"Асыл Арман" тұрғын үй кешенінің 20 мыңнан астам адамы қамауда қалды

3427
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты  20 мыңнан астам халық тұратын"Асыл Арман" тұрғын үй кешені толықтай карантинге жабылды, деп хабарлайды "Адырна" порталының тілшісі. "Асыл Арман" тұрғын үй кешені  Алматы қаласының дәл іргесінде орналасқан.

Қазір тұрғын үй кешенінің аумағы қоршауға алынған. Әскери қызметшілер кезекке қойылып, тәртіпті қадағалауда.

Тұрғындардың айтуынша,  20 мыңға жуық адам тұрғын үй жағдайында отыр. Басқарушы компания WhatsApp желісімен "Асыл Арман" автокөліктер мен жаяу жүргіншілер үшін толығымен жабылады деген ескерту ақпаратын таратқан.

Хабарламада:  "Құрметті қала тұрғындары! Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу және қауіпсіздікті сақтау мақсатында уәкілетті органдар "Асыл Арманды" карантинді жабу туралы шешім қабылдады. Халықты азық-түлікпен, бірінші кезекте қажетті тауарлармен және медициналық қызметтермен қамтамасыз ету бойынша шаралар әзірленуде.

Жалпы пайдаланылатын орындарды алдын алу және дезинфекциялау жөніндегі шаралар күшейтілетін болады. "Асыл Арманда" тіршілікті қамтамасыз ету нысандары үздіксіз жұмыс істейтін болады.

Сіздерден  сабырлық  танытуыңызды сұраймыз. Жұмыс берушілерге карантинде екеніңізді ескертіңіз. Негізгі шаралар ертең нақтыланатын болады. Өзіңізді қорғаңыз, үйіңізде болыңыз", - делінген.

 

"Асыл Арман" тұрғын үй кешенінде 5 мыңнан астам пәтер бар. Халқының 90 пайызынан астамы Алматы қаласында жұмыс істейді.

Айта кетейік, 28 наурызда карантин бір подъезге ғана  енгізілген.

Қазіргі мәлімет бойынша,  "Асыл Арман" тұрғын үй кешенінде коронавирус инфекциясын  жұқтырудың екі фактісі тіркелді. Бұл жолы COVID-19 61 жастағы тұрғыннан анықталды. Алғашқы жұқтырушы 1995 жылы туылған жүкті келіншектен анықталған еді. Келіншек Қарасай аудандық ауруханасына жіберілген.

Пікірлер