Серікжан Мурасилов: Басы жоқ бастық

3378
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі әдебиеттің ақсап тұрған тұсы - сатира. Кешегі Оспанхандар салған соқпаққа тұяқ іліктірген жастарды ілеуде бір көресіз. Ел іші-өнер кеніші. Жақында ауылдан бір тамаша сатирик жасты таптық. Жазғандары өзгеше. Райымбек ауданы, Хан Тәңірі газетінің тілшісі болып істейді екен. Есім-сойы Серікжан Мурасилов. Тырнақалды туындыларын Оқырманның Патша көңіліне ұсынамыз.

"Адырна" ұлттық порталы

Бүгінгі сатира

Басы жоқ бастық

   «Басы жоқ бастық. Кәдімгідей ма?» деп сұрайды  алжыған құрбым. «Кәдімгідей» дедім. Мойыннан жоғары не көтеріп жүргенін білмеген адам басы жоқ емей немене? Салқар да салқар жолы бар, көргені көп, түйгені түгел екіаяқтының парасаттылығынан пенделігі қалай биік болар  деп басымды шайқай бердім. Басымды шайқап тұрып басымды бассалдым. Ухх, менікі орнында тұр. Бұған да күмәнданғандай болып, саусағымды жымқыра түйіп, шекемді, шүйдемді тоқ-тоқ еткізіп тоқпақтай жөнелдім. Жоқ, әшейін пісіп тұрған қарбыздай екен. 

  Қағазы көп кеңсе жұмысын дөңгелетіп алып кету кім көрінгеннің қолынан келмес. Оған расымен де бас керек. Керек болғанда да менікіндей мәләдес бас. Бірақ басшылыққа қайдан екенін басы жоқ өңкейлер өңкеңдеп келіп алады ей. Тіреулері арматура аралас бетоннан. Жел де, дауыл да жыға алмайды. Жер сілкінсе де, ел сілкінсе де мыңқ демейді. Бәрі  семіргіш, егеуқұйрықтай кеміргіш. Бәле болғанда сол, басы жоқтардың кесірінен басың ауған жаққа, босып та, басып та кетесің.

  Осындай ой орманымның аңдары ақырып,құстары шулап,  суыры сұңқылдап «Халықты алдап асыраймын» мекемесіне келдім. Есікті ашып қалғаным сол,  қарауылы дубинкамен дүңкілдетіп қуып шықты. Сөйтсем, түрім темірдей қап-қара, иығымды тіршілік түсірген, белімді бишікпен пен басшылық бүккен, мүсәпір екенмін. Айнаға қарамағаныма алты жасымнан кейін, елу жыл еңірей, қырық жыл қыңсылай өте шығыпты. Сақалым сабсиған,  көзім ақиған. Әбден теперіш төсегі арқамды жауыр, қабағымды ауыр, ашуымды дауыл еткен екен. Шақ еткенге шап еткен шал боптым да қалыппын.  

  – Ескі заманның есуас шалы, ең болмаса лыпаңды дұрыстап келсең ғой. Андағы түріңмен түрмеге де кіргізбейді ей, – дейді қарауыл қарқылдап.  

 – Несі жаман? Басымда бөрігім, қолыма таяқ –серігім, иығымда шапаным, орденім  жоқ, атағым, аяғымда мәсім бар, давай есік ашыңдар. Айтпақшы, бұтымда атқа да, таққа да ыңғайлы шалбарым бар, ішінде жамаусыз жаңа дамбалым бар. Несі ұят? – дедім қамшымды сығымдай, сілкілеп.

– Ең болмаса, гәлөстік тағып келмейсің бе қыртымбай неме, сені бастығым көрсе, қаны қара судай қайнап жылы креслодан қарғып кетер. Анау жолы сендейлер керзі етікпен бастықтың қан-қызыл алашасын әбүйірлеп тастапты. Содан бері строго тыйым салды,– дейді қарауыл қатқыр.

  Шатақ шығару шалға жарасады. Қазір деймін қамшымды шошайтып. Шапанымды тастап, жағамды ағытып, жеңімді түріп, гөлөшімді шешіп, сақалымды тұштаңдатып, бастық бөлмесіне басып кірдім. Ойепырмай-ау, хан сарайындай деген  кабинетте ауы ағытылған, қарны қанардай беті түкті бір мықты сілейіп қапты. Қорылы қабырға құлатардай, қолтық иісі жылатардай. Тентіреген көзім терезе іздеп, таза ауа таппай тыпыршыдым. Мына сорлының тазалығы менің аяқ артар бестімнен ары ғой деймін танауымды тыржитып. Жәңегі жарнама ғып айтқан қан-қызыл алашаның үсті бәйге жүйріктерінің тұяғы жұлмалаған жердей жырым-жырым. Еденге  лақтырылып тастаған кір-кір ұйықтар иістеніп жатыр. Жайлаудай жағасына, басшы деген бағасына бойламаған сиқына сақинам сықырлап, жүрегім тыпырлап кетті. 

 «Басеке»–деймін, немеремдей немеге сыпайылықпен сымпылдап. Ол болса жөнді жауабы жоқ, ақтаңылтақтанған бетін үскілеп, мәңгірген басын, майланған шашын қақсата қасыды. Қасып еді қайзығағы қардай ұшып, кірпік-шашыма құйып кетті. Басымды сілкіп қалдым. Істеп тұрған миым, азғантай ғана сыйым басы жоқа басшының алдында екі этаж, үш этаж екенін түсіндім. Түсіндім да, түріне қарап түңілдім. Түңілдім де, берекесіз бетіне үңілдім.   

  –Аяғыңызды шештіңіз бе? – дейді, шаңытқан көзін шатынатып.

 – Шештім, әке шештім. Аузың мен ауың ашылып қапты. Қайсысына қарайын, – дедім лақылдай лоқсып. 

  –Түнде іштіңіз ба? Басыңыз ауырса жуып берейін,– деді тартпасын тықырлатып. 

 – Жоқ әке, мен сенің қаныңды қасықпен ішуге келдім. Қаныңды ішіп отырып маңыз миыңа  нан матырып жеймін, санаңнан салат жасаймын. 

  Сонда қалай дегендей басы жоқ басшы  басын быртық-быртық саусақтарымен қорғаштап, өзіне сілтенген  қамшыдан жасырды. Көтерем жылқыдай үйелеп жатқан жерінен сиыршалап тұрып еді шалбары шешіліп қалды. Жалма жан қолымен еркектік  абыройын бүркемелегені сол, қасқыр тіс қамшыммен басынан салып қалдым. Басынан қаңылтырдың қаңғырлаған даусы шықты. Керілген кеудесінен періп қалсам  бос бөшкедей боздап кетті. Сырты «тоқ» болғанмен іші «аш» екен. Бетондай беліненен атап өтіп, өкпе тұсынан қамшы ұшымен түртіп, өкпелеген елдің өкініш аралас, қайғы жағалас әңгімесін әндетіп айтып бердім. Оған бетінің жүні де жыбыр етпеген соң жоқтау ғып жеткіздім. Оған да түктері тікіреймеді. Сосын сыңсу ғып сөзбен, қалың етін, қалың бетін сабаладым-ай. Май басқан жүрегін тікенек-тікенек сөзбен араладым-ай. Былқ етпейді. Екі беті бүлк етпейді. Көңілсіз көзіне қарасам жұртта қалған үйдің үңірейген терезесіндей қорқынышты. Қорқынышты болған да халықтың жағдайынан да аянышты екен. Барлық қайғыны бір өзі көтеріп көтерем болғандай меңірейген меншікті мінезімен көзіме кінәлай қарады. Тақ бір  мұны мен мұншама қайғыға қамап қойғандай алдында шашылып жатқан қағазға қарады. Сөйтсе-ем, басы жоқ бастыққа қонақ боп кеткен мен ғана емес екенмін. Мендей епті, текті шалдардың бірнешеуі басы жоқ немені менен бұрын-ақ қаға-соға кетіпті. Әр қайсысы сөзбен түйретіп, қамшыны басына билетіп, әбден әлек етіп, әлсіретіп тастапты. Сондықтан кетік-кетік кертілген – көңілі, көркі кеткен көшедей – өмірі бұлтты күннің бұлыңғыр таңындай, арба жолдың шаңындай шұбатылып шашылып қапты. Аяп кететін жүрегім малға да жанашыр ғой деп, әлгінің ашылып қалған ауы мен аузын қамшымның сірне ұшымен түртіп, түре жауып бердім. Ең болмаса да, ем болмаса да басы жоқ бастыққа басымның істейтін шетін ғана қамшымен шертіп  көрсеттім. Шайтанды да, сайқалды да, байталды да қамшы ғана тәрбиелейтінін басы жоқ бастық сезді ма екен? Сезген шығар, сезім баста емес қой. 

                                  

Көз жасқа тұншығып қалам

   Бойым да, ойым да сонша ұзын емес, түрім де онша қызық емес. Әйтеуір жан бағып, кәстөм кигендерге таң қалып, суретке түсіріп ақша тауып жүрген едім. Жолда жортып келе жатқам. Артыма  қарасам қара-көк кәстөм киген біреулер ахілеп-үхілеп жүгіріп келе жатыр. Байқұстардың бетінде бет, етінде ет қалмапты. Ораза ұстаған менен ары. 

   – Ағай, ағай дейді, шетіндегі шандыры.

   – Не болды, кім боласыңдар? – дедім көрден тұрып келгендей өздеріне, өлеусіреген көздеріне қарап. 

  Мен әкімнің түкірігін-қақырығын жинаушы болып қызмет істеймін, атым – Албасты – деді, он екінші қабырғасының астынан дем алып. 

 – Ал мен, әкімнің қайзығағын  қағушы – Мақұлмын – деді, сопақ басын сипалап.  

  Иә, не көмек керек еді – дедім, бәтенкем сияқты мыж-тыж беттеріне тесіліп. 

 – Суретке  түсіру керек,– дейді, өз демдеріне өздері тұншығып 

 – Қанша төлейсіңдер? 

 –Алғыстан басқа айтарымыз жоқ –деді,  мыж-мыж беттерін бедірейтіп.

  Шынымды айтсам аяп кеттім. Көп керілмей  келістім. Екеуінің көзі көшенің шамдарындай қайта жарқырап жана кетті. Біреуі қайзығағымды қағып, екіншісі түкірігімді бағып тұр. Жаным ашып кетіп, тасып жеткен түкірігімді тілмен тоқтатып жұта салдым. 

  Сөйтіп, әкімшілікке әндетіп кіріп келдім. Келсем әкім абыржып отыр. Амандассам аяғының саусағын қозғауға ерініп, еркелеп, былжырай  қалды. Мақұл мен Албасты жүгіріп барып оң қолын көтеріп, қолыма қолын қыстыра салды. «Ассалаумағалейкүм» демесе де «Уалейкумсалам» дей салдым, атам, апам үшін. 

  Содан кейін біреуі әкімнің апандай  аузын аяғымен тіреп тұрып ашты. Екіншісі  теміреткідей сірескен тілінен тартқылып, тот басқан тісіне қайрап-қайрап, ары-бері қозғап әрең дегенде сөйлетті-ау әйтеуір.

 – Сен менің кім екенімді, күлсем күн, күлмесем түн екенімді білесің ба? – дейді, астыңғы ернін ауырсынып. 

 – Білемін. Бірақ өміріңіздің барлық сериясын көрмеппін. Боевик па, мелодрама ма дедім – жарты метр тіліммен жарты гектар бетімді жалап.  

 Содан үнсіз үңірейген мұнай түстес көзін бетенкеме бір, бетіме екі қадап өтті де, мойнымда салақтап тұрған фотоаппаратқа салды. Осыны байқаған Мақұл мен Албасты әкімнің жағын жабылып жүріп қозғап тағы бір сөзді суырып алды. 

 – Сен мені ешкімнің қолынан келмеген суретке түсіресің. Ақысына алғыс арқалап қайтасың, – деді. Мейлі, деп келістім де Албасты мен Мақұлға қайта қарадым. Екеуі әкімді есінеп тұрғанда суретке түсіру керек деген өтініш айтты. Сонымен ұйқысы тыныш оның есінеуін мысықтай міз бақпай ауладым.  Сабазың түк те есінемеді. Бірақ тойымсыз көзі тұрақ таппай біресе маған, біресе фотаппаратқа түсе берді. Сағат түнгі екі болды. Әкімде әлі ұйқы жоқ. Мақұл мен Албасты болса бастықтарының борықтай санында баладай балбырап ұйқыны ұрып жатыр. Бір кезде шыдамай кеттім де әкімге ел-жұрттың жағдайы жайлы әңгіме айттым. Әкімдердің әдеті ғой, басында жақтырмады. Сонда да ауылдың ахуалын айтудан жалықпадым. Танкалар ғана түзу жүретін көшелер туралы сөз етіп едім сол жақ қасы жоғары көтерілді де қайтадан орнына түсті. Сосын үйінен шықса базарға, базардан қайтса үйіне жету үшін қиямет қайым кешетін мүгедектердің жанайқайын жырладым. Сөйтсем төбесіндегі бір уыс шашы  ағарып кетті, өлә! Бірақ есінемеді. Қайтсем де есіңнен таныта есінетем деп қоям ішімнен.Тоқтап тұр, бала не, әкім не екеуі бөбектей аңқау емес пе. Давай, ертегі айтып көрейін деп жоқты бардай, барды базардай жайдым.  

  –Баяғының бай заманында сіз басқарған ауылдың жанында үлкен көл болған. Ол көл халықтың көз жасынан пайда болған. Тегі, тартылмай тұрып, ауыл тұрғындары сол көлге бар қайғысын жуып, қағажу көрген көңілін шаяды екен. Бірде тасып, бірде жуаситын көл  күндердің күні еңірей жылап, бар ауылды топан су алып кетіпті.Улап-шулаған халық не істерін білмей еңсесі биік, терезесі темір, құрылысы құрыш әкімшілікке қарай беттей жүзеді. Барса әкім суға батып-шығып, көз жастан пайда болған көлдің ащы дәмін жұтып, есі ауып, тұзды қиярдың суын ішкендей қаталап жатыр екен. Халыққа қараса суға батпайды дейді. Бәрі құстың қауырсыны сияқты судың бетінде қайықтай қалқып тұр. «Сіздер, сіздер» деп су жұтып, қиналып жатқанда тас кенеше жабысқан астындағы креслосы құйрығынан сопаң етіп сырғып, ағысқа ілесіп береді. Айналасына  қараса қарманатын тал жоқ. Сөйтіп, сүме-сүмесі шығып аяқ-қолы ербеңдеп тұрғанда жанына жандайшабы, құдайдың құтты күні қасынан табылатын орынбасары көрші бөлмеден шалп-шалп еткізіп шалқасынан жүзіп шыға келеді. –Ағатай, әкемнен кейінгі қадірлім, бастығым, мен бұл халықтың көз жасына жүзіп үйреніп қалған бекіре балықтай блатной шомылам. Тоң мойныма отырасаңыз да, бетондай беліме мінсеңіз де мыңқ етпеймін, –дейді, бұлтылдап.

 Әйтеуір әйтіп-бүйтіп әкім әрең дегенде қанардай қарнын, сосын аяғын асырып, орынбасарын жайдақ мініп алды. Ол болса тұншыға осқырынып,  жүзе жөнелді. Суда сүңгіп, сальто жасап жүрген халыққа қараса еш уайым жоқ екен. Әкім аң-таң. Шеткеректе сақалын судан сығып, көңілді күйде үйінің шатырында  отырған шалға жолығады. Жолықса шал тырқ-тырқ күледі дейді. Әкім ашуға басып, – Оныңыз не? Дап-дардай басыңызбен! Айналаңызға қарап қойыңыз... Суда отырғаныңызды білесіз ба? – десе, шал шалқасынан жатып алып күліпті. Әкімнің талағы тарс жарыла жаздап, теріс айналып кете берейін десе шал тоқта деп май құйрығына бір теуіпті. – Біздің ауылдың қадірменді әкімі сен ба едің? Жылай-жылай көзіміз ақты, содан танымай тұрғаным...деп, – күлмегенде жылаймыз ба? Жасымызды төгіп-төгіп тауыстық қой. Таусылмаған күлкімізбен күнімізді ұзартып, көзімізді қызартып отырмыз  да. Келіңіз хормен күлейік,– деді сақалын селк-селк еткізіп деп, ертегімді аяқтай беріп бетіне қарасам, аузы ашылып ұйқтап кетіпті. Ішінен жеген-пегені көрініп, жартысы ернінен төгіліп жатыр екен. Ақырын, оятып алмайын деп фотоға түсіріп алдым. Сұмдық-ай, сұмдық! Не пәлені жемеген десеңізші, бәрін жепті. Зейнеткердің көңілін жылытуға бөлінген көмірді бастап, сәбидің жөргек пұлына шейін шемішкедей шағыпты. Ауылдың жарты халқының арыз-шағымы асқазанында қорытылмай қалса керек, ұртының бір шеті ыбырсып жатыр. Жолға бөлінген қаржыны асфалтьке араластырып асапты. Кекірігі смола сасиды. Ауыз суға бөлінген ақшаны кампот жасап ішіп, арақпен араластырып, коньякпен жағаластырып, сонау түп асқазанына екі-үш қойдың, төрт-бес құлынның, сегіз бірдей шошқаның қуырдағына  қаттап тастапты. Сәл мойнымды соза түсіп қарасам екі-үш нива, төрт камаз, бір трактор, бір джип көлігі аш ішігіне тіреліп тұрып қапты. Соған бола мезим ішіп мазасы кетіп жүр екен. 

   Аузынан төгілген, ауыл шаруашылығына бөлінген  он-онбес субцияданы қалтама басып алсам албасты басты дейсіз ба... просто шомыла алмаймын. Көз жастан пайда болған көлде тұншығып қалам.

Қалаға барсам қарным ашады

  Қалаға барсам қарным ашады. Шөл болса алқымнан алады. Ұят беттен жұлып, шымшиды. Сосын тәрелкедей тәбетімді табан астында кірлетіп алам. Ағайын-туыстарым жоқ емес бар. Дос дегенің жыртылып-айырылады. Ол айналайындар жайлы ауыз толтырып айтқанмен  дастархандарынан ауыз толтырып тамақ іше алмайсың. Қалай дейсіздер ма? Былай. 

  Артынып-тартынып, Алматыға келгенде алдымен автобустан оң аяғыммен түсем деп сол аяғыммен жер бассыппын. Артымнан ырсылдап келіп қалған трактордың дөңгелегіндей  бүжір-бүжір дәу қара әйел басып кетіп жазым болам ба деп сасқанымның кері ғой. Ырымшылдығым ұстап, автобусқа қайта мініп, артымнан ештеңе қуып келе жатпағанына көз жеткізіп оң аяғыммен асфальтқа қойдым. Ең бастысы мынау тасқалада аш қалмау керек маған. Сондықтан қамсыз болмай самса жеп, сағыз шайнап, екі тәрілкеден тамақ ішіп, артынан Алматының «машалка нанын»  кептеп алдым. Тойғанымды тексеру үшін күркірете кекіріп едім, көшедегі кісілер селк етіп, теректегі құстар желп етті.  

  Жолай келе жатып, шемішке шақтым. Әйтеуір қарным тойды. Сөйтіп, туысымның үйіне көңілді кіріп бардым. Амандық-саулықтан кейін шәй қойды. Сол арада жеңгеміз дүкенге желкілдей жүгіріп кетті. Әуре болмаңдаршы десем де әуре болды. Сатып әкеп дүкеннің тұшпарасын қайнатты. Бұрқылдап ол бәле піскенше екі-үш қияр мен қызанақты кесек турап, мойенезді өлтіріп салып, тұз сеуіп дастарханға қойды. Магазиннің нанын лезвенің қалыңдығындай  кесіп, алдымды а души қалап тастады. Әңгіме айтып, ауыл-аймақтың жайын жырлап, әкелген базарлығымды – құртымды, қымызымды, маңызымды көмбеге көңнің астына көміп пісірген таба нанымды шығарып қуантып тастадым. Туыстарым мен әкелген ауыл дәмін көргенде қонағын ұмытты. Сөйтіп, нанды тізеге ұрып екіге бөліп, маңызға матырып жеп, артынан құрт сорып жетісіп қалды. Сосын үйлеріне келген қонағы, яғни мен естеріне түсе кеттім. Менімен бірге кәстрөлде  бұрқылдап қайнап, фаршы ақтарылып жатқан 35 тал тұшпара естеріне алды. Тақ бір ет асып, жатқандай отыз бес тал тұшпараға бәріміз шуласып, шұрқырасып жатып әзер дегенде дастарханға отырдық. Дастарханның тарлығын-ай, керегедей көңілдің кеңдігін ұрмайды да екен. Біріміздің тіземіз бірімізге тақалып, қолымыз-қолымызға айқасып, дастарханның бетінде қала көшелеріндей кептеліс басталды.

  Жеңгеміз желкілдеп, сояудай сауасақтарына жабыстырған тырнақтарымен жаңа ғана бұйраланған шөмеледей шашын ары-бері түртіп түзеп қойды да, тамақтан құйды. Алдыма ас келді.Тәрелкемді алып, ешкімге білдірмей  қарап қойдым. Үш тал тұшпара, екі тал ірі кесілген пиязбен жарты тәрелке тауықтың бульонында шомылып жүр. «Іш-же» деп жандары қалмай қайта-қайта қинаған соң бір талын іліп алып аузыма ұрдым. «Наннан алсаңшы, ұялма!»,  «еще немношко» деген соң алдымдағы кесілген екі тілімін жедім. Машалкадай жұмсақ екен. Кәдімгі тісі жоқ апамның иекпен илей салатын асы екен. Тісіме тимей жатып, еріп, езіліп кетті. Аздан соң шай келді. Оған көздің жасындай ғана тетропакеттің көкпенбек сүтін қатты. «Құмшекер салсаңшы, қайным...» дейді, жеңгем. Төрт бұрыш шақпақ қанттың біреуін кесеге кесектей сүңгітіп жібердім. Құйған шайы жылымық бірдеңе. Көңіліне келмесін деп: «Жеңге, шайыңыздың бұрқылдап қайнап жатқан жерінен құйсаңыз» деп қойдым. Әкел деп кесемді алып, тефальдың түбінен қағымен қосып қотара салды. Кесемнің ішінде кесек-кесек қақтар сеңдей соғылысып жүр. Оны ұққан жеңгем қайсы. Әшейін мені әңгіменің астына алып, оны-пұныны сұрап, өзі жасаған салатты өзі тауса жеп қойды. Ағам да бір ішек болып қалған ба аузына ас апармады. Жоқ әлде маған жетсін деп, тартынып отыр ма, онысы бұлттай бұлыңғыр. 

  10 минут өтті дегенде  таралкемдегі екінші тұшпараны шанышқымен шұқып алып, жейтін жеріме тастай салдым. Шайнамадым бірақ. Ішінде фаршы жоқ, ақтарылып кетіп абыройы шашылып қапты.Тұшпараның нанын ұзаққа сақтау үшін дәретхананың қағазын қосады дегенді емес-еміс естігенім бар. Соған қарағанда мен жеп отырған тұшпараға туалеттің қағазы да, салфетка да қосылмаған сияқты.Үшіншісін жеуге ұятым ұялып қалды. 

   Бір кезде ішім құрылдап, дырылдай бастады. Ішектерімді біреу қолмен  бұрап жатқандай бүрістім де қалдым. Қайта-қайта қарнымды толтырып жел келеді, желмен бірге маңдайыма тер келеді. Сыртқа білдіртпей шығарып жіберейін десем аядай үй аяйтын емес. 

  Жыным келді. Дәретхана  құрылысынан бастап, қала құрылыс басқармасына дейін жапыра боқтадым. Ара-арасында тоқтадым. Ентігіп, көңілімнің күйін келтіріп, ішімді ұқалап, өз-өзімді жұқалап, дастарханда отыра бердім шыдап, қайтем. Әлгі, құрғыр тар дәретханаға кіріп, айнала алмай үйелеп құлап, орнымнан қайта тұра алмай ішім кеуіп, ішкенім сыртқа теуіп, былғап алып абыройдан айырылып қалам ба деп қиналып отырғаным-отырған. Оның үстіне асханаға  жабысып тұрған туалеттің қабырғасы қаныңды қайнататындай жұп-жұқа бірдеңе. Шай ішіп, тұшпара жеп отыған кісілерге ішіңдегі революцияның құрылдаған, дырылдаған, ыңылдаған үнін қалай ғана естіртіп отыра бермексің? Біреудің ішінде өтіп жатқан майданға екіншінің араласуға, халін сұрауға, қағазын апарып беруге қандай қақысы бар? Ешқандайда. Атам қазақ «Тісі ауырған мен іші аурғанның көңілін сұрама» демей ма. Сондықтан тісімді-тісіме нығыздай қысып, қара терге түсіп  ауылдағы жүгіріп бара салатын иесіз қирап қалған кеңселерді, есі шығып ескірген моншаларды, құлап кірпіші тоналып төбесі түсуге айналған балабақшаларды еріксіз еске ала бердім. Олардың да қадірін түсінетін күн болады екен-ау деймін ішімнен, кереметтей ішім ауырғанда. 

 

  

 

       

 

Пікірлер