«Студент қызыма хат»

28316
Adyrna.kz Telegram

Қызығы мен қиындығы өшпестей жадыңда сақталар қимас кезеңнің бірі – студенттік шақ. Мектепті қимай жүргенде жоғары оқу орынын аяқтап,үлкен өмірге де  қадам бастық. Уақыттың өз дегенін жасайтындығына тағы да көз жеткендей. Өткен күннің естелігі жетерлік. Биылғы жас түлектерге сәттілік тілей отырып, Анамның айтқан өмірлік құнды дүниесін ұсынғым келеді. Әсіресе қыздар үшін маңызды. Ата-ананың жанынан алысқа ұзамаған, өмірдің қаталдығын көрмеген жасөспірім едік. Грант иегері атанып, ҚазҰУ-дың студенті болған кез. Туыс түгілі таныс жоқ, бұрын келіп көрмеген үлкен қаланың осыншалықты ыстық болып кетерін ол кезде білді дейсіз бе?! Ауылдан Алматыға жолға шығатын түні заттарымды жинастырып жатқанмын. Анам жаныма келіп, бір газетті қолыма ұстатты. «Қызым, мынаны мұқият оқып шық. Ақылың болса, өзің арғы жағын сараларсың. Мұндағы әр сөзге мән бер, мен айтып жатқандай сезін. Егер сені біз тәрбиелегеніміз рас болса, өзің түсінерсің», - деп тұрып кетті. Барлығын реттеп болып, бір беттік газетті оқып шықтым. Сенсеңіздер, түнімен жылап шықтым. Іштей олардың атына ешқашан кір келтірмеуге ант еттім. Мен секілді студент атанған қызына жазған Ананың хатын газетке жариялаған екен. Анам соны оқып, мен үшін сақтап жүріпті. Сол хаттың мәтінін сіздерге де ұсынғым келеді. Тым көп болғандықтан кей жерлерін қысқарттым. Ерінбестен оқып шықсаңыздар екен. Бір қажетіңізге жарап қалар.

«СТУДЕНТ ҚЫЗЫМА ХАТ»

«ҚАЛАҒА ҚЫЗЫҚ ҮШІН ЕМЕС, ОҚУ ҮШІН БАРҒАНЫҢДЫ ҰМЫТПА...»

ҚЫЗЫМ, мектеп бітіріп, студенттік өмірге қадам бастың. Қызығы мен қиындығы алмасып келіп отыратын студенттік шақ сен ойлағандай оңай емес. Сен студенттік өмірдің қызығын қызықтап, қиын сәттерін жеңе білуің керек. Жасың небәрі 18-де. Үлбіреп, пісіп тұрған жемісті жұлуға әркім-ақ құмар. Ал кейбіреулер оны бір «тістеп», жәй дәмін көруге ғана қызығады. Аңғал, албырт сені сондай  қара ниеттілер қармағына түсіріп жүрмесін. Әрине, мен айтқанда «жоқ, мұндай жігіттерге алданбаймын» деп ойлауың да мүмкін. Бірақ мұндай қулардың қақпанына қалай топ етіп түскеніңді өзің де білмей қаласың.  Өйткені, қыздың ең әлсіз жері –  оның құлағы. Ешкімнің жылы, тәтті сөздеріне сенуші болма. «Адам аласы ішінде» екенін ұмытпа.

Бұл менің мүлде жігітпен достаспа, олардан аулақ жүр дегенім емес. Бүгінгі қызықты емес, ертеңіңді ойла дегенім. Қандай жағдайда да арыңа дақ түсірмеуді, абыройыңды төмендетпеуіңді ойла. Осы жерде бір шалыс басқан қадамыңның өмір бойы сүріндіре беретінін ұмытпа. Өзіңнен үлкен үміт күтіп отырған Әке-Шешеңді ойла.

Оқуыңа, студенттік өмірге үйренісіп алғаныңша, тек сабағыңды ойлағаның дұрыс. Оқуыңнан шығып қалма және қиын екен деп тастап кетпе. Жаман әдеттер алдыңнан шықса, ең алдымен сен ол қалада не үшін жүргеніңді, басты мақсатың не екенін есіңе ал. Сен әке-шешеңнен жырақта оқу үшін, ертеңгі күні ешкімге алақан жаймас үшін, бір мамандық иесі болу үшін жүрсің.

ІШІМДІКТЕН АУЛАҚ БОЛ!

Бұл ері мен әйелі жарысып ішетін заман болды. Әрине, бір-біріне саулық тілеп ішкенімен, соңы өшпенділікпен аяқталып жатады. Ал мұның соңына түскен қыз баланың тағдыры не болмақ? Ішімдікке тойып алған қыз қолындағы заты тұрмақ, өзінің қайда қалғанын білмей қалады. Өз болашағына өзі балта шабады. Отырыс, туған күн, той болса да қолыңа стакан ұстама.

ТЕМЕКІГЕ ЖОЛАМА!

Сен – болашақ ана, ұлттың анасы екеніңді ұмытпа. Бүкіл жас, сау ағзаңды көк түтінге тұншықтырма, улама. Көбіне жаманға да, жақсыға да үйретер жаныңдағы бірге жүретін достарың. Дос таңдауда абай бол, қызым. Бетіңе күле қарап, басыңа қиындық түскен сәтте тастап кетер екіжүзді достан сақ бол. Жеке басыңның ісін менімен бөліскенің дұрыс.

ЕШКІММЕН ҰРЫСПА...

Қазір көп студенттер пәтер жалдап тұрады. Жаныңдағы бірге тұратын құрбыларыңмен тату бол. Сыйлы боламын десең, ешкіммен ұрыспа. Жау іздеме, дос ізде. Жау өзі келеді, дос табылмайды. Жатақхана да, сен тұрып жатқан пәтер де – бір үйің. Сондықтан таза ұстай біл.

ҮЙРЕНУДЕН ЖАЛЫҚПА...

Қызғалдағым, күні бойы кітаптан бас алмай отыра бергенің жарамас. Өзіңнің бойжеткен қыз екеніңді, ертең бір үйге келін болатыныңды ұмытпа. Білмегеніңді үйрен. Өйткені, келіннің дәрежесі тек дипломмен өлшенбейді. Адам аз ғана алтын алуы үшін таудай жерді қопаратыны сияқты, жақсы маман, көрікті қыз, келісті келіншек, ешкім орынын баса алмайтын сүйікті жар, ақылды ана боламын десең, білмегеніңді үйренуден жалықпауың керек.

ЖАР ТАҢДАУДА ШАТАСПА.....

Қазір қызмет қуып, оң жақта отырып қалған қыздар көп. Бір-біріңмен араласып, ой өрісі, талабы мен талғамы, мінез -құлқын, білімі мен мәдениеттілігін, жаман-жақсы әдеттерін біліп тану үшін біршама уақыт керек. Көркі сұлу деп қызықпа, адами қасиеті мол болсын. Өмірлік шешім қабылдарда анаңмен, жеңгеңмен бүкпесіз ақылдасып, кеңесуді ұмытпа. Үлкен өмірге бірге аттануға сапарлас серігіңді дұрыс таңдай білсең, жаңылмайсың, жолдан адаспайсың.

КӨП ҰЗАМАЙ БОСАҒА АТТАРСЫҢ....

Қыз жат жұрттық емес пе, көп ұзамай сен де теңіңді тауып, басқа шаңырақтан өз орныңды табасың. Сенің барған жеріңе тастай батып, судай сіңіп, бақытты болғаның — біздің бақытымыз.

Келін болып, ақ босағаңды аттағаннан кейін еркелігіңе салынып, ата-енеңе қарсы шығып жүрме. Жолдасыңды сыйлап, бағалай біл. «Көргенсіздің қызы» деген ауыр сөзді естіртпе.

Үйдегі аздаған ыдыс сылдырына бола қабағыңды шытпа. Ерте тұрып, иіліп сәлеміңді салып, шәйіңді күліп берсең, сенен жақсы келін болмайды. Кішіпейіл, кешірімді бол.

Мына бір ғибратты сөздер мәңгі жадыңда жүрсін. Бұл насихатты ұзатылып бара жатқан қызына анасы айтқан екен. Осыны сен де жадыңда ұста:

  1. Қанағат егесі бол. Бақытты өмір кешірудің өзі, өз халіне шүкір қылумен келеді. Өз халіне шүкір етпеген, өз нәпсісін тыймаған кісіде көңіл рахаты болмайды.
  2. Күйеуіңе әрдайым мойынұсын. Яғни, күйеуіңнің сөздерін әдеппен тыңда.
  3. Оның көзі түсетін жерлерге жақсылап көңіл бөл. Және үйіңнің іші-сыртын неғұрлым таза ұста.
  4. Үсті-басыңды таза ұста.
  5. Тағамды уақытылы дайында. Яғни, тамақтанатын уақытын ешқашан кешіктірме. Күйеуің келісімен дереу дастархан жай, себебі, аш адамның ашуы тез келеді.
  6. Ұйықтайтын және оянатын уақытына мұқият бол.
  7. Қожайыныңның мал-дүниесі – сенің мал-мүлкің. Оны ысырап етпей, қадіріне жете біл.
  8. Туған-туыстарына, жақындарына құрмет көрсет. Оларды құрметтегенің, күйеуіңді құрметтегенмен бірдей.
  9. Күйеуіңнің сырын ешкімге айтпа. Ата-анаңа, туыстарыңа да айтпа. Жарыңның кейбір мінездерін теріс түсініп қалуы мүмкін.
  10. Күйеуіңнің дінге қарсы келмейтін барлық бұйрықтарын орында. Ешқашан оған теріс қылық көрсетпе.

Міне, әрбір ана бойжеткен қызына осындай тәлім-тәрбие болар сөздерді айтып отырса, қыз инабатты, келін ибалы болары анық.

 

Жансая Сман,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер