Әкімдердің белсенділігі артпаса ауыл тұңғиыққа батады

1220

Қазақстанда республика бойынша 175 аудан бар болса, оның ішінде 72 ауданның дамуы кенжелеп қалған. Міне, осыц дамуы кенжелеп қалған ауыл-аймақтың мәселесі қазірде жабулы күйінде қалып отыр. Мамандардың пайымдауынша, біздегі жергілікті әкімдіктер мен министрліктерде бұл мәселелерді шешуге келгенде белсенділігі төмен.

«Аналитик» талдау орталығының сарапшы маманы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, алдағы уақытта мұндай дамымай қалған аудандардың әкімдігіне заманға сай жаңарған механизмдерді ұстануға тура келеді. Маманның байыптауынша, болашақта жергілікті әкімдер  кенжелеп қалған ауылдарын дамыту үшін жердің құнарлылығын көтеру, жайылымдық жерлерді дұрыс пайдалану, егін шаруашылығын дамыту тәрізді жайттарды заманауи үлгіде меңгеруі тиіс.

«Мысалы, елімізде 282 млн гектардан астам жайылымдық жер бар. Қынжыларлығы, сол көлемді жайылымдық жердің 40 пайызын ғана ұқсатып отырмыз. Ал қалғаны пайдаланылмай отыр. Келешекте біз жеріміздің құнарлылығын көтеріп, өндірістік, өнімділік қабілетін арттырамыз десек, жаңашылдыққа бет бұрып, бұрын астық егілген, қазірде бос жатқан жерлерге көпжылдық шөптер егу мәселесін қолға алуымыз керек.  Жергілікті әкімшіліктерге бұл ретте өзіндік міндеттеме жүктеу керек. Жергілікті әкімдер өз ауыл-аймағының жай-жапсарын жақсы білетіндіктен әрбір реформаны әкімшіліктер арқылы жүргізсек жөн болар еді»,-дейді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова.

Маманның айтуынша, болашақта ауыл-аймақты дамытуды жергілікті әкімдердің белсенділігін арттыру арқылы жүргізу тиімді болмақ. «Жергілікті әкімдердің басқару жүйесін жетілдіру ауылға бөлінген қаржының діттеген жеріне дәл жетуіне ықпал етер еді» дейді маман.

«Қазір ауылға бағытталған қаржыны орта жолдан қағып алатын делдал холдингтер, акционерлік қоғамдар жетіп-артылады. Осыдан барып ауылға бөлінген қаржы ақыр шенінде талан-таражға түсіп кететіні де рас. Сондықтан бұл жерде әкімдердің қауқарын арттырған абзал. Үкіметтен бөлінген қаржыны облыстың бюджетіне, одан ауданның бюджетіне бөлу әдісін шектеп, қаржы  діттеген жеріне жетуі үшін тікелей ауылдық әкімдіктердің  бюджетіне аударған жөн. Бізге ауыл әкімдердің белсенділігін арттыратын кезең әлдеқашан жетті. Бұл біз үшін өзекті мәселе» дейді Тоғжан Шаяхметова.

Маманның байыптауынша, дамыған және дамушы елдерде бұл мәселе оңтайлы шешілген. Тіпті ТМД елдері бойыншаа көрші Ресейде, Әзірбайжанда, Арменияда жергілікті әкімдердің экономикалық өзгерістерге сай өзіндік шешім қабылдауы, қызықты механизмдер ұсынуы жап-жақсы реттелген екен. Бұл ретте қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, біздегі аудан әкімдері инфляцияны шектеу мақсатында базардағы бағаға ие бола алмай отырғанда өзге елдердің әкімдері ауылдарына ауқатты инвесторларды тартып  іскерліктерімен көз қызықтыруда.

«Көрші Ресейдің ауылға ауқатты кәсіпкерлерден инвестиция тарту жайы жақсы шешіліп келеді. Мәселен, жуырда Ресейдегі ауқатты инвестор Владимир Потанин ауыл шаруашылығы саласына ай сайын тапқан табыстарының 20-30 пайызын аударып отыратын болды. Көршілес елде қазірде бір ғана Владимир Потаниннің аударған инвестициясының есебінен ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін, көлемі 1840 гектарды құрайтын жылыжай салынып, одан тиісінше мол өнім алынуда. Бір қызығарлығы, сол жылыжайдан түскен пайдаға Потанин мырза мүлдем қол сұқпайды да екен. Өйткені сол ауылдың әкімі оған осындай талап қоя білген.  Өзге елдердің әкімдері осылайша ауқаттыларды ауылдарына инвестор болуға шақырып, оларға белгілі бір қызықты ұсыныстар айтып халыққа тиімді жолдарын ұсынады. Ал біздегі әкімдерге үкімет бір ғана баға саясатын қадағалауды тапсырып еді. Соның өзінде кейбір әкімдер базардағы бағаға ие бола алмай, саудагерлерге  «бағаны өсірсеңдер басың кетеді» деп сес көрсетуден әрі аса алмай жатады. Логикалық түрде ойласақ,  жергілікті әкімдер неге нарыққа қатысты қызықты ұсыныстар ұсынбайды?! Мәселен, әр әкім өз ауданында әлеуметтік жеңілдікпен тауар сататын кішігірім дүкендер желісін құруға неге қаражат қарастырмайды?! Өнім өндірушілердің тікелей өзімен кездесіп, сол дүкендерге арзан тауарларды делдалдарсыз  арзан бағаға әкеліп самсатып қойса өнім арзан болмағанда қайтеді?! Міне, біздің әкімқараларда осындай қызықты бағытта жұмыс істеу жағы кемшін»,- деді Арман Мусин.

Қаржыгердің пайымынша, қазіргі технологиялардың даму ғасырында әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр. Көптеген елдер күн және жел энергиясына назар аударуда.   Көрші Ресей  болашақта 65 пайыз энергияны күн мен желден алуға баса назар аударуда. Өзбекстан да осыған қатты назар аудара бастады. Көптеген елдер жоқтан бар жасап отыр. Сондықтан болашақта бізге де осы көштен қалмау керек.

«Нанотехнология, биотехнологияның арқасында үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізетін заман туды. Болашақта ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артады. Сондықтан біз ауыл шаруашылығының әлеуетін арттырғанымыз абзал. Осы орайда ауылдық аймақтарды басқаруға білікті, білімді азаматтар тартылуы қажет. Әкімдер Үкіметке қызықты ұсыныстар айтып, жаңа механизмдер ұсынып жаңашылдыққа ұмтылуы керек. Осыған орай  жергілікті әкімдіктердің өзін-өзін басқару жүйесіне нақты қадалағау енгізу қажет. Әкімдердің өзін өзі жетілдіріп, жергілікті жүйені нарыққа сай сауатты басқаруына мүмкіндіктер берілуі тиіс. Керек болса олардың білімін де жетілдіріп отырған жөн. Ауыл әкімлерінің белсенділігі артпаса, ауыл тоқырай береді. Сондықтан нақ қазіргі уақытта аудан, ауыл көлеміндегі басқару жүйесі жаңарып, жаңғырып отыру керек. Қазақстан халқының 46 пайызы ауылды тұратынын ескерсек, біз үшін жамымай қалған ауылдардың санын арттыру қауіп. Агроэкономиканы дамыту маңызды. Болашақта табиғи таза ауыл өніміне деген сұраныс әлемдік тұрғыда өседі. Сол кезде біз көштің соңында қалмауды ойластырғанымыз жөн»,- дейді Арман Мусин.

                           Қарлығаш Сайлаубаева, 
"Адырна" порталы 

.

Пікірлер
Редакция таңдауы