Қобыз падишасы

3030
Adyrna.kz Telegram

Фатима Балғаева туралы сөз

Қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық саз аспаптарының ішінде ысып орындалатын, терең де толқымалы сырға толы үні бар, тыңдарманға эстетикалық әсері зор қобыздың орны ерекше. Қобыз тереңнен буырқанып шығар жан сезімін, нелер терең қабатта жататын сыр қатпарын, көңіл күйі мен сарынын қай қырынан болса да ашып бере алатын адамның табиғи дауысына ең жақын бірегей аспап. «Күй атасы – Қорқыт» деп қазақ бекер айтпаған. Қорқыттың күй сарындарын орындаған негізгі аспабы қазақтың қара қобызы екенін ескерсек, халқымыз үшін бұл аспап шын мәнінде қасиетті. Осы көненің көзіндей кенен аспаптың аяққа тұрып, оркестр құрамындағы өзінің орнын алуы­на ерекше еңбек сіңірген, кәсіби қобыз аспабында орындаушылық мектебінің негізін қалаған шебер орындаушы әрі ұстаз, Қазақстанның халық әртісі, профессор Фатима Жұмағұлқызы Балғаева болатын.

Ф.Балғаева – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ваториясы, халық аспаптар кафедрасының тұңғыш тү­легі. Ол қобыз аспабында кә­сіби орындаушылық өнер­дің көрнекті өкілі болумен бірге өзінің барлық саналы ғұ­мырын еліміздің білікті музыкант орындаушылары мен педагогтарын тәрбиелеу ісіне толығымен арнаған то­лағай ұстаз. Жастайынан шы­ғармашылық еңбекке қы­зу ара­ласқан оның пешенесіне қазақ ұлттық қобыз мектебінің іргетасын қалау, жетілдіріп алға дамыту секілді жауапты әрі құрметті міндеттер жазылыпты.

Әкесі Жұмағұл байдың малын баққан. Сұрқай өмірдегі бар қызығы – өз қолымен жа­саған қалақ домбырасын ермек қылған екен. Музыканы ерекше жақсы көргендігі де болар, қойдан айырылып қаласың деп ойнап отырған домбырасын қақ бөліп тастағанда да қайтпай, қайтадан жасап алып, өнерін тастамаған екен. Жанұядағы бес баланың екіншісі, жаста­йынан музыкаға бейімі осы Фатима болады. Анасы Бексұлу мен екеуі ошақ басында қо­сылып ән айтады екен. 1928 жылы Балғаевтар отбасы сонау Түл­кібастан Алматы қаласына көшіп келеді. Фатима №38 орта мектебінде оқиды. Жастайынан еті тірі епсекті қызды көркем­өнерпаздар үйірмесіне қа­ты­­сушы шәкірттердің орын­дауындағы құлаққа жағымды музыканың үні бейжай қал­дырмайтын. Тумысынан зерек, естігенін лезде қағып алатын Фатима осы үйірменің домбыра жағына қабылданады. Мектеп қабырғасында жүріп ол көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі, белгілі компози­тор, сол кездегі көптеген көр­кем­­­өнерпаздар ұжымдары мен кәсіби өнер мекемелерін ұйым­дастырушы Бақытжан Байқадамовтың тәлімін көріп, мектептің мәдени өміріне үлкен ықыласпен белсенді қатысады. «Айгөлек» ансамблінде өнерін шыңдайды. Бұл үйірмеде талай талантты ұл-қыздар ке­йін қазақ кәсіби өнерінің бел­гілі тұлғаларына айналды. Со­лар­дың бірі Фатима Балғаева болатын.

Ұлы Отан соғысы бастал­ған кезде ер-азаматтар май­данға шақырылып, филармония құрамында істеп жат­қан ұлт аспаптар оркестрі, өзге де өнер ұжымдары бі­лікті музыканттарға деген тап­шылықты өткір сезінеді. Осындай қиын жағдайдан шығу үшін 1942 жылы арнайы жіберілген мамандар ел ішіндегі, мектеп пен орта және жоғары оқу орындарындағы оқушы, студент жастар арасынан таланттарды іздеп тауып, оларды арнайы оқу ордаларына үгіттеп тарта бастады.

Оркестрдің белгілі музыканттары Қали Жантілеуов, Лұқпан Мұхитов, Жаппас Қа­лам­баевтар республиканың түкпір-түкпіріне арнайы іс-сапарларға шығып, талантты балаларды өнерге сүйреді. Ж.Қаламбаев №38 мектепке барған кезінде Фатиманың ерекше қабілетін байқайды. Сөйтіп, оған аспапты меңгеруге және Қазақ мемлекеттік филар­мониясының әртісі болуға ұсы­ныс жасайды. Осылайша, 15-16 жастағы Фатима үлкен өнерге аяқ басады.

Оның алғашқы ұстаздары аттары көпке әйгілі Оқап Қаби­ғожин, Науша Бөкейханов болды. Кейінірек атақты Қа­ли Жантілеуов, Лұқпан Мұ­хи­товтардан тәлім алды, Фа­тима Жұмағұлқызын домбыра тарту жетістіктеріне қарап оны оркестрге ауыстырды. Бірақ, ұс­таздарының ешқайсысы Фа­тиманың негізгі аспабы домбыра емес, қобыз болады деп бол­жамаған. Ол домбырашы ретінде 1944 жылы Ташкент қаласында өткен Қазақстанның өнер декадасына қатысады. Күйші, музыка зерттеуші Та­лап Қарашқа көзі тірісінде берген сұхбатында Фатима апай: «…Ағалардың қа­­сында, олардың домбыра тартуына біраз қызықтым, бірақ, менің құлағыма өте жа­ғымдысы қобыз болды» – дейді. Жас музыкант оркестрдің екінші қанатындағы қобызшылар тобына құлап, көңілі солай қарай ауа бере­ді. Оркестрдегі қобызшылар Жап­­пас Қаламбаев, Гүлнафис Баязитовалардың өнеріне қы­зығуы ерекше болады. Оның үне­мі қобыздың әуезді әсем үні­не құлақ салып, осы аспапқа көңілі құлағанына жанындағы ұстаздық еткен аға-апайлары да қарсы болмайды. Сөйтіп, дом­бырашы болып қалыптасып қалған Фатима көрнекті қо­бызшы Ж.Қаламбаевтың жетек­шілігімен жарты жыл бойы қобыз аспабын мең­геруді қолға алады. Зор қызы­ғушылықпен әрі тәуекел құштарлықпен бас­тап кеткен ісі алға басып, жас му­зыкант қобыз аспабымен біте қайнасады.

1945 жылы Ф.Балғаева жа­­ңа­дан ашылған консер­ва­торияның қазақ ұлт аспаптары кафедрасына оқуға түседі. Онда ол Санкт-Петербург кон­­­серваториясының түлегі, танымал скрипкашы, ұстаз Иосиф Антонович Лесманның сыныбында кәсіби білім ала бастайды. Талантты ұстазға талапты шәкірт тап келген екен. Шәкіртінің жетістіктеріне сүйінген ұстаз қобыз аспабын игеруге арналған оқу құралын, жаттығуға арналған этюдтер, пьесалар жазып, репертуа­рын молайтады. Фатима қобызбен бірінші партияны, ұстазы И.Лес­ман скрипкамен екінші дауыста классикалық дуэт құрып, зерделі шәкірттің жан-жақты кәсіби музыкант болып қалыптасуына ықпал етеді. Ком­­позиторлар А.Жұбанов, Е.Брусиловский де арна­йы шы­ғармалар жазады. Өзі скрипкада Еуропалық скрипка мектебінің орындаушылық жетістіктерін қазақтың дәстүрлі қобыз аспабында кеңінен пайдалана отырып оқу-тоқумен өт­кізілген студенттік жылдар ұмытылмастай болып болашақ музыканттың кәсіби біліктілігін ұштайды. Консерваторияның алғашқы түлектері қатарында Фатима оқуды үздік аяқтап, дәстүрлі қазақ музыкасының шебер орындаушылары қа­тарына қосылады.

Консерваторияны осы кез­­де аяқтаған алғашқы тү­лек­тері ретінде қазақтың танымал музыкант-педагогта­рын үлкен мақтанышпен ес­ке аламыз. Олар: профессор, ком­позитор, домбырашы Ха­­бидолла Тастанов, қа­зақ фоль­клорлы-этнографиялық ас­­паптарын тауып, жинап зерт­телуіне, қатарға қосуға ғұ­мырын арнаған өнертану кандидаты, профессор, Қазақ КСР өнерінің еңбек сіңірген қай­раткері Болат Сарыбаев, дири­жер, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Шамғон Қажығалиев, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының профессоры, Үлкен театр­да дирижерлік еткен, Қазақ­стан Республикасының, Татар­стан­ның халық әртісі Фуат Мансұров, тағы басқалар. Ф.Бал­ғаева өзі оқыған, қызмет еткен Құрманғазы атын­да­ғы Қазақ ұлттық консер­ва­ториясының тарихында есім­­дері алтын әріптермен жа­зыл­ған осындай жұлдызды шо­ғырдан болатын. Тынымсыз еңбектенудің арқасында ол қа­зақтың аспаптық өнерін рес­публика көлемінде ғана емес, бүкіл әлемге насихаттаған музыкант.

Қазақ ұлт аспаптар оркес­рінің негізін қалаушы дирижер, композитор А.Жұбанов оркестр репертуарының өсуіне назар аударады. Күрделі шығармаларды орындауға, классикалық музыканы игеруге байланыс­ты оркестрдегі дәстүрлі аспап­тардың дыбыс сапасына, мүм­кіндіктерін молайтуға, диапа­зонын кеңейтуге көп көңіл бөледі. Арнайы шақыртылған аспап жасаушының мамандармен тәжірибелік жұмыстар нәтижесі де көп күттірмейді. Осындай еңбектенудің арқа­сында Фатима Балғаеваның шығармашылық жолында үлкен белестерге бастайтын үш ішекті қобыз-прима аспабы дүниеге келеді. Қазақтың домбырасы мен қобызын жетілдіруге үл­кен үлес қосқан аспап жасау­шы шебер В.Романенконың қолынан шыққан үш ішекті, тұтас ағаштан шауып жасалған бұл аспап Ф.Балғаеваның шебер орындауында әуезді үн ерек­шелігімен, саздылығымен, сезімталдылығымен сан мың­даған тыңдарманның жүрегін жаулады.

Дипломды қобызшының алдынан күткен үлкен сынақ Берлин қаласында 1951 жылы өткен үшінші Дүниежүзілік жас­тар мен студенттер фестиваліне баруы еді. Мәскеудегі он күн бой­ғы арнайы дайындық­тан кейін аталмыш өнер мерекесі­не қатысуы және жеңімпаз атануы жас музыканттың мерейін асырды, бүкіл қазақ үшін абырой болды. Қазақстаннан жас дирижер Ғ.Дұғашев, әнші Б.До­сымжанов, қобызшы Ф.Балғаева осы өнер додасында ең мәртебелі лауреат атағын жеңіп алды. Халықаралық аренада қазақтың қарапайым көне аспабы тұңғыш рет тек өзіне тән әсем әуезімен тыңдарманын тәнті етеді. Оның эстрадалық концерттегі сансыз орындау­лары қобыз-прима аспабын көркем меңгеруімен, жоғары кәсібилігімен ерекшеленді. Бұ­дан кейін де Ф.Балғаева ха­лықаралық үлкен форумдарда: Жастар мен студенттер­дің Бухарестегі фестивалінде (1953), Мәскеуде өткен фес­тивальде Үлкен театр­дың сим­­­­фониялық оркестрінің сүйе­мелдеуімен А.Жұбанов­тың қо­бызға арналған «Көктем валь­сін» орындап, лауреат атанды.

1958 жылы Мәскеу қала­сында Қазақ өнері мен мәде­ниетінің декадасы өтті. Осы сапарға оркестр құрамында және жеке орындаушы ретін­де қатысқан Ф.Балғаева ұлт­тың дәстүрлі музыкалық аспа­бының мол мүмкіндігін паш етеді. Дәстүрлі күй шығар­ма­ларынан бөлек, қазақ кәсі­би композиторларының және әлем­дік классикалық музыка репертуарын да еркін меңгергенін көрсетеді. Қазақ өнер шебер­лерінің соңғы концерті туралы мақалада Фатиманың орындау шеберлігі жайлы: «Бұл музыка халық өмірінің терең түбінен бастау алатын сияқты. Ашық, қыздың бәсеңдеу дауысы тәрізді жіңішке өңешті скрипка – қобыз, керемет шебер аспапшы Ф.Балғаева қолында қуаныш, көктем, бақыт жа­йында әндетеді» («Правда» газеті. 1958 жыл, 24.12) деген жолдар бар. Мәскеудің Үлкен театрының сахнасында өткен бұл концертте Фатима Балғаева белгілі композитор, дирижер, саусағынан бал тамған домбырашы Нұрғиса Тілендиев басқарған симфониялық ор­кестрдің сүйемелдеуімен аңы­рат­қан еді қазақ қобызын.

Тағдыр оған қобыз өнерін алғаш игеру мен дәріптеу бақытын сыйлады. Ол осындай мүмкіндікті әр кезде жо­ғары деңгейде пайдалана біл­­ді. Қобыздың падишасы атан­ған Фатима Жұмағұлқызы рес­публиканың түкпір-түк­пірінде, 20-дан аса шетелдерде концерттік эстрада сахнасында өнер көрсеткен алғашқы қобызшы-солист және қобызға арналған шығармалардың бірінші орындаушысы. Халы­қаралық конкурс лауреаты атағын алған алғашқы қо­быз­шы. Үлкен театр сахнасына қобызды алғаш алып шық­ты. Ол консерваториядағы қо­­быз-прима сыныбының бі­рінші оқытушысы, ал­ғаш­қы әдістемелік жинақтар­дың және оқу құралдарының, транс­­­крип­циялардың авторы, профессор атағына лайықты болған алғашқы қобызшы.

Кезінде бүкіл республикадан талантты балаларды таңдап алып оқытатын А.Жұбанов атындағы республикалық орта арнайы музыкалық мектеп-интернат ашылды. Осы мектеп-интернат қабырғасынан бас­тап болашақ қобызшыларды дайындауға белсенді атсалысқан Ф.Балғаева өзінің бастамасымен 1968 жылы қобыз-прима сыныбын ашты. Қазақтың та­лантты музыканттарының жа­ңа буынын қалыптастырған бұл мектептің дайындаған қобыз­шылары көптеген өнер бәйгелерінен оза шауып, биік белестерден көрінуде. Әрине, бұл орайда Ф.Балғаеваның еңбегі зор.

Ф.Балғаева аспапты насихаттау ісіне ерекше көңіл бөлді. Барған жерде көңілге түйген мәселелермен тұрақты ой бөлісіп, мамандардың тал­қысына салып отырды. Жетістіктер мен кемшіліктер жайлы консерваторияның ғылыми кеңесінде, мамандар арасында пікірін ашық білдіретін. Газет-журналдар арқылы қазақ дәстүрлі музы­касының мәселелерін ашық талқылауға кеңінен аралас­ты. Мысалы, «Фольклорлық халық аспаптарының жандануы және оларды дамыту жолдары» тақырыбында пікірталас­қа қатысқан Ф.Балғаева фоль­­к­лорлық ұлт аспаптарын жи­нақ­таушы Б.Сарыбаевтың зерттеушілік ізденісін қол­дап, осы бағыттағы тәжірибені қол­данысқа кеңінен енгізуді жақтайды. Бірақ, сонымен бірге, фольклорлық аспаптардың жандануы шынайы табиғаты­ның шегінен шықпауы керек, және «жандануға жатпайтын ұлттық ырғақтың сақталуын қа­даға­лауымыз керек» деген ұстанымына беріктігін танытады. Еуропалық скрипка музыкалық аспабына қобыз­дың дыбысы, орындаушылық құрылымы ұқсап бара жат­қандығы алаңдататынын, дәстүрлі аспапқа өзіне тән табиғи қоңыр үнін қайтару керектігін өмірінің соңғы сәтіне дейін айтып отырды.

Ол ұлттық аспаптар кафе­драсын, кейін қобыз бен сырнай кафедрасын басқара отырып, жас оқытушылар мен сту­денттер тәрбиесіне көп күш-жігер жұмсады. Ф.Бал­ғаеваның педагогикалық қыз­меті өзі оқып бітірген консер­ватория қабырғасында 50-ші жылдан бастау алады. Құр­метті демалысқа кеткенше рес­публиканың түкпір-түк­пірінде еңбек етіп жатқан 100-ден аса шәкірт тәрбиелеп шығарды. Ол кісінің алды­нан тәлім алған заманымыздың мық­­ты қобызшылары, профессор Меруерт Қаленбаева, Зере Бей­­сенбаева, Ләззат Шәженова, Төрехан Кәрібаев секілді жеке орындаушылар Фатима апай салып кеткен сара жолды ұзартып, дәстүрді жалғастырып келеді. Көп жылдар бойы туыстас көр­­ші Өзбекстан, Әзербай­жан, т.б. елдердің жоғары оқу орындары тарапынан мемлекеттік емтихандар комиссиясының төрайымы болуға шақырылып тұруы оны өз ісінің шебері әрі кәсіби білікті маман деп білгендік болатын.

Профессор Ф.Балғаева 55 жыл педагогикалық салада қызмет етіп үлкен тәжірибе жи­нақтады. Ф.Балғаева дәс­түрлі қобыздағы ойынның қа­ғи­­дат­тарын алдыңғы қатарлы классикалық аспаптар, скрипка мен виолончель мектептерінің орындаушыға қолайлы әдіс-тәсілдерімен толықтырып, жан­дандырылған қобыз-прима аспабындағы ойнаудың өзін­дік оқыту әдісін қалыптастырды. Оның педагогикалық және орындаушылық жетіс­тік­те­рінің құпиясы – дәстүрлі мәдениеттің негізіне сүйене отырып, шы­ғар­ма­шылық да­ралық пен жа­ңа­шылдыққа ұмтылуында. Се­­­­бебі, оның ұстаздары қазақ өне­рі­­нің тарландары Қали Жан­тілеуов, Науша Бөкейханов, Жаппас Қаламбаев болды. Кейін оның орындаушылық шеберлігі скрипка өнерінің саңлағы А.Ауэрдің шә­кір­ті, атақты скрипкашы И.Лес­манның жетекшілігімен қа­лыптасты. Қобыз падишасы осы­­лайша өнер шыңына жетті. Халқы Фатимадай асыл өнерпаз қы­зының жарқын бейнесін әрдайым сол биіктен көре бер­­мек. Тоқсанның төрінде қалықтаған рухы шат болсын.


Шолпан РАУАНДИНА,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті
АЛМАТЫ

 

 

 

Пікірлер