Дүңгендердің "имандымыз" дегені алдамшы сөз (видео)

4714
Adyrna.kz Telegram

Қазір Қордайдағы қақтығыс  қызу талқыға түсіп тұрған сәт. Ресми, бейресми ақпаратар қарша борап, қарапайым халыққа ақ пен қараны ажырату да қиындау болып тұр. Кешелі бері Қордай ауданына бірқатар БАҚ өкілдері барды.

«Адырна» ұлттық порталының тілшісі Оңғар Қабден де оқиға орнына барып, шынайы ақпараттар беріп отыр.

Тілшіміздің айтуынша, қазір кешегі қақтығыста ұсталғандарды босата бастаған. Оқиға орнында арнайы жасақ, қауіпсіздік қызметкердері жұмыстарын жалғастыруда. Қамаудан босап шыққандардың арасында тілшімізге сұхбат бергендер де болған.

«Ауқатты ауылынан 36 бала қамалдық. Қордайдан 47 бала қамалды. Халыққа рахмет. Бізге көмектесті. 12 сағат қамалып отырдық. Ешқандай қорғаушы берілмеді. Арамызда жан-жақтан келген жігіттер болды. Шымкент, Алматы, Тараздан, Қызылорда, Жаркент, Меркіден азаматтар келді. Халыққа рахмет»,-дейді Нұрбол Әлмаханбет.

Тілшімізге сұхбат берген Қаракемер ауылының тұрғындарының айтуынша, қазақтар дүңгендермен бұлай қақтығысу туралы ойламаған.

«Қазақтар дүңгендермен сөйлесуге ешқандай дайындықсыз барған. Олар төбелесеміз деп ойламаған, жәй тілдесуге барған. Олардың қолында күрек, тас болса, дүңгендердің қолында мылтық, автомат болды. Олар атты, түні бойы атты. Егер көмектеспегенде жан-жақтан келмегенде мұның арты қандай болар еді?! Дүңгендер «мешітке барамыз, имандымыз» дейді. Ол өтірік, адамшы сөз. Біздің қарусыз жүрген балаларымыз қамалды. Ал мылтық ұстаған олар қамалған жоқ, қашып жүр. Бұларды көшіру керек» ,- дейді Қаракемер ауылының тұрғындары.

Еске салайық, 7 ақпанда кешкі сағат 19:00-де Жамбыл облыстық полиция департаментіне "Қордай ауданының Масанчи ауылының жанында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр" деген ақпарат түскен. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін дереу полиция қызметкерлері жіберіледі. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуеметтік желі арқылы таратқан.

Соның салдарынан жақын жердегі Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарынан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылады. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрған. Тіпті, қару да қолданған. Салдарынан 8 адам қаза болды. 40-тан астамы жарақат алды. Олардың ішінде оқ тиген екі полицей бар.

Жаппай төбелестің арты тәртіпсіздіктерге ұласқан. Қазіргі мәліметке сәйкес, 30-дан астам жеке үй, 15 сауда үйі мен 23 көлік зақымданды.

Ішкі істер министрлігі 47 адам ұсталғанын хабарлады. Сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер