Амангелді Кеңшілікұлы. Өнердің дерті

4028
Adyrna.kz Telegram

Карантин басталғаннан бері індеттің таралып кетуінен сақтанып, үйімізге қамалып отырмыз. Үйден шықпағаннан кейін қорқынышты жаңалықтарды көріп, үрей туғызатын талдауларды ұйып тыңдап елдің зәре-құты қалмай, абыр-сабыр болып кетті. Дүниеге философиялық көзбен қарайтын бірен-саран парасатты жандар ғана телевизорды өшіріп тастап, берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып өзінің сүйікті ісімен айналысып жатыр. Мұндайда шын-өтірігін білмейтін, растығына көзің жетпеген жаңалығыңды жұртпен бөлісуге асыққаннан қауіпті нәрсе жоқ.
Менің мына жалғандағы жалғыз сүйікті ісім – әдеби сын. Уақытты босқа өткізбей Флобер туралы көлемді зерттеуімнің екінші бөлімін тәмәмдап қалдым.
Адам күні-түні бір нәрсенің түбіне жеткісі келіп қазымырланып ойлай берсе жынданып кетеді. Құдай қаласа, бәрі де реттеліп, қалпына келеді. Өткен ғасырда бұдан да зор нәубаттарды басымыздан өткерген, талай сынаққа шыдаған қайсар халық емеспіз бе. Алдағы күнге сеніммен қарайық! Назарларыңызды басқа жаққа аудару үшін «Флобердің серті мен дерті» атты эссемнің бір үзігін жариялағанды жөн көрдім.

ӨНЕРДІҢ ДЕРТІ

Тіршілікте адамды дүниеәуи қызығынан құр қалдырып, жан тыныштығына зар қылып қоятын қауіпті дерттің бірі – сөз өнері. Ойдың дәнегі өзегіне түсіп кетіп, бүршік атқаннан бастап, ақынның пенделік азаттығы кісенделіп, ол бүкіл сезімін, ақыл-ойын, ерік-жігерін билеп-төстеп алатын шығармашылығының тұтқынына айналады. Әлемге әйгілі қаламгер Габриэль Гарсиа Маркес «Өмірді жырлау үшін өмір сүру» атты естеліктер кітабында жазу үстеліне отырмау үшін үнемі сылтау іздеп өткенін жасырмапты. Өйткені, құйрығы орындықты иіскеген күннен бостандығы құрықталатын қаламгер айлар, кейде жылдар бойы мүлде басқа әлемде өмір сүріп, тәуелсіздіктің таза ауасымен тыныстай алмай, рахат іздеген жанын тар бөлмеде тұншықтырып, өз еркімен оны шығармашылықтың түрмесіне қамайды.
Жазушылық дегеніміз бақытсыздық қана емес, сонымен бірге, «жүрегіңде туған асыл сезімдеріңнің бәрін жалмап жеп қоятын – қауіпті дерт» екенін Бальзак жақсы байқаған. Зады, ұлы талант дегеніміз жұрт айтып жүргендей ешқандай да Алланың елшісі емес, маңдайында елге көрінбейтін тағы бір жанары бар – Құдайдың үшінші көзі болса керек. Шығармашылық дерті асқынғанда дүние-жалғанның пенделік қызығын ұмытып, жанын тозақтың пешіне лақтырып сынап, өнерін ғана өліп-өшіп сүйетін әпендені дені сау жандардың қатарына қосу қиын.
Жапон жазушысы Рюнеско Акутагаваның «Тозақтың азабы» әңгімесі есіңізде шығар. Таңдаған тақырыбымызды талдап, ойымызды өрнектеуге қажет материал болғандықтан және шығарманы оқымағандардың да бар екенін ескеріп, ондағы қорқынышты оқиғаны мейлінше ықшамдап мазмұндап бергенді жөн көрдік. Акутагаваның әңгімесінде ертеректе сарайда қызмет істеген, түрі маймылға ұқсайтын ұсқынсыз, жасы елуден асқан Есихидэ есімді суретшінің тәлкекке ұшыраған тағдыры баяндалады.
Қылқалам шеберінің туындылары туралы ел ішінде неше түрлі қауесет тарап, желдей есетін. Жаныңды түршіктіретін сондай өсектердің біріне сенсеңіз, ол салған әйелдердің бәрі шетінен азап шегіп, қырылып қала беретін көрінеді. Талантын көре алмайтын тағы біреулердің айтуынша, оның картиналарында адамның сезімін сиқырлап, басын айналдырып алатын дуа бар. Қауесетке құлақ аспайтын суретшінің мына жалғанда екі үлкен бақыты болатын - сүйікті қызы мен өнері.
Ұлы мәртебелі бір күні Есихидэні шақырып, оған тозақтың азабы бейнеленген картинаны салуға тапсырма береді. Екі-үш апта бойы сарайға ат ізін салмаған суретші шын тозақтың қандай болатынын елестете алмай, қатты қиналады. Шәкірттеріне тәжірибе жасап, оларды азаптап өлтіріп қоя жаздайды.
Жиырма күннен соң Есихидэ ұлы мәртебелінің қабылдауына сұранып, неліктен картинаны аяқтамағанының себебін түсіндіреді. Ол картинадағы көріністің қақ ортасында отқа оранған күйменің ішінде жанұшыра айғайлап өртеніп бара жатқан әйел бейнесін салғысы келетін тілегін айтады. Көзімен көрмегенді қиялымен жеткізе алмайтынын мойындап, ұлы мәртебеліден осындай қорқынышты оқиғаның куәгері болғысы келетін ниетін білдіреді.
Бірнеше күннен кейін ұлы мәртебелі оны қала сыртындағы үйіне шақырып, түн ортасында оған ішінде қол-аяғы мықтап байланған әйел отырған күймені сыртынан көрсетеді. Күймені жағып жіберуге бұйрық берерінің алдында пердені ашқызып, ішінде кімнің отырғанын көрген суретші есінен танып қала жаздайды. Мына сұмдықты қараңыз. Күймедегі орындыққа арқанмен көгенделіп тастаған еш жазығы жоқ бейшара Есихидэнің жанындай жақсы көретін жалғыз қызы болып шықты. Енді бәрі де кеш. Ұлы мәртебелі райынан қайтпайтын, ойлаған ісін соңына жеткізетін - қатыгез әмірші.
Бұйрық берілгенде Есихидэ қызын құтқару үшін отқа оранған күймеге қарай жүгіргісі келіп, кенеттен бір орнына тапжылмай тұрып қалады. Байғұс қыздың қалай азаптанып өлгеніне куә болғандар, шын мәнісінде де тозақтың азабын көздерімен көргендей жаман әсер алып, төбе шәштары тік тұрады. Алайда, дәл осы сәтте бойындағы сезімін шығармашылықтың сайтаны жеңген суретшінің жүзі бал-бұл жайнап қоя береді. Жалғыз қызының қаза табуының себепкері және куәгері болған Есихидэ тапсырманы орындап, өнер туындысын аяқтап, келесі күні өзіне қол салып, дарға асылып өледі.
Шығармашылық дерттің қандай қасірет екенін білмейтін қарапайым адамға неліктен суретшінің қызын құтқаруға тәуекел ете алмағанын түсіну қиын, әрине. Жо, жо, жоқ. Есихидэнің өлімнен қорқып немесе ұлы мәртебелінің қаһарынан қаймығып тұрғаны шамалы. Бастапқыда оның бойында қарапайым пенденің бәріне тән әкелік сезімі оянып кетіп, қызын ажалдан аман алып қалу үшін отқа оранған күймеге қарай жанұшыра жүгіре жөнелгісі келді. Әйткенмен, келесі мүйнетте қиялындағы болашақ картинасының материалын көргенде оның бойындағы адамдық инстинктті шығармашылықтың эстетикалық құдіреті жеңіп кетті.
Өнер адамының - үшінші көзі, суреткердің бағы ғана емес, сонымен бірге соры да. Ол өмірдегі кез-келген құбылысты, тіпті, халықты қынадай қырып, зар илеткізген қайғы-қасіреттер – табиғи апат, індет, ашаршылық, қанды-қырғын соғыс т.с.с. бәрін де алдағы уақытта жазатын шығармасының тақырыбы ретінде зерттейді. Ұлы суреткер бөтен біреу түгіл, өз жүрегінде болып жатқан құбылыстарға да эстетикалық қызығушылықпен қарамай тұра алмайды. Қарапайым адам бір әйелді жан-тәнімен сүйіп, жүрегінің құпиясын ашып, сезімін білдіргенде ол оны еш есебі жоқ, риясыз көңілмен жеткізеді. Басқаларға қарағанда сезімге көбірек берілетіндей болып көрінетін шығармашылық тұлға әйелдің оттай ыстық құшағында балқып жатып та үшінші көзімен осының бәрін де сыртынан бақылай алатын қабілетін жоғалтпайды. Шын суреткер итжеккенге айдалып кетсе де, науқастанып қалса да, өлім жазасына кесілсе де.. соның бәрін сыртынан бақылап, жан-тәнімен берілген сүйікті ісіне адал болып қалады.
Жазушы ұлы психолог. Ол бөтен біреу түгіл, өз жүрегіндегі жалғандықтарды да аяусыз әшкерелеп, оны да шығармашылық материал ретінде пайдаланып, шындығына оқырманды шүбәсіз сендіреді. Набоковтың сөзімен айтқанда, суреткер дегеніміз болмаған оқиғаны болғандай етіп суреттеп беретін ертегіші. Сондықтан да ол кісі өлтірген қылмыскердің, күйеуінің көзіне шөп салған әйелдің.. бір сөзбен айтқанда күнәға белшесінен батқан бейбақтардың әңгімесін мына біз сияқты жиіркеніш немесе аяушылық сезіммен емес, құдды сол оқиғалардың ортасында өзі жүргендей еліріп, эстетикалық ләззат алып, есі кете жаздап, айызы қанып тыңдайды. Шын мәнісінде сырт көзге мейірімді, жүрегі жұмсақ болып көрінетін суреткер расында да өмірде сондай адам болуы мүмкін, ал, өнерінде аяушылықтың не екенін білмейтін - қатыгез талант. Мінездері өте биязы, жандары жібектей нәзік болған ұлы қаламгерлер Гюстав Флобердің «Бовари ханым», Антон Чеховтың «Ұйқым келеді», Бейімбет Майлиннің «Күлпәштағы» адамның үмітін тас-талқан етіп қиратудан тайынбаған өнердегі шектен шыққан рақымсыздығы есіңе түскенде, жаның түршігіп қана қоймай, бойыңды үрей билейді.
Көпшілікке қызықты болу үшін, біз өз еңбегімізде Гюстав Флобердің басын мұнарлаған махаббат драмасын шамамыз келгенше жазушылық (суреткерлік деп өтірік мақтанбай-ақ қояйын) тәсілмен баяндап беріп, шындығына сендіртуге тырыстық. Әлбетте, қаншалықты оны жүзеге асыра алғанымыздың бағасын беретін өзіңсің – қымбатты оқушым. Оқиғаға әдебиетшінің емес, жазушының көзімен үңілгендіктен, француз классигінің өмірінде болған махаббат драмасын мейлінше шынайы етіп көрсетуге бар күшімізді салғанымызды жасырмаймыз. Жазушылық жанармен үңілгенде суреткердің Элизаны шын сүйгеніне байланысты біздің күпті көңілімізге күдік ұялаған жоқ. Дегенмен, ұлы шығармалар туғызған ақындардың қандай өтірікші халық екенін жақсы білетін сыншы ретінде осы оқиғаны егжей-тегжейлі саралап ой сүзгісінен өткізгенде Флобердің күйеуі мен емшектегі баласы бар қатынға деген сезімінің риясыз болғанына деген сенімімізге селкеу түсті. Неге дейсіз ғой?
Әлімсақтан белгілі. Прозаиктің көп ретте оқиғаны таразылау мен талдаудан гөрі, майын тамызып әңгімелеп беруге жаны құштар. Жазушы үшін солай болған немесе тіпті болмаған дүниені шынайы етіп шеберлікпен жеткізу - бәрінен де маңызды. Міне, осы тұрғыдан алғанда Флобер мен Элизаның қарым-қатынасы мен бір-біріне деген сезімін жазушылық көзбен баяндап беруде өз міндетімізді адал атқардық деп ойлаймыз.
«Парасаттың құдіреті бәріне сене беруде емес, күмәнмен қарауда» (Мишель Левассар) екенін көңіліне түйген сыншының шынайылықтан гөрі, шындыққа бүйрегі бұрып тұратыны бесенеден белгілі. Ал, шындық сіздің ойдан шығарған әдемі ертегіңіздің күлін көкке ұшырады. Тіпті, кейде елдің көңілінде күмән туғызбайтын сұлу сезімдерден де жалғандықтың ұшқынын көріп қалады.
Гюстав Флобер артына Бальзак пен Толстой сияқты том-том туындылар қалдырған суреткер емес. Ұлы қаламгердің 1956 жылы «Правда» баспасынан жарық көрген толық томдық шығармалар жинағы бес томды құрайды. Сол бес томдықтың екеуі француз классигінің хаттары екенін ескерсек, оның барлық әдеби мұрасы үш-төрт роман, бірнеше повесть пен әңгіме ғана. Ақ сөйлеп, адалын айтсақ, жазушының «Бовари ханымнан» басқа шығармаларының бәрі – кемеліне жетпеген сәтсіз туындылар.
Шындықты іздеген сыншы ретінде шығармаларынан гөрі Флобердің хаттары біздің қызығушылығымызды көбірек туғызғанын жасырмаймын. Асылы, шынайылыққа жаны құштар суреткер шындығын шығармаларынан гөрі, күнделіктері мен хаттарынан іздеген ләзім. Сол себептен де француз классигінің екі том хаттарын шолып шыққаннан кейін, оның Элизаға деген сезімінің риясыз болғанына қатысты біздің күдігіміз бұрынғыдан да күшейе түсті. Көңіліміз нілдей бұзылып, ұлы жазушының мына дүниеде Құдайдан тілеп алған дерті – сөз өнерінен басқа ешкімді де, ештеңені де сүймегеніне көзіміз жетіп, көңіліміз сенгендей болды. Флобердің хаттары шығармашылық тұлғаның жан дүниесіндегі қарама-қайшылықтарды түсінуге көп пайдасын тигізді. Классиктің эстетикалық және философиялық дүниетанымында «өнердің өмірден де биік болғаны» туралы шындығын ашып берді.
Он үшке енді ғана толған бозбала Гюстав мектепте оқитын достарының біріне жазған хатында «Егер де менің ақындық қиялымда он бесінші ғасырдағы француз королевасы болмаса, мен мына өмірден түңіліп, атылып өлер едім» деп мұңын шағады. Тағы бір жылдан соң «Құдайлық сұлулығымен жер жүзіне мәңгі патшалығын құрған барлық халықтардан да, тәждерден де, билік құрушылардан да биік ұлы өнермен айналысайық!» деп әдебиетке адал қызмет етуге шақырады. Қырық жыл өткеннен кейін ажал сағаты соға бастағанда да өнеріне ғана адал болып қалған суреткер «Адам құндылық емес, өнер - құндылық» деген ойынан танбады.
Ендеше өнерден басқа еш құдіретті мойындамаған және шын пейілімен беріліп сүймеген француз классигінің жалғыз Элиза Шлезенжерді ғана емес, өмірдің шырғалаңында жолықтырған біз білетін Элали Фуко, Луизе Коле, сонымен бірге біз білмейтін көптеген әйелдердің бәрін де риясыз көңілмен жақсы көргеннен гөрі, шығармашылығына керек құнды материал ретінде қарастырғанына қатысты қандай күмән болуы мүмкін.
Атақ-даңқ дәметіп, қызмет қуып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болуды ғана армандайтын тоғышар пенде жазушылықты қолы жеткен бақыты санап, одан тобырдың құрметі мен қошеметіне бөленетін ләззат іздейді. Нағыз суреткер үшін өнер – жаныңды азапқа салатын дерт. Шығармашылықпен алаңсыз айналасу үшін кейде ол отбасы құру бақытынан да бас тартып, өз өмірін өнерінің алдында құрбандыққа шалудан тайынбайды.
Ұлы жазушылардың, суретшілердің, музыканттардың көп жағдайда мінездері жеңілтек, махаббатқа тұрақсыз, қатынқұмар жандар болып келетіні құпия болудан қалғанына қай заман. Адамгершілікті жырлаған ақынға деген махаббаты шексіз оқырманның сезімін құрметтегендіктен көп ретте біз тұлғаның шығармашылық психологиясын (психология творчества) ашудағы кілті болып табылатын бұл тақырыпқа маңайламауға тырысып, оған жолап кетуден ат-тонымызды ала қашамыз. Сау басына сақина тілеп алғысы келмейтін ғалымдар, сыншылар мен әдебиетшілер өнерден гөрі, оның төңірегіндегі өтірікпен айналысқанды ақыл санап, бүгінгі таңда шығармашылық тұлғаны әулиеге, абызға, тіпті, пайғамбарға айналдырып жібергенінен тапқан пайдамыз шамалы. Мәдениеті төмен қоғамдық пікірге немесе тарихи себептермен қалыптасқан моральға қарсы шығудан қаймыққандықтан біз өнердегі тұлғалардың бәрін аяғын жерге тигізбей, көкке көтере өтірік мақтап, көзсіз табынып шындықтың ауылынан алыстап барамыз. Өнердің басты тақырыбы адам екенін біле тұрып, біз шығармашылық тұлғаны мінсіз етіп көрсетуге бар күш-жігерімізді салып, оның табиғатындағы шындықты іздеп адасқан адамды жоғалтып алдық. Ал, адам жақсы істердің жаршысы болған әулиелігімен, абыздығымен, пайғамбарлығымен ғана емес, сонымен бірге күнә жасап қойып одан арылғысы келіп азап шеккен қасіретімен де адам. Дей тұрсақ та айтуға ғана жеңіл, ал, ақиқатында өте нәзік, сонымен бірге абайламасаң қолыңды ұстарадай қиып кететін бұл тақырыпқа адамдық моральдың емес, өнердің заңғар биігінен қарағанда ғана аңызға айналған ақын шындығының шеті менмұндалайды.
Шығарманың ең қатал да, кірпияз сыншысы оқырманға суреткердің өз туындысын қандай жолмен өмірге әкелетіні бәрібір. Сұлулыққа көңілі құштар ол барлық уақытта да ақыннан ұлы сезім мен ұлы ойды талап етеді. Дегенмен, суреткердің сол ұлы ой мен ұлы сезімді жақсылықтарға ғана емес, сонымен бірге жамандықтарға да жанаса жүріп іздейтініне ол көп мән бермейді.
Әлем әдебиетінің тарихында әйелдің нәзік сезімін, психологиясын, бір сөзбен айтқанда жан әлемін асқан шеберлікпен жеткізген екі ұлы суреткерді ерекше жақсы көремін. Олар - Тургенев пен Флобер. Бір қызығы екеуі де жанұялық бақыттың дәмін татпай, өмірден бойдақ болып өтті.
Флобердің замандасы Тургеневтің тіпті ер-азамат үшін жеке басының азаттығынан артық бақыттың жоқ екенін айтып, бойдақтығын мақтан еткенін де жақсы білеміз. Бойын кәрілік жеңген шағында ғана ол бұл ойынан айнып, керісінше, отбасы құрудың маңыздылығын насихаттап, үйленбеген азаматтың қартайғанда ешкімге керегі болмай қалатынын өкінішпен мойындады.
Екі ірі суреткердің де қолдарына құсын қондырып, перзент сүйгізіп, жандарын жәннат бағына айналдыратын серігін таба алмағаны өкінішті әрине. Алайда оған, Тургенев пен Флобердің өздері кінәлі. Тағдыр жолықтырған арулардың бірінен өз бақытын тапқанда, олардың өмірлері гүлдей жайнап басқаша болар ма еді? Кім білсін? Әйткенмен, олар өз өмірлерін өнер жолында құрбан етпей, бір әйелге ғана арнағанда қаламдарынан нәзік жандылардың қайталанбас образдары тумауы да ықтимал емес пе? Бальзактың әйгілі романдарының бірінде «ұлылықтың – қауіпті дерт» екенін айта келіп, «адам дертті жеңе ме, әлде дерт адамды жеңе ма?» деп өнердің жанды арбап алатын сиқырынан қауіптенетін тұстары да бар. Тургенев пен Флобердің жағдайында өнердің дерті адамды жеңді. Әйтпесе, адам баласы үшін сүйген жаныңмен фәниді бірге өткізіп, перзент сүйгеннен артық қандай ғанибет бар.
Әйткенмен, нәзік жандылардың шынайы бейнелерін сомдау үшін тағдырын талақ етіп, әйел көрсе ақыл-есінен айырылып, жан денесін бергенше байыз таппаған Тургенев пен Флобердің өмірде ғашық болған аруларының мінездері де, табиғаты да, моральдық көзқарастары да бір-біріне ұқсамайды. Тургенев жаны кіршіксіз таза, сүйген жанына деген сезімі адал, ішкі мәдениеті биік әйелдерді жан-тәнімен сүйіп, махаббаттың ғаламаттығын жырлады. Флобердің керісінше өмір бойы, байдан байға тиіп жүрген, сезімі тұрақсыз, мәдениеті төмен, мінездері жеңіл тоғышар қатындарға қарай көңілі магниттей тартылып тұрды. Француз классигінің Элиза Шлезенжер мен Элали Фукодан кейінгі, сүйген дегеннен гөрі, келешекте жазатын туындысына керек шығармашылық материал ретінде зерттеген жұмбағы – Луизе Коле есімді әйел болды...

(Жалғасы бар)

Пікірлер