1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс Думада қалай қаралды?

3637
Adyrna.kz Telegram

1916  жылғы қазақ ұлт-азаттық көтерілісі жеңіске жеткен жоқ, бұл рас. Бірақ, ол барша Түркістан өлкесіндегі көтерілістермен бірге Ресей империализмінің мызғымас  қамалын бұзған,  монархияның құлауына жол салған, патшалыққа қарсы жұмсалған аса зор, күшті де қуатты соққы­лардың бірі болды. Сондықтан да Он алтыншы жыл көтерілісін зерттеу, оны күллі сол шаққы ауқымында, барша түркі халықтары ішінде орын алған үдерістер ауқымында, Ресейдегі революциялық-демократиялық қозғалыс ауқымында қарастыру ешқашан маңызын жоймайды. Мәселені мұндай кешенді түрде қарау арқылы біз кешегі «ұлттар теңдігін қамтамасыз етіп, ұлт мәселесін шешті» делінетін бірліктен, озбыр күш пен идеология біріктірген Кеңестер одағынан шығуға тырысуымыздың сырын ұға түсеміз. Барлық одақтас республикаларды қызыл империяның  құрсауынан босатып, азаттыққа ұмтылтқан тарихи үдерісті мейлінше терең түсінетін боламыз. Атап айтатын бір жәйт, 16-жылғы көтерілістің аса зор тарихи мәнін лайықты дәрежеде тану үшін, оны зерттеу кезінде, барша құжаттық базаны бірге қарастыру маңызды болмақ. Бұлардың ішінде орыс парламенті материалдары да болуға тиіс. Өйткені, Ресей империясының Төртінші шақырылған Мемлекеттік думасы көтерілістің себеп-салдарларын  талқылап, үкіметке, министрлікке, жергілікті әкімшіліктерге жолданбақ депутаттық сауалдарды бекіткен еді. 

 Мәселенің туу тарихына аз-кем шегініс жасайық. ІVДуманың 4- сессиясы 1916 жылғы 20 маусымда аяқталған болатын. Артынша, 25 мау­сымда, майданның қорғаныс жұмыс­тарына Азиядағы өзге текті­лерді алу жайындағы патшаның әйгілі пәрмені  шықты. Пәрмен, баршамыз білетіндей, Қазақ өлкесінде де, Түр­кістан өлке­сінде де, әрине, ондағы қазақ аймақ­тарында да зор дүрбелең туғызды. Көтерілістерді басуға барлық жаққа жазалаушы жасақтар аттан­дырылды. Олардың қанды сойқандары жайын­дағы хабарлар түрлі жолмен империя астанасына да жетіп жатты. Ферғана әскери губернаторы Иванов 1916 жыл­ғы желтоқсанда облыстағы тәртіп­сіздіктер жөнінде жоғарыға жолдаған баяндамасында өлкеде жаңа әдістеме­мен оқытатын мектептер жүйесін құруға атсалысып жүрген зиялыларды «нео-туземдіктер» деп атап, сондай «нео-туземдіктердің бірі, ташкенттік сарт Убайдулла Асадулла Ходжаев» жайында жазған. Губерна­тордың түрлі тергеу тәсілдерімен анықтаған деректеріне қарағанда, ол «Петрог­радқа барып, думалық топ­тарға жол тапты да, мұсылман фрак­циясы алдында Түркістандағы оқиға­ларды біржақты бұрмалап баяндап берді. Ходжаев өлкеге депутаттармен – мұсылман фракция­сындағы Тевке­левпен және трудовик Керенскиймен оралды».  Іс жүзінде «ташкенттік сарт Убайдулла Асадулла Ходжаев» ол кезде адвокат әрі жәдидтік сипаттағы ұлт қозға­лысын қолдайтын өзбек газетінің редакторы, эсерлермен тығыз байланыс жасап, мұсылман халықтары арасында революциялық жұмыс жүргізіп жүрген қайраткер болатын. Ол Петроградта мұсылман комите­тіндегі өзінің пікірлесі әрі үзеңгілесі Мұстафа Шоқаевпен бірге ІV Мем­лекеттік дума мүшелерін аралайды. Олар берген ақпараттар нәтижесінде Мемдума Түркістан мен Дала өлке­леріндегі жергілікті жұртты «майдан­ның қара жұмыстарына реквизи­циялау» туралы император пәрменіне байланысты тұтанған көтеріліс жайын және оны басу барысында орын алған келеңсіз­діктерді тікелей біліп қайту үшін арнайы делегация жасақтайды. Дума делегациясының басшылығына дума­лық оппозиция лидерлерінің бірі, «еңбекшілдер» («трудовиктер») тобы­ның серкесі Александр Федорович Керенский мен Думаның төрт шақыры­лымында да депутат болып сайланған қарт қайраткер,  мұсыл­мандар фракциясының төрағасы Құтлы-Мұхаммед Батыргерейұлы Тевкелев енді. Делегация құрамында Дума мұсфракциясының мүшесі, болашақ Әзірбайжан демократиялық республиканың сыртқы істер министрі және ӘДР парламенті басшыларының бірі, мұсылман қозғалысы қайраткері Мәмед-Юсиф Ғаджибабаоғлы Жафа­ров та бар-тын, бірақ, сол шақта Кав­казда бой көрсеткен оқиғаларға байланысты, ол Түркістан өлкесіне бара алмай қалды. Делегацияға тіл­мәштық әрі көмекшілік жасау мақ­сатымен фракция бюросындағы жас қайраткерлер Шәкір Мұхаме­дияров пен Мұстафа Шоқаев ілесті. Делегация өлкені тамыздың ортасынан қыр­күйектің басына дейін аралап, Жизақ, Әндижан, Самарқан, Қоқанда болды. Көтеріліс өрті  алғаш 4 шілдеде Ход­жентте тұтанып, одан Ташкентте, Мар­ғилан, Наманган,  Әндижанда, әсіресе, 11 шілдеде Жизақта лаулаған. Жазалаушы әскери экспедиция көтерілісшілерді 21 шілдеде барлық ошақтарда тас-талқан етіп, бүлікке кінәлі деп тапқан жұртты қырғынға ұшыратқан. Алайда, патша жарлы­ғына қарсылық оты Түркістан және Дала генерал-губернаторлықтары аймақ­тарының түкпір-түкпірін түгел шарпыған болатын.

 Делегация өлкеде көптеген адам­дармен кездесті. Әндижанда  шілденің басында ғана «Түркістан үні» газеті ашылған-тын. Оның құрыл­тайшысы және редакторы Әндижан соғыс-өнеркәсіп комитетінің мүшесі, үй иеленуші, омарта қожасы, өзара көмек қоғамының төрағасы Анастасий Чайкин еді, газетте оның туған інісі, социал-революциялық партия мүшесі ретінде қуғын көріп, Якутияға жер аударылған, одан Астраханға, ақыры ағасы тұратын Әндижанға келген эсер Вадим Чайкин істейтін. Солармен тығыз қарым-қатынастағы әндижан­дық мұғалім, ағартушы, болашақ Түр­кістан (Қоқан) автономиясы Ұлттық Кеңесінің хатшысы, Кеңестік Түркі­станның жер мекемесі қызмет­кері, шығыстанушы-ғалым, зерттеуші Қоңырқожа Қо­жықов әскери экспе­дицияның ха­лықты қалай қырғынға ұшыратқанын дәйектейтін көптеген дерек жинаған. Сол материалдарды байырғы партия­ласы Чайкинге Мұста­фамен бірге қонаққа келген Керен­скийге тапсыр­ды. Өлкені аралаған жарты ай ішінде делегация халық толқуының себеп­терін анықтайтын және жазалау­шылардың қатыгездік­терін дәлел­дейтін көптеген куәліктерге қанықты.

Делегация Петроградқа оралған соң, қыркүйектің 10-жұлдызында, Керенский сапарларының нәтижесін депутаттардың жеке жиналысына ха­барлаған болатын. Сол шамада қоғам қайраткерлері Бақытжан Қаратаев пен Жиһанша Сейдалин дала көшпен­ділерінің 25 маусым пәрменіне қарсы ереуілдеуінің себеп-салдарларын баян еткен «Қазақтар туралы естелік жазбасын» Думаға және үкіметке тапсырған. Думаның бесінші сессиясы жұмысын 1916 жылғы 1 қарашада бастады. Айдың аяғына қарай мәселе Думаның соғыс комиссиясында тал­қыланды. Желтоқ­санның басында Думаның қарауына депутаттық топтар тараптарынан үкіметке жолдануға тиіс үш сұрау салу мәтіні түсірілді.  Ақы­ры, қойыл­ған мәселе 13 және 15  жел­тоқсанда Думаның жабық өткізілген отырыстарында қаралды.

Алғашқы баяндаманы Керенский жасады.  Сөзін: «Біз бүгін талқылауға тиіс  оқиғалар бұдан едәуір көп уақыт бұрын өтті, бірақ, олардың салдарлары әлі сезіліп тұр, олардың салдарлары тек Түркістан мен Дала облыстарының ғана емес, бүкіл Россияның өмірінде әлі көп уақытқа дейін сезіліп тұратын болады», – деп бастады. Сосын «алыс Азиядағы өзге тектілерге қатысты біздің мемлекетіміздің саясаты»  қилы көзқарастағы депутаттардың алауыз­дығын ұмыттыратынына сенім білдірді де, оқиғадағы оғаштықтарды көрсе­тетін жағдайларды құжаттарға негіз­деп, сөзін сабақтай берді.  Баянда­ма­шы­ның көзі мынаған анық жетті: экономикалық күйзеліс, тыныш өмір­дің бұзылуы орыстар жағынан да, туземдік халықтан да құрбандардың көбеюімен астасып жатты. «Бірнеше мың орыс тұрғындары және көптеген ондаған мың туземдік қаза тапты. Осы масқара трагедиялық оқиғалардың себептерін ашу, оны болдырған айыпкерді табу, Түркістандағы оқиға­ларды туғызған тамырларды анықтап, олардың болашақта қайталануының алдын алу, міне, менің алдыма қойып отырған мақсатым», – деді ол. Содан соң делегацияның көтеріліс орындарында тікелей жүргізген зерттеулерінің нәтижесін  баяндауға көшті. Оқиғаны мол да нақты дерек­термен сөйлетті. Халықты көтеріп, қырғынға ұшыратқан қанды тәртіп­сіздіктер үшін басты айыпкер патша үкіметі боп табылатынын дәлелдеді. Өз құзыретін асырапайдаланған ішкі істер министрін жазғырды. Жем­қорлыққа батқан жергілікті әкімдер мен шенеуніктердің сотқа тартылуын талап етті. «Оқиға үшін бар кінә тек қана билікке – жол беруге болмайтын, адам айтқысыз заңсыздық жасаған орыс өкіметіне артылатынын біз атап айтуымыз керек, – деді ол сөзін аяқтай келе. – Ондаған мың жазықсыз өл­тіріл­ген адам қаны мойнында тұрған қылмыс­керлердің жазасын беруден басқа, біз Түркістанды және басқа да шет аймақтарымызды басқарудың жаңа түрлерін енгізуді шұғыл түрде талап етіп, орындау кезегіне қоюға тиіспіз».

Екінші баяндаманы Мәмед-Юсиф Жафаров жасады. Ол, жоғарыда айтқанымыздай, Түркістанға бара алмады, бірақ, шамасы, Тевкелевтің өтініші болар, Дума мәжілісінде фракция атынан сөйлеуді міндетіне алды. Түркістандағы жағдайға ол бұрын да алаңдаулы еді, Түркістан генерал-губернаторы міндетін уақыт­ша атқарып жүрген генерал Мартсон орталықта штабта істеуге шақыртып алынғанда,  оның орнында уақытша басқарушы болып генерал Ерофеев қалған. Міне, сол билеуші 1916 жылғы 21 маусымда, әйгілі 25 маусым пәр­менінен бар болғаны төрт күн бұрын, бұратаналар патша офицерлері мен әкімдерін көргенде тізе бүгіп, иіліп, тағзым етуге міндетті деген, жергілікті халықты кемсітіп, тұқырта түсетін бұйрық жариялайды. Жа­фаров «адам абыройын қорлайтын» осы бұйрық арқылы «орыс өкіметінің беделін көтергісі келген» билеушінің іс жүзінде «сол беделді батпаққа батыр­ғанын» ащы сынға алған болатын. Ол Думаның 5-сессиясы ашылғаннан кейін, 27 қарашада, орыс өкіметінің Түркістан мен Қазақ өлкелерінде көтеріліс ошақтарын басу кезінде жасаған қырғындары жайында өткір сөз сөйледі, мәселенің юристік жағын үкіметке жолданбақ сұрау салу мәтінінде тиянақтауға атсалысты. Сосын осы жабық отырысқа әзірленді. Оған қажет материалдарды жинас­тыруға және жасамақ баяндамасын жүйелеуге фракция бюросының мүшесі Мұстафа Шоқаев жәрдемдесті  (Ол Керенскийдің көмегімен тиісті рұқсат алып, үзеңгілесі Зәки Валидов екеуі майдан құрылыстарына алынған жұмысшылар жағдайымен танысып қайтқан болатын).

Сонымен, Керенскийден кейін Дума мінберіне көтерілген Жафаров мұсылман фракциясы атынан сөйлеп, осы оқиғаларға деген көзқарасын және оларды туғызған себептер мен жағдайларды атамақ ниетін аян етті. «Аса жоғары мәртебелі пәрмен Ресейдің шығыс шет аймақтарында – Кавказда, Түркіс­танда, Сібірде және дала облыстарында тұра­тын өзге текті  халықтардың өмірінде тұтас бір дәуірді ашты, – деді ол. – Дүние­жүзілік ұлы соғыс үдерісіне соған дейін ерекше экономи­калық бітімімен өмір сүріп жатқан, жалпы­мемлекеттік құрылымда құқтары шектеулі азаматтардың айрықша жағдайында тұрған жүздеген мың өзге текті халық тартылды. Осының өзінен үкімет оларды жаппай шақыруға абайлап, ойланып кірісу қажет екенін ұғуы тиіс еді. Алайда, бәрі керісінше жасалды: өзге тектілерді шақыру Империяның Негізгі Заңдарын бұза отырып жүзеге асы­рылды, олардың шаруашылық жағдай­ларын ештеңемен ақтауға болмайтын сіл­кініске ұшыратты». Осылай дей келе, жоғарғы билік агенттерінің заңсыз әрекеттері жергілікті өкіметтің шексіз озбырлықтарына жалғас­қанын нақты мысалдармен аян етті. Соның бәрі үкіметтің ғасырлар бойы өзге тектілерге бағытталған, олардың ой-пікірін де, тіршілігінің мүдделерін де елемейтін саяси дәстүрлерінің тікелей салдары екенін айтты. «Билікті асыра пайдалану – орыс өкіметінің өзге тектілерге арналған саясатының басты  принципі» деп тұжырды шешен. Өкіметтің іс-дағдысын: «Қайдағы бір киргиз, сарт, түркмен үшін заң талаптарымен санасу не керек?» деп әш­кереледі. Түркістан аймақтарындағы, Жетісу, Зайсан, Астрахан, Торғай, Қостанай жақ­тарындағы ахуалды әңгімеледі. Соғыстың қара жұмыстарына алынған жұмысшылардың жағдайына тоқталды. «Жұмысқа алынған киргиздарға түрме режимін қолдануда, олар­ды ұрып-соғу, дүрелеу, жұмысқа конвоймен апару – әдеттегі іс, тіпті, табиғи мұқтаж­дық­тарын атқару кезінде де жұмысшылар соққы­дан көз ашпайды» деп түйді. Әскери министр Шуваловтың соғыс-теңіз комис­сиясында: «Бәлкім, мен билігімді асырыңқырап жіберген болармын, егер қажет деп тапсам, келешекте де тап солай  әрекет етемін», – деп мәлім­деге­нін депутаттардың есіне салды. «Егер жоғары билік өкілдерінің заңдылық туралы түсінігі осындай болса, онда биліктің жер-жердегі агент­терінен не күтуге болады», – деп ашына сөз саптады Мемдума мүшесі Мәмед Жафа­ров. Әйтсе де күндерде бір күн ондай­ларға  билікті асыра пайдаланғандары үшін Жазалар жөніндегі ережелердің 311-бабында ескерілген заңды шараны– мүліктік құқтары­нан айырып, арестанттық бөлімдерге айдау жазасын қолдану сәті туар деп үмітте­нетінін жария етті.

Араға бір күн салып, 15 желтоқсан күнгі жабық мәжілісте жарыссөз болды. ІV Мемдуманың Ригадан сайланған мүшесі князь Серафим Мансырев  өлкені Ресейге қосып алғаннан отыз жыл өткен соң, сонда барып үш жыл жұмыс істегенін айтты. Сонда  көзіне түс­кен екі жәйтті әңгімеледі. Бірі – Түркістанда ежелден бар ирригациялық құрылыстардың қолданыстан шығып, су арналарының қаңсып қалғаны, екіншісі – орыс төресі келе жатқан­да, алдында дірілдеп тұрулары үшін, базар­дағы саудагерлерді де, сатып алушыларды да шыбыртқымен сабау әдеті екен. Щедриннің «Ташкенттік мырзалар» атты шығармасын еске салып, шет аймақтарға «орыс мәдениетін зорлықпен орнықтырып жатқан» сондай мырзалардың парақорлықты дамытқанын әшкереледі. Жергілікті әкімші­ліктегі мырзалардың озбырлықтары түбегейлі өзгертілмейінше, осындай және бұдан да ауыр оқиғалардың бола беруі ықтимал екенін ескертті. Полтава губерниясынан сайланған депутат граф Дмитрий Капнист 2-Керен­ский суреттеген жайлардың жетіспей тұрған жағын, атап айтқанда, «туземдіктердің орыс тұрғындарына жасаған сұмдықтарын» айтып толықтырды. Сосын өзінің «Түркістандағы орыс отарлауын қызу қуаттаушы» екенін аян ете келе, оның жүргізілу практикасына қарсы екенін, өйткені,  Түркістанда сенатор Паленнің ревизиясына қатысып, бір жыл болғанында, осы қайғылы оқиғаның болмай қоймайтынына көзі жеткенін тілге тиек етті. Өзге тектілерден жер бөліп алу іс жүзінде туземдіктерді тонау жолымен жүзеге асырылды, содан туған масқараның қайталанбауына кепілдік ету үшін, Түркістан өлкесін басқаруды  қайта қалыптас­тыру қажет деді ол. Дондық әскер облысының депутаты, дәрігер әрі заңгер  Моисей Аджемов 19 бен 43 жасқа дейінгілерді бір мезгілде соғыс жұмысына шақыру  мемлекет мүддесі тұрғы­сынан ойлайтын адамның тірлігіне жатпай­тынын айтты. Сөзін қорыта келе, Мемдума билікке:  «Мұндай өкіметтің орыс атына лайық емес, ол тек қана жеркенуге лайық» екенін мәлімдеуге тиіс деді. Одан кейін Керенский қайта сөз алып, граф Капнист 2-сөзіндегі ескертпеге байланысты өз ойын нақтылады. Графтың әділетсіз жер қатынастары негізінде тәртіп­сіздіктер болуы тиіс екенін орынды атағанын мойындады. Шынында да, жергілікті халықты жерден айырып, озбырлықпен тонау ең қиыр шегіне – «былай айтқанда, Геркулес баған­дарына жеткен жақтарда» неғұрлым ауыр салдарлар пайдаболды дей келе, оларды тізбелей бермеуінің сыры Капнист 2 ойла­ғандай емес деді. Мәселе, шешеннің айтуынша, оның бұл ауыр салдарлардың басты себебі туралы, өкімет туралы негізгі де жалқы мәселені Мемдума мүшелері алдында бар дауыспен көтеруді мақсат еткенінде  еді.

Содан кейін жарыссөз тоқталды. Сұрау салулар дауысқа қойылды.Үшеуі де қабыл­данды. Келесі күні патша Думаны каникулға жіберу жайында жарлық шығарды. Жел­тоқсан айы бойы жергілікті әкімшіліктер сұрау салулар бойынша есептер беріп, баяндамалар әзірлеп жатты. Алайда, жұмысын 1917 жылғы ақпанның 14-інде ғана жаңғыртқан Мемду­маның бұл мәселеге қайта оралуға мүмкін­шілігі болған жоқ. Күркіреп революция тақа­лып келе жатты. Патша 25 ақпанда Думаны біржолата тарқатып жіберді де, бірнеше күннен кейін өзі де тақтан түсті…

Империяның шет аймақтарында бұрқыл­даған ұлт-азаттық көтерілістер жайындағы мәселені орыс парламентінің талқылағанына да, міне, биыл – бір ғасыр. Осы мәселені жан-жақты және терең зерттеуге алу біздің әзірге толық жүзеге асыра қоймаған міндетіміз боп табылады. Егер қолдарыңыздағы шағын шолу жоғарыда аталған бағыт бойынша жүргізілмек болашақ үлкен зерттеулерге тамшы болып қосылса – еңбегіміздің еш кетпегені деп білеміз


Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

"Алматы Ақшамы"

 

Пікірлер