Home » Айдарлар » Өнер » Дәстүрлі музыкалық аспаптар

Дәстүрлі музыкалық аспаптар

Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары дыбыс ерекшеліктеріне қарай алты топқа жіктеледі. Олар: соқпалы-шулы; сылдырлы; үрлемелі; ыспалы; ішекті-шертпелі; көп ішекті. Газеттің бүгінгі нөмірінен бастап осы жіктелу тәртібін сақтай отырып, олардың сыртқы сипатына, аспап жасалатын затына, жасау әдіс-тәсілдеріне, қолданылатын құрал-саймандарына этнографиялық тұрғыда шолу жасамақпыз.

Соқпалы-шулы аспаптар

Соғып ойналатын аспаптардың үлгі-нұсқалары көп. Соның бірі – дабыл. Оның шанағы дөңгелек шеңбер етіп, екі жағына екі айдан алты айға дейінгі жастағы бұзау, түйе терісі қаптап жасалады. Музыкалық аспаптарға арналған мал терісін пайдалану және оны қаптап жасау күрделі әдістермен атқарылады. Ол үшін мал терісін немесе қарнын дөңгелек ағаш шанаққа керіп қаптайды. Жаңа сойылған малдың жүнін қырқып алып, сары етін сылып алады. Аспаптарға қолданатын тері жарғақтың жүні жас кезінде жидітіп алынады. Тазартудың екі тәсілі бар және ол күрделі әдіспен игеріледі. Бірі – и салу тәсілі. Бұл тәсілде идің быршыған өткір исін теріге сіңдірмеу қажет. Екіншісінде – теріні жібітіп барып өткір ұстарамен түгі сылынып алынады. Содан соң түксіз терінің шуашы мен шайыры кеткенше жуылады. Әбден тазарған кезде теріні шала кептіріп алып дабыл, дауылпаз, даңғыра, кепшік, дудыға, тоқылдақ секілді бір жағы немесе тұтасымен теріден жасалатын соқпалы-шулы аспаптарға қолданады.

Дауылпаз – халықтық нұсқада жасалатын көне аспап. Ертеде аңшылық, саятшылық, құсбегілік салт-дәстүрлерде қолданылған. Шанағы өзегі алынған сырты жұмыр бітеу ағаштан жасалып, сыртына ғаныштау әдісімен ою-өрнектер салынады. Шеңбер аумағы 40-50 см. болып келетін бұл аспаптың тек бір жағы ғана шала кепкен терімен қапталады. Сал-серілер саятшылыққа қолданатын дауылпазға үкі қауырсыны тағылып, жиектеріне күміс немесе асыл тастар орнатып жасайтын болған. Қайыстан жасалатын белбеуін аңшылар құс, аң қуған кезде ертоқымның алдыңғы қас бетіне немесе мойынға асып алады. Бұл аспаптың ел арасында қол дауылпаз, нар дауылпаз аталатын түрлері бар. Қол дауылпаздың шеңбер аумағы 30-35 см. мөлшерінде жасалады. Шанағы тұтас ағаштан ішін ойып, кейде тілікше етіп кесілген ағаштардан құрап жасалады. Шанағы алынып-салынатын үш сирағы бар қондырғыға орнатылады. Қол дауылпаздың беті түйенің немесе бұзаудың терісімен қапталады. Дауылпаздың осы нұсқасы қолдануға ыңғайлы болғандықтан, өнер топтары арасында сұраныс көп. Ал нар дауылпаз үлкен етіп жасалады, бетіне нар түйенің терісі қапталады. Үлкендігі мен жасалу затына байланысты ел арасында «нар дауылпаз» аталған. Шанағы емен, жаңғақ, қайың, қызыл ағаш секілді қатты ағаштардан құрап жасалады. Бетіне тартылған терінің дыбысын төмендетіп немесе жоғарылатып отыру үшін шанаққа арнайы темір бұран­далар орнатылады. Аспапты таяқпен ұрып ойнайды. Көбінесе халықтық мерекелерде және үлкен оркестр құрамында ойналады.

Осыған ұқсас етіп жасалатын соқпалы-шулы шыңдауыл, шың аспаптарының шанағы тұтасымен металдан жасалып, бір жақ беті мал терісімен қапталады. Тері қапталмас бұрын шанақтың ішіне шулы үн беретін шағын сылдырмақ-қоңыраулар немесе темір шығыршықтар тағылады. Аспапты ертеде аң-құстарды үркітіп, қаумалап аулау үшін немесе қуып, аранға түсіру үшін қолданған. Шыңның шыңдауылдан айырмашылығы тұтасымен күңгірттенбейтін жез металдан жұқа табақша тәріздес етіп, тері қапталмай жасалады. Арнайы жасалатын шағын таяқшамен ұрып ойналады. Сипаты мен жасалу әдіс-тәсілі жағынан күрделі аспаптың бірі – қос дүңкілдек. Екі шанақтан тұратын бұл аспап жай ғана дүңкілдек деп те аталады. Шанақ іштері қуыс, беті бұзау терісімен қапталады. Шеберлер оның бір бетін жұқа терімен, екіншісін қалыңдау етіп керіп жасайды. Екі бетіндегі керілген тері-жарғақты ұрса, екеуінен екі түрлі дүңкілдеген үн шығады. Бұл әдіс аспаптан екі түрлі дыбыс беруге лайықталған. Шанақтары қайың, емен, қарағай секілді қатты ағаштардан жасалады. Дыбыс жаңғырығын қамтамасыз етіп отыратын өзегі салынады. Дүңкілдекті көлденең жатқызып та, тізеге қойып та, мойынға асып алып та ойнай береді.

Осы топқа жататын дудыға, даңғыра, тоқылдақ, кепшік, сақпан, шартылдауық, зырылдауық, асатаяқ, сылдырмақ, қоңырау, тұяқ тас, шың секілді соқпалы-шулы аспаптар өз үлгі-нұсқалары жағынан этнографиялық мұралар санатына жатады. Олардың қолданылу ортасы, сыртқы сипаттары мен жасалу заттары әртүрлі. Мәселен, дудығаны ерте замандарда сардарлар мен жеке батырлар қолданған. Аспап туралы: «…Дудыға қағып, сырнайын тартып» немесе «дудыға сілкіп қағайын, дұшпанға ойран салайын» деп келетін эпикалық жыр-дастандарда айтылады.
Аспаптың жалпы тұрқы сегіз қырлы, күмбезді етіп жасалады. Жасалу әдіс-тәсілі күрделі болғандықтан да ел арасында сирек кездеседі. Аспаптың шанағы тұтасымен шала иленген теріден жасалады. Теріні ұстап тұратын ішіндегі керегіштері қатты ағаштан орнатылып, оған шағын сылдырмақтар немесе ұсақ қоңыраулар тағылады. Шанақ сыртына еменнен жасалған ұсақ жарғақ қаққыш сәлпеншектер орнатылады. Ертеде оның сыртын асыл тастармен безендіріп жасалатыны туралы ел арасында айтылады. Аспапты шайқап, ырғақтатып, сілкіп ойнайды. «…Аспап атауы батырлардың ду-ду еткен шайқасты көрінісі мен «ду-дуға қосылды» деген ұғымнан туындаған»  дейді ақпар беруші О.Хаймолдин. Аспаптың белгілі зергер Д.Шоқпарұлы мен шебер А.Хасенов қалпына келтірген жалғыз этнографиялық нұсқасы халық аспаптары музейінде сақталған.


Зәбира ЖӘКІШЕВА,
аспаптанушы-этнолог,
Қазақстан Республикасының 
Мәдениет қайраткері,

«Ана тілі»

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

ШҚО-да ауқымды спорт пен өнер фестивалі басталды

Ырғызбай Досханаұлының туған жерінде өтіп жатқан «Тұғыры биік Тарбағатай» халықаралық фестивалі әлемнің әр түкпірінен келген ...