Айлық есептік көрсеткіштің өсуі әлеуметтік төлем мөлшерін өзгерте ме?

2878
Adyrna.kz Telegram

Айлық есептік көрсеткіштің өзгергеніне қарамастан бірыңғай жиынтық төлемінің мөлшері сол күйінде қалады.  Яғни, қалаларда 2651 теңге болса, елді мекендердегі мөлшері  1325 теңгеге тең.    Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

"Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 42 500 теңге алу үшін өтініш бермей тұрып, бірыңғай жиынтық төлемін төлеуі тиіс. БЖТ мөлшері қала үшін 1 АЕК-ке, ал ауылдарда 0,5 АЕК-ке тең. Яғни, тиісінше 2 651 теңге және 1 325 теңге", - деп мәлімдеді министрлік өкілі.

Қаржы министрлігі кейбір банктің қосымшасындағы  сәуір айындағы  айлық есептік көрсеткіштің 2 651 теңгеден 2 748 теңгеге дейін өсуіне байланысты түсініктеме беріп, бұл қате екенін айтты.

"БЖТ мөлшері өзгермейді. Өйткені Салық кодексінің 775-бабына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемін есептеу және төлеу тәртібі тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы айлық есептік көрсеткіштің мөлшерін есепке алып белгіленеді", - деді ведомство.

БЖТ деген не? (біріңғай жиынтық төлем)

БЖТ құрамына төрт бірдей төлем кіреді:

  1. Жеке табыс салығы
  2. Міндетті зейнетақы жарнасы
  3. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна
  4. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар

БЖТ төлеген азамат төмендегі мүмкіндіктерге ие болады:

1) Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу, базалық зейнетақы алуға

2) Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға

3) Әлеуметтік төлемдер алуға

42 500 теңгені кімдер ала алады?

Төтенше жағдайға байланысты кірісінен айырылған азаматтар ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы алады. Бұл санатқа өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтар да кіреді.

Әлеуметтік төлем бір рет тағайындалады, бірақ төтенше жағдай аяқталғанға дейін төленеді. Бұл санатқа кіретіндер: 

  • шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалысқа шыққан қызметкерлері;
  • карантин жарияланған елді мекендердегі ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалысқа шыққан қызметкерлері;
  • мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы жұмысшылары;
  • жеке кәсіпкерлер;
  • жеке тәжірибемен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
  • бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер;
  • азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс табатын, міндетті зейнетақы жарналары аударылған адамдар.

Әлеуметтік төлемге өтінішті eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер