Тәттімбеттің мерейтойы неге насихатталмады?!

3163
Adyrna.kz Telegram

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ӘБДІБЕКОВ ТӘТТІМБЕТТІҢ ТОЙЫН НЕГЕ ЕЛ КҮТКЕНДЕЙ ӨТКІЗЕ АЛМАДЫ?

Өткен жылдың соңында біртуар күйші Тәттімбет Қазанғапұлының 200 жылдық мерейтойын Қарағанды облысы атап өтті. Әттеген-айы, бұл тойдың болғанын жергілікті жұртшылықтан өзге көп адам біле қойған жоқ. Елдің пікірі, баспасөздің талап етуімен Министрлік пен Қарағанды әкімдігі «амалсыз» өткізгендей әсерде қалдық. Әшейінде той десе алашапқын болып, алты алашқа сауын айтатын қазақ ұлы күйшінің мерейтойын білмей де қалды. Тәттімбет мұндай «құрметке» лайық тұлға ма еді?!

Иә, күй орындаушылар байқауы, ғылыми-тәжірибелік конференция, деректі фильмнің тұсаукесері, жабылу салтанатындағы гала-концерт… бәрі ойдағыдай, кез келген мерекелік мерейтойларда болуға тиіс шаралар. Өкініштісі, осы шараның өзін елге білдірмей, «көңіл үшін» өткізуінің сыры неде? Жергілікті әкімшіліктегілер республикалық аты бар маңызды тойды неге елдің есінен кетпестей етіп, дүркіретіп өткізе алмады? Бізді қапаландырғаны осы.

Тәттекең – қатардағы қалың күйшінің бірі емес, ол өз алдына дара жол салған, шертпе күйдің кемелденуіне өмірін арнаған, тылсым өнердің тұңғиығын сезіп, тұмсасын ашқан бірден-бір өнер иесі. Қазақтың рухы – күй өнерінің қатпарлы, қамырықты әуенінде жасырынып жатқан жоқ па?! Қазақты толық тану үшін әуелі – Қорқыт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Ықылас, Сүгірлерден мұра боп қалған мыңдаған күйлер арқылы танысақ керек-ті. Егер өзімізді сыйласақ, ең алдымен осы күйшілерді құрметтеп, олардың мұң мен қуаныш екі ішегінен сорғалаған асыл мұраларына әлсін-әлсін назар аударып, «шоу мен шуды» бір сәт доғарып, қара нөпірдің ағынымен кетіп бара жатқан мына халыққа ойландырар дүние ұсынсақ керек-ті. Біз олай ете алмай келеміз. Бұған Тәттімбеттің мерейтойының деңгейі куә.

Арыстанбек

Арыстанбек Мұхамедиұлы

Тәттімбет дәулескер күйші ғана емес, өз дәуірінің айтулы тұлғасы, көшбастары, хан Кененің қасіреті мен қуанышына ортақтаса білген мұраттасы, Құнанбаймен серттескен сыралғы досы, ұлықтардың емес, қарашаның сөзін сөйлеген би, қазақтың есесін жатқа бермеу үшін жанталасқан күрескер тұлға, орыс империясының алдында хас өнері арқылы ұлтын мойындатуға ұмтылған намысы қылыш дегдар, қапасы мен жапасы, қызығы мен шыжығы қатар өрілген жасын ғұмыр иесі. Оның бұралаңға толы жолын бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Себебі, Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерей туралы жөні түзу насихат жоқ. Олар жайлы жібі түзу көркем фильм, мультфильм, зерттеу орталықтары да жоқ. Тек осы өнердің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жампоздар ғана жеке-жеке еңбектеніп жүр.

Біздің қайран қалғанымыз, әдетте шоуға толы концерттер мен дауға толы бастамаларда көрінетін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл тойға неге келмеді? Бұл тойды ойдағыдай өткізу, елге кеңірек насихаттау осы Арыстанбектің құзырындағы шаруа емес пе еді?!

Жә, ол хақында айта берсек, сөз көп. Біз әуелгі тақырыпқа қайта оралайық.

Қарағандыда өткен тойға елімізге белгілі күйшілер, Тәттекеңнің ұрпақтары, бірер депутат, министрлік өкілдері, жергілікті әкімшілік қызметкерлері және қала тұрғындары қатысыпты. Дұрыс делік.

Біздің қайран қалғанымыз, әдетте шоуға толы концерттер мен дауға толы бастамаларда көрінетін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл тойға неге келмеді? Бұл тойды ойдағыдай өткізу, елге кеңірек насихаттау осы Арыстанбектің құзырындағы шаруа емес пе еді?! Елдің Мәдениетіне жауапты адам басқа-басқа, дәл осы Тәттімбеттің тойында төбе көрсетіп, төбе көрсетіп қана емес, басы-қасында жүрсе, ойдағыдай өтуін өзі қадағаласа да артық болмас еді. Тәттімбеттің кім екенін өзге шенділер білмесе де, дәл осы министр білуге тиіс!

Жалпы, Арыстанбек Мұхамедиұлы министрлік тізгінін қолға алғалы бері елдің көңілінен шығар жібі түзу дүние өткізе алған жоқ. «Қазақ елі» сериалы оның министр ретінде атын қалдырар мүмкіндігі еді. Оның өзі қай деңгейде түсіріліп жатқанын көріп отырмыз. Бөлген ақшасын желге ұшырып, кім көрінгеннен  жәодем сұрап жүр. Министрге Тәттімбеттен гөрі бүгінгі есеп-қисап маңызды болса керек.

Қарағанды облысының әкімі Қарағанды облысының әкімі Н. Әбдібеков

Оны да қоя тұралық. Қарағандының төрінде шертпе күйдің негізін салушы Қазанғапұлының тойы өтіп жатқанда, әр тараптан күй өнерінің білгірлері бас қосып, шаһар күймен тербелген шақта облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков ай қарап жүрді ме? Қанша тығыз шаруасы болса да баба рухына тағзым етіп, жиылған көпшілікті құттықтап, осы өңірдің басшысы ретінде күйші туралы жаттанды болса да, «жазып бергенін» оқыса да, ел көзіне көрінуге тиіс бірден бір адам осы Әбдібеков екені даусыз. Біз ондай хабарды естімедік. Шымкенттен сатып алған костюмін көрсетіп, «көсемге» жағымпазданғанда алдына жан салмаған әкімнің айтулы іс кезінде кабинетінде отырғаны қалай? Жұмысы қанша көп болса да, Тәттімбеттің тойынан артық емес шығар! Сірә, дәл сол кезде одан маңызды шара болды дегенге сенбеймін. Оның жиынға келмегені – Тәттімбетті, қазақтың өнерін, күйдің құдіретін сыйламағандығы. Демек, оның рухани салаларға көңіл бөлмейтін, халықтың қалауын таба алмайтын біліксіздігінің бір көрінісі осыдан-ақ белгілі.

 Қарағандының төрінде шертпе күйдің негізін салушы Қазанғапұлының тойы өтіп жатқанда, әр тараптан күй өнерінің білгірлері бас қосып, шаһар күймен тербелген шақта облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков ай қарап жүрді ме? Қанша тығыз шаруасы болса да баба рухына тағзым етіп, жиылған көпшілікті құттықтап, осы өңірдің басшысы ретінде күйші туралы жаттанды болса да, «жазып бергенін» оқыса да, ел көзіне көрінуге тиіс бірден бір адам осы Әбдібеков екені даусыз.

Қарағанды – Арқаның кіндігі. Бұл өлке – ұлт өнерінің отаны. Қазақтың сөз бен сазды ұстаған аристократтарының мекені. Сондықтан, Арқаның кіндігін басқаратын кез келген әкім әуелі қазақтың өнері мен мәдениетін жақсы білетін, шын жанашырлық танытатын тұлға болуы абзал. Серік Ахметов Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойын қалай дүбірлетіп өткізгенін барған ел әлі ауыздарының суы құрып айтады. Түркітілдес елдерден мейман шақырып, ескерткішін ашып, алты алаш ұмытпас думан мен мағынаға толы ғып өткізбеп пе еді?! Әбдібековтен ондай биіктік пен парасаттылықты әл-әзір байқай алмадық. Мыс пен мырыш, көмір мен темірдің айналасынан ұзамайтын басшылар қай кезде де табылады.

Таласбек

Таласбек Әсемқұлов

Той демекші, «өтті-кетті» қылмай, ұмытылмас шараларды қолға ала алмағандарына таңбыз. Тәттімбетке арнап зәулім ескерткіш тұрғызса, Қарағанды қаласының бір мөлтек ауданын күйшінің атымен атаса, облыстық деңгейде болса да мектептік бағдарламаларға енгізіп, ғұмырнамасы мен күйлері туралы кеңірек ағартушылық қызметті қолға алса, тіпті той үшін емес, облыстық, республикалық театрларға арнайы қаржы бөліп, сахнадан түспейтін, көркемдігі мен деңгейі Тәттекеңе сай қойылым қойғызса, облыстық бюджеттен режиссерлерге тапсырыс беріп, кино түсіртсе, одан облыстың экономикасы қирап қалмас еді… Елдің рухы көтеріліп, күй мен күйшінің мәртебесі асқақтар еді. Құрманғазы атындағы консерваторияда «Тәттімбет класы» бар. Облыста Тәттімбет атында өнер мектебін, колледжін ашса, Әбдібековке «қой!» деп ешкім айтпас. Оны түсінер Әбдібековті көрмедік. Ұлт өнеріне «жүрдім-бардым» қараған басшының бұдан өзге саланы «дөңгелетіп» алып кетері де шамалы болса керек. Арқадан жеткен еміс-еміс хабарлар көңіл көншітерліктей емес.

Тәттімбеттің қайта тірілуіне, елге күйшінің өлшеусіз мұрасын жеткізуге талмай еңбек еткен адамның бірі – күйші, мәдениеттанушы, жазушы, көркем ойдың зергері Таласбек Әсемқұлов марқұм. Оның Тәттімбеттің ел естімеген кейбір күйлерін түсінде көріп, аян арқылы бүгінге жеткізгенінің өзі бір хикмет

Тәттімбеттің қайта тірілуіне, елге күйшінің өлшеусіз мұрасын жеткізуге талмай еңбек еткен адамның бірі – күйші, мәдениеттанушы, жазушы, көркем ойдың зергері Таласбек Әсемқұлов марқұм. Оның Тәттімбеттің ел естімеген кейбір күйлерін түсінде көріп, аян арқылы бүгінге жеткізгенінің өзі бір хикмет! Ал ел жадынан ұмытыла бастаған көптеген өрімі бөлек туындыларын ауылдағы қарт ақсақалдардан үйреніп, таза, саф қалпында бізге аманаттағанын ұмытпауға тиіспіз. Егер облыста білімді, зиялы басшы болса, осы тойда ең алдымен Таласбек Әсемқұловты іздеп, оның мұраларына үңілген болар еді. «Тәттімбет сері» романын баспадан шығарып, осы тойға тәбәрік етсе, Әбдібековтің білгірлігіне тәнті болмас па еді жұртшылық. Тойға марқұмның жары, мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваны шақырып, ат мінгізіп, шапан жаппаса да, алғысын айтса, облыс әкімін зиялы екен десер ек. Өзгені ұмытса да, Таласбекті ұмытпауға тиіс еді облыстың мәдениетке жауапты қызметкерлері. Тәттімбет пен Таласбекті бөле-жара қарауға болмайды. Келте өмірінің көп бөлігін Тәттімбет үшін сарқыған, оның күйін, тарихи танымын зерттеумен өткен Тәкеңнің – Таласбектің орны да, жөні де бөлек! Мерейтойда көрсетілген деректі фильмнің өзі Таласбектің әңгімесі негізінде жасалыпты. Оны көрген атқамінерлер Таласбекті қалай ғана ұмытты екен?!

Айтпақшы, «Тәттімбет сері» романының желісі бойынша толымды кино түсіруге болады. Марқұм бұл романын аяқтай алмай кетті. Өзінің арманы Тәттімбет туралы кино түсіру болатын. Бұл жөнінде бір әңгімесінде бізге сыр етіп, нешетүрлі әсерлі әңгімелердің тиегін ағытқан тұғын. Егер тірі болса, ол арманы да жүзеге асар ма еді деген өкініш бар кеудеде.

Біздің Шопен, Бетховен, Моцарт кім десеңіз, олар – Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерейлер. Оларсыз қазақ толыққанды ұлт болмас еді. Оларсыз қазақтың көкірегі сәулесіз, қиялы қанатсыз болар еді. Біз оларды құрметтей алмасақ, демек, өзімізді құрметтеуді үйрене алмағандығымыз! 


Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ, "Қала мен дала". 

 

Пікірлер