Тараз қаласы 7 сәуірден бастап карантин режиміне көшеді

3364
Adyrna.kz Telegram

Тараз қаласы 7 сәуірден бастап карантин режиміне көшеді, - деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталының тілшісі.

Карантин режиміне байланысты қала әкімдігі шұғыл дайындық шараларын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, қалаға кіретін 7 пост бекетінің әрқайсысына 2 палаткадан жеткізіліп, ондағы қызметкерлер азық-түлікпен, жатын орынмен қамтамасыз етілді. Аталған  7 пост камера арқылы қала әкімшілігінде бақылауда болады.

Карантин режиміне қатысты Тараз қаласының әкімі Айтқазы Дәулетқұлұлы Жамбыл облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлімдеме жасады.

Құрметті қала тұрғындары!

Тараз қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен 7 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап қала аумағында карантин режимі енгізіледі. Осыған байланысты қалалық әкімдіктің жанынан жедел штаб құрылды. Штаб құрамына қаланың барлық бөлімдері, полиция, СЭС  мамандары енгізілген. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді және арнайы жедел телефон іске қосылған – 43-15-16, 45-59-85
Карантин жарияланғаннан кейін барлық автокөлік құралдарының және азаматтардың қала аумағына кіруіне және шығуына тыйым салынады. Азық-түлік тауарларын, медициналық бұйымдар мен препараттарын, бірінші кезекте қажетті тауарларды тасымалдайтын, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізетін автокөлік құралдарының жүруіне арнайы рұқсат қағазымен ғана рұқсат беріледі. Рұқсат қағаздарын жергілікті әкімдіктен ала аласыздар.
Қоғамдық көліктер сағат 7-00-ден 20-00-ге дейін жұмыс істейтін болады.
Осыған байланысты адамдардың және жеке көліктің Тараз қаласының аумағында еркін жүріп-тұруына тыйым салынады:
- жұмыс орнынан анықтама болған жағдайда тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері жүріп-тұру;
- азық-түлік тауарларын, дәрілік препараттарды және медициналық бұйымдарды сатып алу;
- медициналық көмекке жүгіну;
- мемлекеттік және әлеуметтік көмек алу мақсатында мемлекеттік мекемелерге бару;
- күтпеген төтенше жағдай және адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басқа да жағдайлар кезінде.
Бұл ретте, отбасы мүшелерін қоспағанда, адамдардың 3 адамнан артық топтасуына, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ересектердің еріп жүруінсіз жүріп-тұруына тыйым салынады.
Жеке тұлғалар, автокөлік жүргізушілері жеке қорғану құралдарын пайдалануға міндетті.
Азық-түлік супермаркеттері, азық-түлік дүкендері, дәріханалар, ветеринариялық дәріханалар, ауыл шаруашылығы техникасына арналған автобөлшектер, ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жем-шөптерді өткізуге рұқсат беріледі.
Мейрамханаларға, дәмханаларға, барларға, асханаларға және басқа да қоғамдық тамақтану нысандарына "тұтынушыларға жеткізіп беру" режимі бойынша сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

Ал, ірі сауда үйлері, ойын-сауық орталықтарының, базарлардың, барлық азық-түлік емес тауарлар сауда нысандарының, автосалондардың, автоқосалқы бөлшектер сату салондарының, гүл павильондарының қызметі тоқтатылады.
Халықтың жаппай жиналатын орындарына, оның ішінде саябақтарға, скверлерге, жағалауларға, алаңдарға, балалардың ойын алаңдарына және қала тұрғындарының өзге де демалыс орындарына баруына тыйым салынады.
Барлық қызмет түрлерін көрсету орындары, банк бөлімшелері және ломбардтар, "Қазпочта" АҚ бөлімшелері, қонақ үйлер, сондай-ақ дөңгелек монтаждауға арналған жеке тұрған бокстар жұмыс істейді.
Қала тұрғындарын карантин кезінде барлық сақтық шараларын ұстанып, үйлеріңізде қалуға шақырамын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер