Нұр-Сұлтандағы №1 автобус паркі карантинге жабылды

88

Елордадағы №1 автобус паркі карантинге жабылды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Мониторинг барысында №1 автобус паркінің қызметкері коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғаны анықталды. Қызметкерлер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автопарк карантинге жабылды. Автопарк пен автобустар дезинфекциядан өтті. Қызметкермен жақын қарым-қатынаста болғандардың бір бөлігі стационарға жатқызылса, ал қалғандары үй карантинінде.

2020 жылдың 27 наурызынан бастап елордада жолаушыларға автобустың алдыңғы есігі арқылы кіруге тыйым салынды. Жүргізушілер отыратын жер арнайы лентамен қоршалды. Қолма-қол ақша төлеуге болмайды. Қолма-қол ақшасыз төлемдер ғана қабылданады. (Бүгінгі таңда қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 98% -ды құрайды).

26 наурыздан бастап автобустар кешкі сағат 19.00-ге дейін ғана жүреді. 28 наурыздан бастап карантиндік аймақта орналасқан барлық қала маңына қатынайтын автобустардың қозғалысы уақытша тоқтатылды. Олар Қосшы, Тайтөбе, Жібек Жолы, Талапкер, Қоянды, Қызылсуат, Ы.Алтынсарин, "Нұрлы" саяжай кенттері (№ 301, 302, 303, 304, 306, 307, 313, 314, 319, 320, 321, 322, 326).

ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес, 28 наурыз сағат 00.00-ден бастап, бірқатар қосымша қатаң шаралар бекітілген: 1. Азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуын шектеу; 2. Халық көп жиналатын орындарды жабу (саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары және т. б.); 3. Қоғамдық көлік жұмысын кезең-кезеңмен шектеу; 4. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салу (отбасы мүшелерінен басқа); 5. Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салу.

Пікірлер