Павлодарлық балабақша мұқтаж отбасыларға қайырымдылық шарасын өткізді

4596
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2020/02/img-20200212-wa0098.jpg
Павлодар қаласының №102 балабақшасының тәрбиешілері мен ата-аналары «Мейрімді жүректер ынтымақтастығы» атты қайрымдылық акциясын өткізді.  Бала бақша басшысы Сандуғаш Елеусізованың айтуынша, акцияға барлық  тәрбиеленушілердің ата-аналары қатысты. «Балабақшадағы 12 топтың әрқайсы 40-50 заттан жинап, барлығы 100 келіден астам заттар жиналды. Көбінесе ата-аналар көктемгі киетін аяқ киімді, сонымен қатар мектепке дейінгі балалар мен мектептегі балаларға  арналған ойыншықтар мен киімді және ересектердің киімдерін әкелді», - деді Сандуғаш Қаратайқызы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты – көп балалы, мұқтаж отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету, балаларды адамгершілікке, мейрімділікке баулу.  Акция ақпанның басында жарияланып, екі аптаға жуық жалғасты. Ата-аналар бірінші күннен бастап, балалардың, ересектердің киімін, ойыншықтарын әкеле бастады. «Тәрбиешілер мен ата-аналар балаларға осы қайрымдылық істің маңыздылығын түсіндіріп, тек қана қажетті сапалы заттарын тіпті ең сүйікті ойыншықтарын да әкеліпті», - дейді Сандуғаш Елеусізова. Бүгін ата-аналар мен тәрбиешілер барлық жинаған заттарды орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітіне тапсырды. Бұл жердегі имамдар қайрымдылық көмекті мұқтаж отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға таратады.

Айгүл Есенәлиева

Павлодар қаласы

Комментарии