Жыршы-жырау толғанды, домбыра-қобыз қолға алды...

5220

Кеше ғана өткен 2015 жылдың желтоқсан айының 9-10 күндері Алматыда алғаш рет жыршылар мен жыраулардың  «Ұлы Дала елі» атты Халықаралық жыршылар фестивалі дүркіреп өтті. Фестиваль аясында өткен «Түркі халықтарының жыраулық өнері және эпикалық дәстүр» атты  Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын Ықылас атындағы халық музыка аспаптары музейі сәтімен атқарып шықты.

      Жыр – жырау – жыршы үштігі түркі халықтарының мәдениетінде ерекше орын алады. Бірнеше тақырыпты қамтитын эпикалық дастандар мен жырларды шығаратын суырып салма жыраулар халықтың зор ықыласына бөленіп отырған. Мәселен, XVI-XVII ғасырлар аясында өмір сүрген Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Сүйінбай, Базар секілді ұлы жыраулар ақын ғана емес, ру-тайпа көсемі, ұлыс басшысы саналған. Жыраулардың бейнесі – оның қоғамда алатын орнына байланысты болып келсе, шығармашылық қуаты мен күші  –  ұлы жиында, ас-тойда,  жау шапқан, ел абыржыған кездерде жұрт алдына шығып абыздық, батагөйлік жырларымен тоқтам айта білу қабілетінде жатады. Жыраулар шығармашылығы, әсіресе, батырлар жырында ерекше көрініс тапқан. Жыршылар жаттап айтатын эпикалық жырлар тақпақ түрінде төгілте айтылатын қысқа әуенді болып келсе, кей жағдайда әуен ырғағын оқиға желісіне қарай  құбылтып орындау дәстүрі  күні бүгінге дейін сақталған.

     Мәселен, қарақалпақтардың «Қырық қыз» аталатын батырлық эпосты XVIII ғасырда өмір сүрген Жиен жырау Тоғайұлы жырлап таратқан. 1995 жылы Алматыда өткен «Түркі әлемінің дәстүрлі музыка фольклоры» фестиваліне қатысқан 70 жастағы Жұмабай жырау қылқобыздың сүйемелімен жыр толғап, жыраулық өнердің озық үлгісін көрсеткені жұртшылықтың есінде.  Қарақалпақтың әйгілі жыраулары Әжінияз Қосыбайұлы (1824-1878) мен Бердақ ақын Қарғабайұлын (1827-1900) халық: «Бердақ – халықтың бұлбұлы, Әжінияз – жырдың дүлдүлі» деп құрметтеп өткен. Бердақ ақынның немересі Қаражан мен Құрманбай жыршылар батырлық жыр-дастандарды екі ішекті дуутар, ыспалы комуз, гиржек секілді музыка аспаптарының сүйелдеуімен орындауды дәстүрге айналдырған. Ал Нүкіс қаласының маңында тұратын қазақ жыршысы Аллаберген Тәшкенбаев дастандарды домбырамен орындайды.    

      Қазақ жыршылары тарихи, батырлық, ғашықтық дастандарды домбыра немесе қобыз аспабының сүйемелімен орындайды. Атақты Жанақ, Шөже, Арыстанбай, Жамбыл, Нұрпейіс, Шашубай, Нартай секілді ақындардың кемел дарыны арқасында  «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек» секілді халқымыздың эпикалық жырлары бүгінгі заманға жетті.

      Мәселен, Мұрын жырау Сеңгірбекұлы (1859-1954)  елуден аса эпикалық дастандарды  жатқа айтумен әйгілі болған ұлы жырау. Оның орындауындағы қазақ, қарақалпақ, ноғайлардың әйгілі жыр-дастандары қазіргі кезге дейін Ұлттық Ғылым академиясының қорында сақталуда. Мұрын жырау атақты жыршы ғана емес, он саусағынын мөр тамған зергер, ұста, шебер болған адам. Оның өз қолымен жасаған домбырасы 1981 жылдан бері Халық музыка аспаптары музейінің алтын қорында сақталуда.

      Ғасырлардан жеткен дәстүрлі эпикалық жыр-дастандар Алмас Алматов, Берік Жүсіп, Ақан Әбдуәлі, Талғат Әбуғазы секілді қазіргі буын жыршылардың орындауында жалғасын табуда. Мәселен, Ұлжан жыршы Байбосынова орындаған Асан қайғы Сәбитұлының (XV ғ.) «Еділ бол да, Жайық бол», Ерлан жыршы Рысқали орындаған Ақтамберді жыраудың «Күлдір, күлдір кісінетіп» секілді эпикалық жыр-дастандар қай кезде де халық рухын көтеретін,  бүгінгі күнімізбен де, жаңарған тарихымызбен де үндесетін мәңгілік құндылықтар саналады. Осы буын жыршылардың орындауында жазылған «Қазақтың жыраулық өнері» атты Антологияның жарық көруі бүгінгі заманғы жыраулық өнер мен жыршылық дәстүрдің үзілмеген желісін айғақтайды.

      Қырғыз халқының жыраулық өнерін Тоқтоғұл Сатылғанов (1864-1933), А. Огонбаев, Доолотбек жыршы Сыдықов одан әрі дамытты. Мәселен, Халықаралық «Түрксой» Ұйымының бастамасымен 2014 жыл – Тоқтоғұл жырау Сатылғанов жылы деп жарияланды. Осы жылдың аясында  «Тоқтоғұл Сатылғанов және түркі әлемі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қырғыз, қазақ, қарақалпақ халықтарының  дәстүрлі жыраулық өнеріндегі жырлап пікірлесу, жырлап сәлемдесу, жырлап көрісу, жырлап танысу, жырлап қайымдасу, жырлап айтысу т.б. аталатын жыр нұсқалары Тоқтоғұл жырау шығармаларының берік қазығы. Түркі халықтарының музыкалық фольклорын жинаушы А.В. Затаевич 1928 жылы Тоқтоғұл жыраудың 18 әнін өз орындауында нота жазбасына түсіргені белгілі. Ол ән-жырларын қырғыздың үш ішекті ұлттық комуз аспабымен орындауды дәстүрге айналдырған.

       Қырғыз елінде әлемге әйгілі «Манас» эпосын ауызша жатқа айтатын жыршылар шоғыры қалыптасты. Елде еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін эпосты таңды-таңға қосып жалықпай тыңдайды. Мәселен, 2013 жылдың күзінде Астана қаласындағы Бейбітшілік және Келісім сарайында өткен «Қырғыз елінің Қазақстандағы Мәдени күндерінде» өнер көрсеткен сол жылы бар болғаны 5-ақ жаста болған бала жыршы Үміт Болатбекұлы ЮНЕСКО-ның тізіміне енген «Манас» эпосын жатқа айтып, жұртшылықты қайран қалдырып, халықтың зор ықыласына бөленді.

     Түрікменнің аспапты-музыка өнерінде мугам (жыр) өнері ерекше орын алады. Дәстүрлі мугам өнері XVIII ғасырда өмір сүрген атақты халық ақыны Мақтымқұлы жырау бастаған мугамшылардың өнері арқылы қалыптасты. Түрікмендер арасында мугам негізінен екі ішекті, он төрт пернелі дутар аспабының немесе шағын дутаршылар ансамблінің сүйемелдеуімен орындалады.

     Башқұрт халқының жыраулық өнері  қазақтың әлеуметтік сарындағы жырларымен ұқсас болып келеді.  «Салауат», «Азамат», «Урал» аталатын тарихи жырлар ұрпақтан-ұрпаққа тараған. Суырып салма жыршы Салават Юлаевтың жыр-дастандары XVIII ғасырдағы башқұрттың жыраулық өнерінің ең таңдаулы үлгісі болып табылады.

     Түркітілдес якут халқының 50 мың жолдан тұратын әйгілі «Олонхо» батырлық жыры «Адамзаттың рухани-мәдени мұрасының  биік шыңы» саналып 2005 жылы ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді. Якутия елінде 2005-2015 жылдар аралығы – «Олонхо жылдары» деп жарияланды. Жырдың мұндай биік мәртебеге ие болуының себебі, Якутияда қазіргі кезде көзі тірі екі-ақ олонхошы-жыршы қалған. Мұның өзі тарихи, батырлық жырды айттушы жыршылардың жоқтығынан әйгілі эпостан мүлдем айырылып қалу қауіпі бар екені анықталды. «Олонхо» эпосы – он екі, елу мың жолдан тұратын батырлық эпос. Эпос ядыхан аталатын көп сым ішекті аспаптың сүйемелдеуімен, кейде ешбір аспап қолданылмай-ақ орындалады.

     Осылайша, түркі халықтарының жыраулық  өнері мен эпикалық жырлары жаңарған түркі әлемінің мәңгілік көшіне ілесіп, ел тарихындағы өз орнын айшықтауда. Соның айғағындай 2015 жылдың 9 желтоқсан күні Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыка аспаптары музейінен бастау алған «Ұлы Дала елі» атты Халықаралық жыршылар фестивалі 10 желтоқсан күні Абай атындағы опера және балет театрында жыршылардың Гала концертімен түйінделді. Фестиваль аясында өткен «Түркі халықтарының жыраулық өнері және эпикалық дәстүр» атты Ықылас атындағы халық музыка аспаптары музейінде өткен Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына Оғызхан Айдын (Түркия), Жылдыз Орозобекова, Доолотбек Сыдықов (Қырғызстан),  Қалмырза Құрбанов (Қарақалпақ), Розалия Сұлтангереева (Башқұртстан), Узайыр Найманов (Ресейдің Ноғай ауданы) секілді зерттеуші-ғалымдар мен жыршылар қатысты.

      Елімізге танымал Уәлихан Қалижан, Жұмат Тілеп, Айзада Бұлтбаева секілді ғалымдар мен зерттеушілер ғылыми конференция жұмысында жыраулық өнер мен эпикалық дәстүрдің өткені, бүгіні және болашағы жайлы келелі ойларымен бөлісті.  Осы шараға мұрындық болып, жан-жақты қолдау көрсеткен Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы мен Алматы қаласы музейлері бірлестігінің басшыларына деген жыр сүйер қауымның алғысы шексіз. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, мәдени мұраларымыздың інжу-маржандарын насихаттауда еңбектеріңіз жемісті бола берсін демекпіз.


Зәбира ЖӘКІШЕВА, Халық музыка

                                                            аспаптары музейінің маманы,

                                                                   тарих ғылымдарының кандидаты

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket