ЖАЛМАУЫЗ!
Жалма, жалма!!
Қалдырма,
Бәрін жалма,
Жалынғанға,
Қарама жарым жанға.
Жалмауыздар жаһанды жайлайды екен,
Дүниенің қауызы тарылғанда.
...
Жалма, жалма,
Жеті бас жебір неме!
Көмірге де ауыз сал, темірге де!
Көмейіңе көмілген әруақтар
Көріңде де,
Өкірсін төріңде де!
...
Елдің мұңын,
Қайтесің жұрттың сорын,
Ашылып тұр араның, мықтым, сенің!
Алматы мен Астана пойызындай
Әрлі-берлі жүгірсін жұтқыншағың.
...
Мынаны жұт,
Қалдырма, ананы жұт!
Ауылды жұт!
Малды жұт!
Даланы жұт!
Қабырды жұт!
Қамбаны, қаланы жұт!
Сабырды жұт,
Салтты жұт,
Сананы жұт!
...
Аспанды жұт!
Ауа мен Жерді жалма!
Жерден асқан жаһанда шерлі бар ма?!
Зәу-заттарды илейді енді есерлер,
Бау-бақтарды билейді енді қарға!
...
Көлді қылғыт,
Көктегі Күн, Айды жұт!
Теңізді жұт!
Мұхитты, мұнайды жұт!
Қиығымен көзінің қарап қойып,
Миығынан отырсын Құдай күліп..!
Заман
Жаманы сатылған заман.
Еркегі қатыннан жаман,
Қатыны шатылған заман.
Ібіліс ылыққан заман,
Бүлініп, былыққан заман.
Құлқыны құныққан заман,
Құдайын ұмытқан заман!
Байлыққа бас ұрған заман
Әптіңді қашырған заман.
Араны ашылған заман,
Адамы ашынға заман!
Талабын тасқа ұрған заман,
Тарыдай шашылған заман
Арамды ас қылған заман,
Адалды лас қылған заман.
Талағы тасырдан жаман,
Тарыдай шашылған заман.
Айласын асырған заман,
Абыройы ашылған заман.
Ұлдары ұрынған заман,
Қыздары қыдырған заман.
Түлкідей құбылған заман,
Түгелдей жын ұрған заман!!!
Өкінбеймін біреуге кетсең де еріп.
Жазмыштың маған жазған пендесіне
Мен-дағы кезігермін көп сенделіп.
Мұң ба екен,
Мұның бәрі уайым ба екен?!
Бүгінде ойым бөтен, жайым бөтен.
Қойнына қона алмаған қос аққуға
Қол бұлғап қала берер – қайың мекен…
Жабықпа,
жарылқасын бетіңді алдан.
Өткен күн өшкен, көшкен секілді арман…
Болар-ау бәрі де ұмыт,
Амалым не,
Аяймын махаббатты жетім қалған.
Көкірегінде шамы сөнбеген,
Іріден ізет көре алмай
Іріген іші шерменен,
Санасы самсоз жүрсе де
Санатқа, санға енбеген,
Асыл бір туған ақынды
Қай кезде қайғы жеңбеген?..
Арғымақ асау баптаған,
Алдынан ешкім қақпаған.
Арманның құсын әлпештеп,
Алланың ісін жақтаған,
Алтынмен арын аптаған,
Ананың сүтін ақтаған –
Асып бір туған Ақынды
Қай кезде ажал таппаған?...
Жай ұстап туған жатырдан,
Ашынса – ашу шақырған,
Шалдуарларға шарт сынба,
Алдиярларға ақылман,
Бәндәуи мына тірлікке
Бәдәуи басын қатырған –
Залалсыз, зілсіз Ақынға
Қай заман балын татырған?!
Ащыны татып ұшынған,
Тәттіні татып тұшынған,
Ұяға тұқым түсіріп,
Қияға тұйғын ұшырған,
Мінәжат кешіп әр жұма
Тәржіма тартқан Мысырдан...
Байбатша көңіл Ақынға
Қай патша тағын ұсынған?
Елжіреп есік ашпаған
Талайға тәңр – тас қамал.
Шайырға зайыр кімің бар
Тағдырға талақ тастаған?
Түтіні бірге демесең,
Бітімі бөлек басқадан,
Қайраған тісін Ақынға
Қай надан итін қоспаған?...
Сана сырқаты немесе Бұқарға еліктеу
Жанарым жаутаңдайды жамағатқа.
Сіресіп әкім отыр «әткеншекте»,
Сыра ішіп ақын отыр саябақта.
Қарабай қамшы үйіріп Қанағатқа,
Атымтай адасып жүр Дала жақта.
Жұлдызым жұлдыз емес, Айна-көкте
Айналып кеткен білем қара даққа...
Жабысып жарым түнде жарау атқа
Қарақшы қараша үйді тонамақ па?..
Қаратал саусақтарын тарбитады
Қап-қара жұлдыздарды санамаққа.
Қасында қарайлайтын бала жоқта,
Қара шал қарғыс айтар қағанатқа.
Қараша үй,
Қара қорым,
Қайра н, ауыл
Қарайды қамкөңілмен қала жаққа.
Қанатын жайып бір құс бар алапқа,
Тарапқа тамұқ түні тарамақ па?...
Қап тауын қара бұлт жайлап алып,
Қағбаны қара тұман ормақ па?...
Құдайым бұйырмаған жаманатқа–
Жай түсті жазатайым мана баққа...
Аққудың қауырсын көкте қалқып,
Қарғалар қарқ-қарқ күлер жаға жақта.
Шалқуға, шалқаюға шама жоқта,
Пақырға, Хақ тағала, табалатпа.
Қалқайған қара бастан қандай қайыр,
Қасыңда қауқылдасар қара жоқта?!
Қайдағы қағылған ой қарақатпа
Қайтесің қамап, қанап бара жатса?
Қарайтын қатынға да бет қалмады
Таусылған аппақ ұны қара қапша.
Бесікте белі бекем бала жоқта
Есіктен Қыдыр баба қарамақ па?..
Ошақта ойнап жатыр от пен жалын,
Қазанда қайнап жатыр қара ботқа.
Сабылып соқа басым сан алапқа,
Сазандай аунақшиды санам отта...
Бүйрегім бүлк етпейтін болып алды
Ғайыпқа,
Ғажайыпқа,
Ғаламатқа....
Айналып жазған басым ала допқа,
Тағдырым таңылғандай тағалы атқа.
Атсаң оқ, айтсаң сөзің өтпейтұғын,
Шынымен бұл шіркінге шара жоқ па?
Қалғып кеткен қаймана – қаңғып жүрген
Елестей...
Көштi қалай түзермiн,
Естi қалай жиярмын,
Оң жағымнан жел еспей,
Сол жағымнан ел өспей?
“Бетегеден биiкпiн, аласамын жусаннан”...
Көрiне ме көкжиек көз сүзгенмен құр шаңнан?
Аларманның сүлейi,
Берерменнiң үрейi –
Ақын қайда бусанған?!
Батыр қайда құрсанған?!
Жаңа туған жас бала...
Кiрпияз ба, кiм өзi?
Кiмге ырыс, кiмге құт кiндiгiмнiң
Кiнәзi?
Ауыздығын шайнаған Арғымағым болмаса,
Кiмге керек қазақтың қойдай қоңыр мiнезi?
Заман мынау апшынған айдаһардай жаланып,
Не болмақшы қаптаса Қараспанды қара бұлт?..
Қам-қаперсiз басыма қайта оралмас күн келсе,
Қасқыр басым қаншыққа қалмаймын ба таланып?..
Ерке мiнез ез емес,
Еркек тектi ел ем ғой?!.
Екi көзiм телмiрдi-ау есiк жаққа елеңдей...
Көкбөрiм-ау,
Көп-көрiм қуарды ма бөктерiң,
Бөрiктiрген кiм сенi?
Түске жүрсiң неге енбей?
...Менiң қайғым тек қана менiң мұңым емес қой?!
Қалғып кеткен қаймана – қаңғып жүрген елестей...
Көштi қалай түзермiн,
Естi қалай жиярмын,
Оң жағымнан жел еспей,
Сол жағымнан ел өспей?!