Қытай түшкірсе,  әлем экономикасына суық тиеді

4964
Adyrna.kz Telegram

Халықаралық сарапшылардың пайымынша, Қытайдан шыққан коронавирус әлемдік экономикалық дағдарыстың елесін қайта жандандырды. Қазір  Қытай зауыттарындағы жұмысшыларға карантин жарияланған. Бұған қатысты халықаралық сарапшылар «вирус Қытайда 400-ден астам адамның өмірін қиды.  Егер инфекция жаһандық пандемияға ұласса, ол әлемдік экономикаға 2008-2009 жылдардағы дағдарыспен салыстырылатындай қауіп төнідіреді» деп отыр.

Бұл ретте бүгін Moodys халықаралық рейтинг агенттігінің аға экономисі Джон Лонски: «Коронавирустық пандемия - бұл дүниежүзілік қаржы дағдарысы мен 2008-2009 жылдардағы ұлы рецессияны тудыруы мүмкін» деген болжам айтты.

«2002-2003 жылдары SARS деп аталатын вирустың өршуі Қытайда басталып, 25 елге таралды.  Осы вирустан 800 адам қайтыс болды. Бірақ ол жылдары қытайлық жалпы өнімнің мөлшері жылына 1,7 трлн доллардан аспады.  Ал қазір оның экономикасы 9 есе үлкен - 15 трлн доллар, ал оның әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі 4 пайыздан 17 пайызға дейін өсті. Әлемдік ЖІӨ-де 17 пайыз үлесі бар Қытайдың шайқалуы кез келген елді ойлантуы тиіс»,-дейді Джон Локси.

Ал енді бұған қатысты біз отандық мамандармен пікірлесіп көрдік. Мамандардың пайымынша, расымен де Қытай түшкірсе, әлем экономикасына суық тиеді. Бұл ретте қазақстандық ғалымдармен пікірлескенбіз.  Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергенов: «Дағдарыстың елесі  қазір инвесторларды қорқытып отыр.  Алдағы уақытта  мұнай, металлдар, облигациялар мен алтын бағасы түсе бастауы мүмкін. Қазір мұнай  бағасы барреліне 54,21 долларға дейін төмендеді. Бұл соңғы 12 айдағы ең төменгі көрсеткіш. Коронавирустық  індет аясында Қытайда жанармайға деген сұраныс төмендеді. Қытайда мұнай тұтыну тәулігіне 3 млн баррельге немесе 20 пайызға азайып кетті.  Себебі қазір вирусқа байланысты Қытайда біршама өндіріс орындары жұмысын тоқтатып тұр.  Өнеркәсіпте қолданылатын мыс, никель, алюминий көлемі де  вирус шыққан кейін орташа есеппен 7 пайызға төмендеді. Ал бұл әлемді алаңдатпай қоймайды. Ірі инвесторлардың көңіл күйі бұзылып отыр. Сондықтан мұның арты расымен де қаржы дағдарысына ұласып кетуі ықтимал»,- деді.

«Ал тікелей нақты  Қазақстанға қандай әсері бар» деген сауалымызға  мамандар бірінші сауда-саттық саласына қатты әсері бар екенін жіпке тізді.

Деректерге жүгінсек, 2019 жылы  көрші елге жіберілген экспорт көлемі 7,2 млрд долларға жетсе біздің елге Қытайдан келген  импорт 5,6 млрд доллар болды.  Қазақстанға  Қытайдан негізінен электроника, киім-кешек, мата және жеміс-жидек әкелінеді.

«Барометр» талдау-сараптау орталығының қаржыгері Арман Мусиннің айтуынша, егер ақпан айының ортасына дейін шекара ашылмаса, онда Қазақстандағы сауда саласы дағдарысқа ұшырайды.  Себебі Қазақстанға келетін тұтыну заттарынан бастап, киім-кешек, электроника жабдықтары  тағы басқа қажеттіліктердің 80 пайызы Қытай елінен жеткізіледі.

«Бұл арада бірінші Қазақстанның Қытайға негізгі экспорт бөлімдері 53% — шикі мұнайөнімдері,8% — жез, хром, кен мен темір қосылымы,56% металдан бұйымдар (же зді сым, катодтар, цинк, феррохром, құрыш несие),11% -жанармай,8% — уран, 14% — тері тағы басқа көптеген дүниелер жеткізіледі. Ал Қытайдан бізге 23% — мұнай-газ құбырлары,3% — қазба жүргізгіш машина мен басқада бұрғылаушы, 1,6% — көмірден кокс пен жартылай кокс,1,6% — қара металдан басқада металлконструкциялар, киім-кешектер, көкөністер, электроника тауарлары келеді. Алдағы уақытта Қытайдан тауар таситын жекелеген саудагерлерге қиын болады. Олар қазірдің өзінде тауар ала алмай отырғандарын айтып алаңдап отыр.  Қытай-Қазақстан шекарасының уақытша жабылуы бұл тек бізді ғана емес, бірқатар ТМД  елдерін де алаңдатып отыр.  Ресей, Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан тағы біраз елдер кейбір Қытай тауарларын Қазақстан арқылы жеткізеді. Нақты таразылап көрсек, бұл тек бізге ғана емес әлемдік экономикаға салқынын тигізетін құбылыс»,-деді қаржыгер Арман Мусин.

Сондай-ақ маманның пайымынша, бұл эпидемия, Қазақстан-Қытай арасында транзиттік тасымалдаудың тоқтап қалуына да ықпал етуі мүмкін. Осыдан барып елімізге келетін туристердің ағымы да төмендеп, бұл салада да түсім азая түседі. Шектеу қойылғандықтан  «теміржол, әуежолы тасымалы да қазірдің өзінде шығынға ұшырып жатыр» дейді маман.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

«Адырна» порталы

Пікірлер