«Ұлт мақтанышы». Ғабит Мүсірепов (Видео)

185

Осыдан тура 118 жыл бұрын, 1902 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, әдеби сыншы, аудармашы, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Абай атындағы және Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Ғабит Махмұтұлы МҮСІРЕПОВ дүниеге келді.

Алғашқыда ауыл молдасынан арабша хат таныған. Ғабит жастайынан әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебінде, кейін төрт жылдық жоғары басқыш орыс мектебін бітірген. Қазақ төңкерісінен кейін үстемдік алған Кеңес өкіметінің жұмысына әжептеуір орысша сауаты бар адам ретінде араласып, түрлі қызмет атқарған. Орыс мектебінде жүргенде орыстың атақты ақын жазушыларының шығармаларын оқып білуі, ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтың әсер ықпалы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді.

1923-26 жылдары Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне (рабфак) оқуға түсіп, оны бітірісімен Омбыдағы ауыл шаруашылық институтында оқыған. 1927-1928 жылдары - Бурабай орман шаруашылығы техникумында оқытушы, 1928-1933 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының бас редакторы, 1934-1938 жылдары «Социалистік Қазақстан» (Егемен Қазақстан) газетінің редакторы, Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты өнер секторының меңгерушісі, Қазақ өлкелік комитетінің баспасөз бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1938-1955 жылдары бірыңғай шығармашылық жұмыстармен айналысқан.

1956-1957 жылдары - «Ара» - «Шмель» журналының бас редакторы, 1957-1985 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 1958 жылдан КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, өнер және сәулет салалары бойынша Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комитеттің мүшесі болған. Ғ.Мүсіреповтің тұңғыш повестерінің қатарына «Тулаған толқында» мен «Американ бидайығы» шығармалары жатады. Жас жазушының болашағынан үміт күттірген бұл туындылар азаматтық тақырыпты толғайды. Ғ.Мүсірепов әңгіме жанрының өркендеуіне үлкен үлес қосты.

Алғашқы шығармаларынан-ақ жазушылық шеберлігімен танылған. Ғ.Мүсірепов - көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері. 1932 жылы шілде айында ол республикаға танымал адамдармен бірлесе отырып, халықтың басына төнген аштық нәубеті жайында БКП(б) қазақ өлкелік комитетіне «Бесеудің хатын» жолдаған. Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Алайда қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, құрмет тұтады. Ол бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланған.

Үш мәрте Ленин орденімен және екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, Октябрь Революциясы орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрына жазушының есімі берілген.

Қазақ әдебиеті тарихында өшпестей із қалдырған тұлға 1985 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.

Пікірлер