Келін

Бәріміз келіннің «аяғымен» дүниеге ендік. Сонда келін деген кім? Келін деген келген кісі. Қа­зақ солай бола тұра келінді қонақ де­мей­ді. Керісінше, қыз баланы қонақ деу дәстүрі қалып­­тасқан. Келін қонақ емес, ол отбасы­ңыз­ға енген бақ, береке. Келін дүниеге ұрпақ әкелуші, демек, ол отбасының ырысы мен өрісі. Бұл деген керемет мағына. «Қыз өссе елдің көркі», деген мәтел  осындай мәнге орай ай­тылса керек. Келін тастай батып, судай сіңу ниетінде бөгде үйдің есігін аш­қалы отыр, онысы ерлік…

Бұл мәселенің өте нәзік екі қыры бар.

***

Бірі, ол, сәби кезінен әлпештеп, қазақша айтқанда, қанаттыға қақтырмай, тұмсық­тыға шоқыттырмай, алақанға салып, аялап өсірген, өзегіңнен өсіп-өнген қыз балаң. Қыз бала – бақ құсы. Ол ұядан ұшарда, әрине, жүрегің сыздайды, бірақ табиғат талабы, ата-баба дәстүрі бар, қыз бала «жат жұрттық». Амалға көн­ген­мен, барар жері қандай екен деген көңіліңнен күдік кетпей, мазасыз күндерге, түндерге тап болатынымыз тағы бар. Ол болса, бағына еріп, «жат жұртқа» аттанбақ. Барған мекені құтты бол­са игі еді деп тілейсің. Бұл ұрпақтан ұрпаққа Адамата – Хауаана заманынан үзіл­мей келе жатқан дәстүр, солай бола тұ­ра әр ата-ана үшін тас түскен жеріне ауыр.

Қыз ұзатуға қатысты жастық шақтағы бір оқиға есімде қалыпты

Кеңестік заман, бірақ Леонид Брежнев басқарған кеңқолтық кез. Думанды бір той басталды. Той қызығы тарқамай, енді ол құда­ларды жолға шығарып салуға жалғас­қан. Ойын-қалжыңымыз ұзаққа созылып кет­се керек, құдалар жағы барар жерлері шалғай болғандықтан мазасыздана бастады. Бірақ олардың бұл жайын түсінгелі тұрған біз жоқ. Кенет той үстінде де оқыс сөздерімен көзге түскен ақсары келін­шектің:

– Әу, құдалар, несіне жетісіп тұрсыңдар, алар дәнді алдық, сендерге қауызы қалды, біз енді кеттік, – деп қойып қалмасы бар ма. Құдаша келіншектің сөзі мағыналы. Шынында біз қауыз, ал дән дегені ұзаты­лып бара жатқан аяулы қызымыз. Қолдары­на «дән» тигендердің сөзі өктем. Көп кейін осы хал өз басыма түскенде, шайпау келіншектің сөзі санамда қайта жаңғырды. Мұндайда «қыз бала – қонақ», – деп көңілді жұбатасың да қоясың.

***

Екінші мәселе, келіннің босаға аттауы. Қыз бала өз үйінен ұзап шықты, енді өзге үйге келін болып енбек. Келген адамды қалай қарсы алуымыз керек. Келіннің аяғынан дегеніміз, оның осы алғашқы қадамы емес пе? Алғашқы қадам алысқа бастамақ. Ақ келіннен ақ әжеге дейін жүріп өтетін ұзақ жол жатыр. Бұл жол кімге жеңіл болған. Тағдырдың әр келінге сынақ даярлап қоятынын кім біл­ген. Қуаныш деген серпілген бір қайғы. Шіркін, қуаныш сағым болмай, қайғы са­ғым болсайшы. Мен, ақ келін (шынында да ақ, әдемі еді) болып түскен шешемнің қилы тағдырын көз алдыма елестетемін. Үйел­мелі-сүйелмелі, қарасаң көз тоймайтын сүп-сүй­кім­­ді екі қызы өсіп келе жатқанда күйеуін «халық жауы» деп ұстап (ол ақын еді), түрме азабына төзе алмай опат болды. Ақ келіннің жесір, екі қыздың жетім қалуы жазу ма, әлде заман қасіреті ме? Бұл сауалға жауап қайда ол кезде? Кім жесір қалған келіннің жан азабын тү­сінбек? Осындай әңгіме болғанда шымкенттік бауырым, өз қайғысын қоса айтып еді.

– Әкем соғыста, неміс тұтқынына түсіп, елге кейінірек оралды.  Шешемнің қолында әкемнің соғыста қаза болғаны туралы «қара қағазы» бар. Бірақ, ол «қағазға» сенбепті. Ол тірі, тірі,  – деп ешбір сөзге көнбей, 1947 жыл­ға дейін туған сіңлісімен бірге ауыл шетіндегі жұпыны үйде өлместің күнін көре берген. Ешқайда қоныс аударып көшпеген, себебі ол үйді күйеуі салған. Ол өз үйінен соғысқа кетті, қайтқанда да өз үйіне енсін дегеннен таймапты. Айнала ағайын әкемнің өлгеніне сенген, көн­­ген, тек үміт шешемде ғана сақталған. «Бірде түн ауа, «есікті біреу қағады», – дейді шешем. – Ол кезде үй қорығандар бар, жастық астына балта жастап жатамыз. Балтаны қолға алып есікке барсақ, бір таныс дауыс:

– Есік ашың­дар, – дейді. Шешем шыдап сыр біл­дір­мей тың-тыңдап тұрса, сіңлісі, апа, бұл кө­кем­нің үні ғой»,  –деп болмайды. Ашайық, аш­­пайық деп тұрғанда әкемнің шешемнің есімін айтып жылап тұрғанын ес­тіп, есікті ашса, өлдіге санаған адам аман-сау келіп тұр. Қызық оқиға содан кейін басталды. Шешем әкемнен бес жас үлкен болатын, ол әңгіме өз алдына бір тарих, – деп әңгімешіл бауырым бір жымиып, сөзін әрі қарай жал­ғастыра берді. Араға екі-үш жыл салып, шешем бір әңгіме шетін шығарыпты.

– Ел өлдіге санап еді, аман-есен оралдың, басың олжа, мен болсам бала көтерер емеспін, са­ған салар қолқам бар, мені тыңда. Мына сіңлімді сенің шаңырағыңа келін қылып түсірем. Әкем оқымаған, момын адам болатын, бұл сөзге көнбей азар да безер болады. Бірақ шешем қайтсе де көндіріп, содан үш ұл, бес қыз өмірге келдік. Олардан өскен ұрпақ, құдайға тәубе, қара орман десек те болғандай. Бәрі­мізді тәрбиелеген де үлкен шешеміз, сондық­тан оны «шеше» деп кеттік, – деп әңгімесін аяқтады. Бұл не, көрегендік пе, әлде өзі сіңген отбасына деген ерекше құрмет пе? Қазақтың осындай келіндері көп болған.

***

Ойыма жорық кезінде болған бір аңыз оқиға оралды. Шапқыншылық заманы. Қала үшін қырғын соғыс болыпты. Бірде екі жақ келісімге келіп, қираған қаладан әйел, бала-шағаны босатпақ болады. Жаулап алушылар үкім шығарыпты:

– Әрбір келіншек өзіне ең қажеттісін дор­баға салып арқалап өтсін, оларға тиіспейміз, ал қалғандарына рақым жоқ, – деп. Бұйрық орындалады. Келіншектер бір-бір қап арқалап шығып кетеді. Жау ішке енсе, қалған өңшең бала-шаға, әйелдер қапқа ерле­рін салып алып шығып кеткен көрінеді. Келін­шектердің күйеулеріне деген мұндай құрме­тіне тәнті болған жау жағы қаланы қиратуды, бала-шағаны қыруды тоқтатыпты.

Халық дәстүрі бойынша келін барған жері­нен ешқашан қайтпаған. Сірә, қазақтың тастай батып, судай сің дегені сол ма екен. Келін ырысымен келеді, енді ол ырыс шашылмауы, шайқалмауы керек. Осындай жағдай Оспан дүниеден өткен соң, Еркежанның басына түсті. Әмеңгерлік деген салт бар, қайтар жол жоқ. Тағдыр сөйтіп Еркежанды Абайға жар болуға жеткізді.

***

Халықтың «тастай батып, судай сіңу» дегені қазақ келіндеріне қатысты философия. Қазақ келіндерінің мінезі де уақытқа ұқсас, қайтымы жоқ. Есіме сенатор Хусейн досымның айтқаны оралып отыр. Ол қарт апасының бір қылығы туралы айтып еді. Әже өніп-өскен ұрпақтарына:

– Балалар, туып өскен жерім, төркінім Сыр бойы, Сыр елі. Бармағалы ұзақ жылдар жүзі болды, сағындым, апарыңдар, – депті. Олар ана өтінішін екі етпей Сыр өзені бойына апарып:

– Міне, дария, – дейді. Әжей өзен бойына келіп жайғасып алып, беті-қолын жуып, ұзақ ойланып отырып, орнынан тұрып, балаларына:

– Кеттік, – депті.

– Қайда, – деген балаларына:

– Қайда болушы еді, үйге кеттік, – депті ертіп келіп абдырап тұрған оларға.

***

Күні кешегі басымыздан өткен ХХ ғасыр­дың 90-жылдарғы елдегі тұрмыстық қиыншы­лықтарды жеңудегі келіншектердің ерлігі өл­шеусіз болғаны бәрімізге мәлім. Елімізді эко­номикалық тығырықтан алып шыққан­дар­дың бірі – әйелдер қауымы десек, артық айт­па­ғанымыз. Себебі осындай істердің талай куә­герлері болдым. Соның бірі мынадай оқиға. Жол түсіп, ағам Нығмет екеуміз Кереку қа­ла­сына сапарға шықтық. Екі кісілік кең купеге билет алдық. Бұл 1992 жылдың күзі. Көр­сетілген орынға  жайғасып отыра берге­німіз­де, есікті оқыс ашып екі келіншек жамыраса:

– Ағайлар, пойыз жүргенше, уақытша жүкте­рімізді сіздердің купеге қоя тұруға бола ма, – деді. Мен ағама, ол маған қарады, екеуі­міз амалсыз:

– Иә, – деуіміз мұң екен, ала қаптарға купе іші тола бастады. Ағам:

– Біз шыға тұрайық, – деген соң, былай барып тұрдық. Ала қаптар купеге ағылып келіп жатыр. Бір кезде пойыз қозғалды. Купеге кірсек, екеуміз отыратын ғана орын қалыпты, қалғанының бә­рі иық тірескен жүк, бұл несі дегендей сыңай білдірдік.

– Ағайлар, сәл-сәл сабыр. Қазір пойыз орнынан қозғалысымен жүктерімізді реттейміз, кешірім өтінеміз, – деген соң, көндік. Айтқандарындай, көп кешікпей купені жүктерден босатты. Байқап отырмыз, кешке қарай қытай кеспесін жылытып, тамақ ішті. Менің оны алғаш көруім, жылдам даярланатын тағам екен. Біраздан соң, ақырындап көңілдері жайланды-ау деймін, келіншектер­дің үндері шыға бастады. Енді байқадым, олар оншақты. Жол болған соң, ағам екеуміз жөн сұрастық. Сонда олардың айтқаны:

– Шет елден тауар алып қайтып келеміз, бала-шаға қамы үшін, – дейді. Мен:

– Неге мұндай ауыр жұмысқа күйеулеріңді жібермейсіңдер, – десем, келіншектер қалжың-шыны аралас былай деді:

– Күйеулеріміздің қолдарына осыншама ақша беріп тауарға жіберсек, екі жағдай болады. Біріншісі, арақ ішіп, ақшаның көзін құр­тып, өтірік айтып оралады, әрине, тулап-тулап, ақыры оған да көнесің. Екіншісі, бі­реу­­лермен көңіл қосып, солармен мүлдем қалып қоюлары да мүмкін. Бұл – қауіпті. Сондықтан мұндай жұмыста біздер, келін­шектер  жүре­міз, – дегендеріне өзге айтар лаж таппадым. Мәселенің ең қызығы, ертеңінде келін­шектер тұрысымен бет-ауыздарын жөндеп, боянып, сәндене бастады. Неге олай болды десем, бұларды перронда қарсы алып күйеу­лері тұр екен. Байқасам, бәрі шетінен ет­жеңді, беттерінен шыбын тайып жығыл­маса да тамақтары тоқ сияқты. Өңдерінен жоқ­шылық белгісін таба алмадым. Шіркін, келіндер, келіншектер-ай! Рахмет сендерге!!!

***

Алысты жақындататын да келін. Осы жайға тоқталсақ, айтпағым, қазақ халқының даналығы, оның әлемдегі көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын алып атажұртқа иелігінде деп әділ айтып жүрміз. Бұл істе, әуелі Жаратушы иемізге, содан соң ата-бабаларымызға шексіз қарыздармыз. Алайда осы мәселеде келіндердің үлесі де ерекше. Дана қазақ жеті атаға дейін қыз алыс­пайтын болып бір замандарда өзара келі­сімге келген. Бұл дін жолы емес. Діннің дуылдап тұрған жері Сауд Арабиясының өзін­де мұндай тәртіп жоқ. Тіптен, өзбек елінде де дәстүр басқаша. Қазақ жеті атаға дейін қыз алысқанды көргенсіздік, жүген­сіздік деп мейлінше жазғырған. Әркімнің жеті атасын білу қажеттілігі де содан. Шәкәрім­нің «Қалқаман – Мамыр» жырының маз­мұны да осы жайға арналған. Қалқаман ата-дәстүр салтын бұзғаны үшін жазықты болған. Сонда бағамдап отырсақ, жеті атаға дейін қыз алыспау дегеніміз әр атаға орташа отыз жыл берсек, 210-250 жылға дейін ел ішінде құдаласу жоқ. Демек, құданың алыс атадан болуы шарт. Ал, қазақта құда бол­саң, ең жақын туыс болғаның. Келіннің алысты жақындатуы деген осы емес пе? Алы­сым жақын болса, «қарға тамырлы қазақ» болмағанда кім боламын. Бұл жерде екі жағдай бар. Бірі, жеті атаға дейін бәрі туыс, яғни туыстық жеті атаға дейін суымайды. Екіншіден, осы жеті ата болып ұйысып отырған қауым, екінші бір жеті атамен құда болып туысады. Қарға тамыр­лықтың тереңдігі де осы емес пе?

Ойды әрі қарай өрбітсек, кең даланы, ана тіл дегенді бүгінгі күнге дейін таза тү­рін­де сақтаушы да келін десек, артық емес. Шындығында, келінмен бірге ағыл-тегіл өлең-жыр, той-думан келмей ме? Дәстүрлі заманда батыс қазағы шығыстан, оңтүстік қазағы солтүстіктен дегендей қым-қиғаш құда болып, ол құдалық ескіріп сарысүйек­тенсе, «құдалық жаңғырту» деген болып отырған. Ол да келіндердің өз туыстарымен қайта қауышу ниетінен  шыққан іс болса керек. Сөйтіп, Қазақ елі ортақ кең даланы игеріп, бір тілде, бір дінде қаймағы бұзыл­май ғұмыр кешкен.

Бұл әуелі Құдай, одан кейін кемеңгер келіндердің арқасында. Ке­мең­гер келін десе, Жиренше шешеннің алған Қарашашы есіме түседі. Қарашаштың парасаттылығына тәнті болып, шіркін, одан асқан қазақтың келіні болған ба дейсің. Қарашаштай келіндердің бірі – Домалақ ана, есімімен ру аталып кеткен Абақ келін, тағы басқалар. Қазақтың келіні Зере – Құ­нан­байдың анасы былай деген екен: «Мен Құнашты бір күн дәрет алмай емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісмиллә деп айтпай емізген мезгілім бол­ған жоқ» (Дүкенбай Досжан. Абайдың рухы (Ғұмырнамалық ойтолғау). Астана «Фолиант», 2008. – 432 б. 8-б.). Бұған не айтуға болады. Хакім Абай осы Зере әжесінің тәрбиесінде өскен.

***

Ел ішінде Ысты келін деген аңыз бар. Димекеңнің атасы Қонайдың үлкен атасы Жалмамбеттің Сыланды деген келіншегі қы­мыздың сабасын тобылғы, қарағай бүрш­і­­­­гімен ыстап, сақтауға шебер екен. Үлкен кісілер келіп: «Сіздің сақтаған қымызыңыз неге бұзылмайды, ашымайды?» деп сұра­ғанда, ол кісі: «Сабаны өңездендірмей қай­та-қайта бұлақ суымен жуып, желге ұстап барып ыстаса болды», деген екен дейді. Содан ел: «Әлгі Ысты келіннің үйіне барып қымыз ішіп келейік», – деп айта берген соң, «Ысты келін» аталып кетіпті. Келе-келе ру да Ысты деген атқа ие болыпты деген аңыз бар. Қазақ санасында аңыз бен ақиқат аралас жүретінін мойындасақ, Ысты келін туралы сөз тегін шықпаған.

***

Бала кезімде естіген әңгіме. Жетінші бабамыз Кенебай би баласы Қараманға Қаз дауысты Қазыбектің немере қарындасы Шекер есімді қызды айттырады. Мезгіл жеткен соң, Шекер қыз ұзатылу үшін басына сәукеле киюі керек екен. Бойжеткеннің адуынды мінезін жете білетін жеңгелері, оның басына сәукеле кигізуге батылдары жетпей тұрса, оны жеңгелерінің қолынан жұлып алып:

– Несіне болбырап тұрсыңдар? Әйтеуір киетін нәрсе емес пе, бұл, – деп өзі киіп алып, әке-шешесіне барып:

– Қайран әке, қош, аман бол! Ана, сіз де аман бол! Ал мен кеттім, – деп онысымен қоймай:

– Әй, әлгі мені алатын Қараман қайда жүр өзі, – депті. Келін түсетін ауыл Малыбай көлін жа­­ғалай қонған екен. Ауыл адамдары келінді күтіп, қарсы алу қамында жүрсе, біреу келіп:

– Келін көлде әрі-бері малтып жүр, – депті. Жеңгелері барып, келіннің ерсі қылығына қысылып тұрса, Шекер анамыз:

– Әй, келіншектер, көріңдер, құнан қойдай малтимын ба, әлде дөнен қойдай малтимын ба, – депті. Осындай да мінезді келіндер болған.

***

Келін деген мағына қай кезде өзге күйге өтпек? Сондай жағдай сірә, өзі бола ма екен? Ойлаймын, «келін» деп айтатын үлкен­дер қалмағанда. Ол әжеден қарияға айналғанда. …Тастай батып, судай сіңіп, құтты мекенінде мәңгілік жай-күйін тапқанда… Мүмкін…  Иә, сонда. Солай дегенмен, келін болып ғұмырын бастап, ақ әжеге, айналған асыл ананың қи­лы-қилы тағдырын, құпия жан-сырын кім бі­ліп болған. Бәрін білуші тек қана бір Алла!


Ғарифолла ЕСІМ,

философия ғылымдарының докторы, академик.

Астана. «Егемен Қазақстан».

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

“Ұят боладыны” естіп өскен ұрпақпыз!

Менің кітабымды оқыған кейбір әйелдер мені әйелқұмар екен деп ойлайды. Ал менің бөтен әйелдің етегін ...