Бізге жаңару мен өзгеріс керек

2781
Adyrna.kz Telegram

Соңғы кездегі елдегі саяси процестер, жұлқынып шыққан азаматтардың деңгейі көп нәрседен хабар бере бастады. Сөз жоқ бізге жаңару мен өзгеріс керек. Бірақ елдегі саяси процестер партия құрамын деп жүрген ағайындардың жолымен емес өркениетті, интеллектуалды бағытта өтуі керек. Біздегі жаңару мен өзгеріс сауатты, деңгейі жоғары, мемлекеттілікті сақтай отырып, әрмен қарай да елді дамуға бастайтын өзгеріс болуы қажет. Бұл жолды азаматтық қоғам, жастар, халық болып бірге жасауымыз керек. Бүгінгі елдегі жағдайды бағалап, саралап шықсаң төмендегі картинаны көруге болады:

1. Бізде сайлауға дейін партия құрылып үлгермейді. Үлгерсе де деңгейі мемлекетті басқара алатын сатыда болмайды. Ешбір елде сайлауға аз уақыт қалғанда партия құрылмайды. Саяси партия дегенің тарихи, идеологиялық ұстанымы, сауатты кадрлары, тәжірибесі бар азаматтардан құралып, қаржысы бар олигархтардың, буржуазияның қолдауына ие болуы керек. Мұндай партия жоқ. Тым кеш. Сайлауға аз уақыт қалды.

2. Қазіргі билікке келемін дегендер сауатты позициясы бар, ертең мемлекетті шайқалтпай ұстап қалар деңгейде емес. Олардың бар көзірі - 30 жыл шаршаған қоғамның эмоциясы. Осы эмоцияның үстінде ойнағысы келеді. Бірақ тереңінен қарасаң сауатты, білімді кадрлары жоқ, ертең елді қалай басқарары белгісіз тұңғиықты көруге болады.

3. Олар билікке келсе ел жік-жікке бөлінеді. Тоз-тозын шығарады. Халықтың басын ұстап қала алмайды. Бір босанған ел демократия деп сан тармаққа бөлініп өзара тартысады. Қоғамдағы саяси мәдениет төмен деңгейде мұндай рискке бару өте қауіпті.

4. Бізге пікір әралауандылығын сақтай отырып, азаматтардың сөз еркіндігіне құрметпен қарап, жаңа Қазақстандық демократиялық құндылықтарды қалыптастыруды, өркениетке бастайтын сауатты азаматтық қоғам құратын жолға түсуіміз қажет.

5. Ешкімді бұрынғыдай өзгеше ойлары үшін қудаламай, бір үстелдің басында отырып ортақ шешімге келер, елді дамытар тың бастамалардың бастаушысы болуымыз керек.

6. Егер бұл пікірмен келіспейтіндер болса олардың позициясына да құрметпен қарауға тиіспіз.

7. Қоғам ұсақ даулар мен бір-бірін саяси көзқарасы үшін жек көретін, кемсітіп, мұқататын деңгейден өсуі қажет. Саяси мәдениет жаңа сатыға шығуы тиіс.

8. Біз елдегі саяси процестердің катализаторы азаматтық қоғам болған, бірақ сауатты саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың, экономистер мен қаржыгерлердің аналитикалық материалдары қоғамдық пікірді қалыптастырушы, елді дұрыс бағытқа бастаушы платформаға түсуіміз керек. Түбі соған келуіміз шарт.

9. Бәріміздің осы Отаннан басқа барар жеріміз жоқ. Әр түрлі пікір мен көзқарастағы Қазақстан біздің байлығымыз болатын, бірақ сауатты саяси мәдениетпен дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп айтатын жаңа құндылықтары қалыптасқан қоғам құруымыз қажет.

10. Келесі сайлауда Парламент кемі 90 пайызға жаңаруы керек. Жастар келіп, елдегі өзгерістің алғашқы нышанын практикада көруге тиіспіз. Парламент, маслихаттар жаңарып, жаңа Қазақстандық саяси жүйенің алғашқы белгілері көрініс беруі тиіс.

11. Жастарға жол ашылып, уақыты келгенде үкімет те жаңаруы керек. Креативті жастардың заманы келді деп ойлаймын.

12. Мойындамасқа амалың жоқ. Елдегі шынайы картина осындай. Біз ұр да жық әңгімеден кетіп дамудың интеллектуалды, сауатты бағытына түсуіміз керек.

P.S. Қандай жағдай болмасын 30 жылғы жүйе, ескі құндылықтар күрделі реформаға түсіп, модернизациядан өтуі тиіс. Олай болмаған жағдайда біз әлемдік дамудан, айналамызда болып жатқан өзгерістерден кеш қалып, мемлекеттің табиғи дамуын тежейтін боламыз.

Бауыржан СЕРІКБАЙ

Пікірлер