Ресейге көшетін халық көбеюде

6745
Adyrna.kz Telegram

Биыл елімізден көшкен 45,2 мың халықтың 40,9 мыңы, яғни 90%-ы ТМД елдерін таңдаған. Ал қалған 10 пайыз, нақтырақ айтсақ, 4,3 мың адам басқа елдерге көшіп кеткен көрінеді. Ашығын айтқанда, шет елге көшіп жатқан халықтың басым көпшілігі мемлекеттік тілді меңгермеген. Ал сепаратистік көзқарастағы азаматтың елде қалғаны жөн бе, жоқ әлде өз отанына көшкені дұрыс па?
Бір қызығы, орыс тілді БАҚ «Қазақстаннан жаппай қазақ көшіп жатыр» деп байбалам салып жатыр. Шын мәнісінде, шет елге кетіп жатқан қазақтардың үлес салмағы 5 пайыздан (2,2 мың адам) аспайды.
Әрине орыс тілді БАҚ-ның «Қазақстаннан жаппай қазақ көшіп жатыр» деп байбалам салуы белгілі жәйт. Алайда кейбір зиялы қауым өкілдерінің «Тіпті елден славяндар да көшпесін» деген ойын түсінбеймін.
Біріншіден, әрбір азамат өзінің қалаған еліне барып тұруға құқылы. Сондықтан да шет елге көшіп жатқан орыстардың құқығын аяқ асты етпеуіміз керек. Оның үстіне, Қазақстан демократиялы мемлекет болғаннан кейін азаматтардың өз таңдауы қатаң сақталуы керек.
Екіншіден, еліміздегі диаспорлардың басым көпшілігі мемлекеттік тілді меңгермеген. Өзге ұлт өкілдерін айтпағанда өзіміздің қазақтарымыздың өзі ана тілін білмейді. Ал Карл Маркс «Өзі тұрып жатқан мемлекеттің тілін не ақымақ, не қонақ, не басқыншы білмеуі мүмкін» деп тектен-тек айтпаған.
Қазақ елін мекен етіп жатқан өзге ұлт өкілдері Карл Маркс айтқан қай топқа жатады? Еліміздегі диаспораларды «ақымақ» деп айта алмайсың. Өйткені олардың ішінде жоғары білім алып, тіпті ағылшын тілін үйреніп жатқан азаматтар баршылық.
Сондай-ақ Қазақстанда тұрып жатқан азаматтарды қонақ немесе қонақ емес деп те атай алмайың. Қонақ дейін десең осында кәсібін дөңгелетіп жап-жақсы тұрып жатыр, ал қонақ емес дейін десең елімізден көш тоқтамай тұр.
Бұдан бөлек, Карл Маркс айтқандай «Өзі тұрып жатқан мемлекеттің тілін білмеген» азаматтарды «басқыншы» деп те кесіп айта алмаймыз. Алайда сепаратистік көзқараста болмаса 30 жылда мемлекеттік тілді үйреніп алар еді ғой деген заңды сұрақ туындайды.
Белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали «орыс тілді БАҚ жазып жатқандай Қазақстан өзге ұлт өкілдеріне қысым көрсетіп жатқан жоқ» деген пікірде. Қайта еліміз диаспоралардың елде емін-еркін тұруына қолайлы жағдай жасап отыр.
«Қазақстаннан Ресейге көш 1970 жылдары басталды. Ол кезде орысқа қысым жасамақ тұрмақ, өз-өзімізді дұрыстап қорғай алмай жүрген болатынбыз. Негізі ойы бұзық азаматтар 1990 жылдары өз таңдауын жасап, үдере көшіп кетті. Ал бүгінде көш бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда саябырсып қалды. Қазіргі таңда еліміздегі орыстардың үлес салмағы 18-19 пайыздың көлемінде. Орыстардың үлес салмағы көшу және қарт адамдардың қайтыс болуыннан жылдан жылға азайып жатыр. Себебі жастар елден көшіп, олардың қарт әке-шешесі елде қалды. Негізі ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда ойы бұзық азаматтардың елден көшкені жөн. Өйткені Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында қазақтардың үлес салмағы өте аз. Алайда Кремль Қырым оқиғасынан сабақ алып, Қазақстанға қауіп төндірмеуі мүмкін» – дейді ол.
Статисткаға сенсек, 2018 жылы Қазақстаннан 41,9 мың адам кетіп, 12,8 мың адам көшіп келген көрінеді. Шет елге кеткендердің 37,7 мыңы ТМД, ал 4,1 мыңнан астам залық өщге елге қоныс аударған. Жалпы алдағы уақытта Ресейге көшетіндердің саны артпаса, кемімейді. Өйткені Ресей президенті Владимир Путин Федералды жиынға жолдауында елдегі демографиялық дағдарыс туралы айтып, одан шығу жолын ұсынды. Мысалы, 2020 жылдан бастап мемлекет дүниеге бірінші бала келгенде 2 841 697 теңге (466 617 рубль), екі баласы бар отбасыға жалпы 3 755 197 теңге (616 617 рубль) беріледі. Бұл еліміздегі аналарға берілетін ақшадан 28 есе артық. Демек алдағы уақытта Ресейге көшетін халықтың қарасы әлдеқайда жоғары болмақ.

Серік Жолдасбай,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер