Қытай жобаларын салықтан босатып неге жарылқап отырмыз?

4151
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестікті нығайту мақсатында 2019 жылдан бері Қытай капилаты бар кейбір өндіріс орындарына табыс  салығын салмайтын болды. Біздің Мәжіліс бұған қатысты 2018 жылдың 5 желтоқсанда өткен пленарлық отырысында осы құжатты мақұлдап жіберген боалтын  Мәжіліс депутаттары мақұлдаған бұл құжат «Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қорының жекелеген кірістерін салықтан босату туралы келісімге қол қою» деп аталады.

Осылайша елімізде жүзеге асырылып жатқан Қытай жобаларынан табыс  салығын алмайтын болдық. Ал бұл қаншалықты тиімді? Дұрыс па, бұрыс па?

Негізінен Еуразиялық экономикалық одақ бойынша Қытай инвестициясының басым бөлігі Қазақстанға келеді екен. Қытай Қазақстанның мұнай өңдеу саласынан бастап, банк секторына,  тау-кен саласына, теміржол, магистралді құбырлар тарту саласына қаржы салып келеді. Бұдан бөлек  екі ел арасындағы сауда-саттық жайы да жыл сайын артып келеді. Өйткені бізде Қытай инвесторларына барынша жағдай жасалған. Ондағы мақсат «Ұлы Жібек жолын» ізгі ниетпен жалғастыру.

Инвесторлар легі одан әрі толастамауы үшін біз де оларға барынша жайлы орта қалыптастыруға тырысып-ақ келеміз. Бірақ еліміздің экономика саласының мамандары шетелік инвесторларды салықтан босатудың олқы тұстары барын ашып айтты.

«Салық кодекісі қарапйым әрі түсінікті болуы керек. Біздегі бірінші олқылық осы салық құжаты түсініксіз. Қосымша құн салығын төмендету, патент алу өзіміздің отандық инвесторларға жеңіл емес. Біз, керсінше, шетелдік инвесторлардың жағдайын жасаймыз. Бұл дұрыс емес. Әр нәрсенің шегі болуы керек. Шетелдік инвесторларға да талап қоя білгеніміз жөн. Қазақстанда шетелдік инвесторлар негізгі инвестор бола алмайды. Ұлттық инвесторлар санатын жасақтауымыз керек.  Ішкі саясатты, экономиканы өркендететін ұлттық инвесторлар болады. Ал шетелден енетін инвесторлар  өз мүддесін, өз пайдасын ойлап тұрады»,-дейді экономика ғылымының докторы Жұмаділда Баяхметов.

Экономист-ғалымның байыптауынша, қазір Қытай Қазақстанның ең ірі деген компанияларына капиталын салып жатыр. Ресей мен Беларусьтен гөрі Қытайға Қазақстанмен жұмыс істеу тиімді болып отыр. «Бірақ бізге Қытай инвесторларының икеміне иіле беруге болмайды. Сондықтан алдағы уақытта өзіндік талап-тілектер қоя білгеніміз дұрыс» дейді Жұмаділда Баяхметов.

Жалпы, мамандардың байыптауынша, біз мұндай инвестицияны сонау 1993 жылдары нарықтық экономикаға енген тұста тартуымыз керек еді.

«Сол кезден бастап елге инвестиция ағыла бастағанда қазіргідей шетелдік инвесторларға соншалықты кіріптар болып отырмайтын ба едік»,-дейді «Барометр» талдау орталығының маманы Дәурен Арын.

«Біз бірінші ұлттық экономиканы көтеруді мақсат тұттық. Осы орайда жас мамандарды мемлекеттік бағдарламалар аясында шетелде оқыттық. Оларға арнайы мемлекеттік гарнттар бөлдік.  Ондағы мақсатымыз сол мамандар келіп экономикамызға жаңа реңк беруі тиіс еді. Бірақ Қазақстанның «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастары кеңселерден шықпай қалды. Оларды өндіріс орындарына жіберу жұмыстарын қолға ала алмай жатырмыз. Біз мамандарды шетелде не үшін оқыттық?! Дамыған елдердің іс-тәжірибесін меңгеріп, оны өзімізде пайдалануымыз керек еді. Ал біздегі болашақтықтар бірден министрлік креслоға жайғасады. Сосын бізде ақылға сыймайтын реформаларды қазақы ортаға тықпалау жағы басым. Артынан оның тиімсіз екені де аңғарылып қалады. Қазір біз Қытайдың инвестициясына қызығып отырмыз. Күні ертең сол Қытайдың экспанциясына жұтылып кетпеу үшін бізге өз мүддемізді жоғары қоя білу керек.  Ойланарлығы, ең алғаш нарықтық экономикаға өткен тұстан молынан инвестиция тартып, соны сауатты ұқсата білгенімізде жағдай қазіргіден де тұрақты болар еді. Экономиканы құрататын жалған статистика. Болашақта осы көзбояушылықтан, науқаншылдықтан арылғанымыз дұрыс»,-деді экономист-сарапшы Дәурен Арын.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ, 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер