Келіні жақсының керегесі алтын

877

Бірде әдеби ортада жиналып отырғанымызда біздің қатардан 5-6 жас үлкен, ақыл-ойы көп жасағаннан артық əпкеміз үлгі болар дүние айтты. Үйдің тұңғышы болса да əлі тұрмыс құрмаған ол бір күні ата-анасының хәлін білуге үйіне келеді. Өзі үйінен жырақта, қос шамшырағы інісі мен келінінің қамқорлығында екен. Ешкімге айтпастан, ескертусіз баруды ұйғарған. Ата-анасын інісі мен келініне табыстағанымен, іштей жандарының жайлы екендігіне бір жағы күмəн келтіре, бір жағы сенім арта туған жеріне келеді. Үйіне жақындағанда ашық тұрған қақпадан кіре бере тосын оқиғаға куə болады. Шырылдап жылаған сəбидің үні тыныштық сыйлар емес. Анасының қолынан жұлқи алған інісі баласын көтеріп өбектегенімен, тамақ сұрап шыдамсызданған сəби жылауын тоқтатпайды. Келіні де үйден жүгіре шығып қолынан ала бергені сол еді, жылаған дауысқа шыдамаған ол қосақтала əйеліне ұрыса жөнелді. Анасының көзінше інісінің жасаған бұл əдепсіздігін жат көрсе де үнсіз бақылап тұр. Келіні де шарт ете қалар деп іштей налып тұрғанда, бір ауыз сөз қайтармастан баланы алып үнсіз ішке кіріп кетеді. Аздап шуыл басылған соң енді келгендей бұл кісі де күлімсірей амандаса ішке енеді. Анасы мен інісі аң-таң. Келеді деп ойламаса керек. Амандасып, хəл сұрасқанша сəбиін ұстаған келіні жүгіре шығып, иіле сəлем жасайды. Немересін апасына беріп, өзі шайдың қамын жасап əлек. Үйге кірсе ет асылып жатыр. Жаңағы оқиға желісін енді ұққандай. Келіні қамыр жайып жатқан болуы керек, нәресте қатты жылап кеткен соң жұмысын қоя сала сыртқа асыққан. Əр іске үлгеріп, ебін тауып жүрген оған іштей риза болып отырады. Шай жасалып болған соң қалғанын анасына тапсырып, өзі еттің қамына кіріскен. Ет ортаға келгенше жұмыстарымен кеткен əкесі де келеді. Келінінің анасынан кейінгі үйдің ұйытқысы болып отырғанына көзі жетіп, көңілі жайланады. Тіпті іштей одан үлгі алар тұстары көп екенін де мойындаған. Оның ата-енесіне қамқорлығы, тіпті туған əкесі мен анасындай көретіні, жарын өзінен жоғары санап, сыйлайтынын байқайды. Осындай тəрбие көрген келін мен жеңгенің əр отбасына бұйыруын шын жүректен тілейтінін айтып, сөзін аяқтады. Біз де іштей бұл тілегін қостап, бұйырсын деумен үнсіз қалдық...

Жансая Сман,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы