Бәрі өтеді! Шыңғысханның қаһарындай таусылып.. Ар өтеді... Арсыз күнін қаусырып... Қазақ ғана қалады! Аққан жасын іркіп-ап. Кеудесінен жусан исі бұрқырап! Шырқау көкте атқан оғы шырқырап... -Ақынбысың? -Білмеймін... -Батырмысың? -Жоқ! -Ал, сіз кімсіз... -Мен адамзат адасса - алып шығамын деп келіп ем! Мен адамзат қарайса-ағартамын деп едім...Мен адамның ақ туы болсам деп ем,айдынындағы аққуы болсам деп ем... Жоқ, олар менен асты! Арсыздықтан да, алдаудан да... ...Бұл жұбатпаққа қол созған-саусақтары отқа тигендей тыз етті... -Өлең оқышы! -...Өлең оқы, қас үйінде дос үшін!... Ұзақ өлеңдерін оқыды, сағаттар тоқтап қалған секілді! Қаралы жанды бауырына тартты... Күйіп барады! Жанып барады! Шыдау керек - ол үшін... Жұрт үшін... Таң атты. ...Қала зираты ортасында жас шайырдың мәйіті жатты. Қасындағы перизат жүзді періште оған қарап, өксіп жылауда екен! Найзағай түскен денесі-қара қошқылданып кетіпті... Ақынды көмген күні жаңбыр ұзақ жауды... Достары; сол күні мас болып кеткенін айтты тергеушіге... Полиция ғимараты үстінде аппақ періште отырды, оң бетіне қара дақ түсіп қапты...  
Комментарии