Тұрғын үй тауқыметін тартқан жалғызбасты ана Айгүл Садықова үш баласымен бірге жылдар бойы ауылдағы ғимараттың бөлмесін жалдап келген. Жұпыны лашықты паналаған жандарға тұрақты қамқорлық көрсетіп келетін Қазығұрт ауданының басшылығы бұл отбасына демеуші тауып берді. Жергілікті кәсіпкер қайырымдылық жасап, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған анаға 4 бөлмелі үй салып берді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Болашақ" мөлтек ауданында орналасқан жаңа үй жарық пен табиғи газбен қамтылып, ауыз су жүйесі жүргізілген. Өңірде қарқын алған "Қамқорлық" жобасы аясында Қазығұрт ауылының кәсіпкерлері жұмыссыз ананың жаңа қонысына үй-жиһаздарын тарту етіп, азық-түлік алып берді. Басыбайлы баспана бұйырған отбасындағы балалардың қуанышында шек жоқ. Жылдар бойғы қиындықтан құтылғанын жандардың айтар алғысы айрықша."Қазақстандағы 100 жаңа есім" қатарына шынайы ел патриоты ретінде енген Қазығұрт ауданының кәсіпкері Сырым Ертаев осыған дейін де бірнеше жерлесіне баспана сыйлап, жомарттығымен танылған. Үлгі болар ісімен алғыс арқалаған азамат жеке кәсібін дөңгелетіп, көптеген тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.