Айсұлтан Назарбаев "өміріне қауіп төнгенін" айтады. Жақындары үнсіз

1059
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, сенат спикері Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаев өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып қалды. Ол Facebook парақшасындағы бірнеше жазбасында және ақпарат құралдарына берген сұхбатында "қауіп өз отбасынан" екенін мәлімдеді.

Айсұлтанның (былтыр Лондон соты полицияға шабуылдады деп шартты жаза кесіп, есірткіге тәуелділіктен емдеуге жіберген) жазбалары мен айтқандарына Назарбаев әулеті әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.

23 қаңтарда Азаттық тілшісі сенат отырысынан шыққан Дариға Назарбаеваға ұлының сөзіне қатысты пікір алуға тырысқанымен, нәтиже шықпады. Парламентте күзет күшейді. Бұрын Назарбаеваны екі адам күзететін еді, бұл жолы оның жанында кем дегенде алты күзетші жүрді. Күзетшілердің бірі тілшінің қолын қайырып, аузын жапты. Кедергіге қарамастан Азаттық тілшісі Дариға Назарбаевадан "ұлының өміріне қандай қауіп төніп тұрғанын" сұрап үлгерді. Бірақ Назарбаева тілші сұрағын жауапсыз қалдырды.

22 қаңтарда Айсұлтан Назарбаев ұзақ үзілістен кейін Facebook парақшасында бірнеше пост жариялады. Онда ол "түрмеде отырып шыққанын", "жақындарымен көп мәселе болғанын" жазды. Айсұлтан постында қазір Лондондағы Priory Hospital Hayes Grove клиникасында (18 қазанда ағылшын соты Айсұлтанды есірткіге тәуелділіктен емделуге міндеттеген) жатқанын да айтты. Ол жазбасында телефон нөмерін қалдырып (Азаттық бұл нөмерге хабарласқанымен жауап болмады), журналистер сұрағына жауап беруге дайын екенін айтқан. Жазуынша, өміріне қауіп төніп тұр және оны біреулер өлтіргісі келеді. Айсұлтан Ұлыбритания ханшайымынан Нұрсұлтан Назарбаевқа хабарласуды да сұраған.

Айсұлтан Facebook парақшасында"Менің шешем атамды қармақта ұстап отыр. Себебі ол менің әкем" ("Моя мать держала деда на крюке из за того что я его сын") деп жазды.

Желі қолданушыларының арасынан Айсұлтанның парақшасын біреулер бұзып кірген дегендер де табылды. Кейін қазақстандық журналистер Айсұлтан Назарбаевқа хабарласып, сұхбат алған. Айсұлтан Facebook парақшасына өзі жазып отырғанын айтты. Видеода оның Priory клиникасында отырғаны байқалады.

Азаттық британиялық клиникаға хабарласты. Аурухана пациенттері жайлы ақпарат бермейтінін, емделушілер туралы деректер жеке бас құпиясы екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев (президент болып тұрған кез) әйелі Сара Назарбаева және жиені Айсұлтанмен бірге ойын-сауық орталығының ашылуында тұр. Алматы, 1997 жыл. Сурет Ақорданың Instagram-дағы парақшасынан алынған
Нұрсұлтан Назарбаев (президент болып тұрған кез) әйелі Сара Назарбаева және жиені Айсұлтанмен бірге ойын-сауық орталығының ашылуында тұр. Алматы, 1997 жыл. Сурет Ақорданың Instagram-дағы парақшасынан алынған

23 қаңтарда Айсұлтан Назарбаев тағы да жұмбақтаған пост жариялап, "әлемді жаулап алған сиқыр жайлы" жазды. Одан кейін Мұхтар Әблязовтың (10 жыл бойы шетелде тұрып жатқан экс-банкир, Назарбаев пен Қазақстан билігін сынап жүрген оппозициялық саясаткер. Нұр-Сұлтан оны бірнеше қылмысқа айыптап, елге экстрадициялауға талпынып келеді. Әблязов айыптардың саяси астары бар деп санайды) хабарласуын сұрап, тағы бір пост жариялады. Бірнеше сағаттан соң Әблязов Facebook желісінде тікелей эфирге шығып, Айсұлтанмен сөйлескенін, оған шешесі тарапынан қауіп төніп тұрғанын айтты.

"Оның өміріне қауіп төніп тұр. Ол өзін Рахат Әлиев сияқты өлтіріп тастай ма деп қауіптенеді" деді Әблязов.

Рахат Әлиев – Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі, дипломатиялық қызметтерде істеген. 2007 жылы қуғанға ұшырап, 2015 жылы ақпанда Вена түрмесінде өлі күйінде табылды. Ресми тергеу ол суицид жасаған деген шешімге келген. Ал Әлиевтің екінші әйелі Эльнара Шоразованың адвокаттары германиялық эксперттерге сілтеп, Әлиевті өлтіріп кетті деген.

Дариға Назарбаева сенат отырысында. Нұр-Сұлтан, 23 қаңтар 2020 жыл.
Дариға Назарбаева сенат отырысында. Нұр-Сұлтан, 23 қаңтар 2020 жыл.

Азаттық Айсұлтан Назарбаевқа "төнген қауіп жайлы" Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінен комментарий ала алмады. Телефон тұтқасын көтерген елшілік қызметкері қандай да бір ақпарат беруге өкілеті жоғын айтты. Ол тілші сұрағын ақпарат құралдарымен байланысқа жауапты қызметкерге жеткізетінін айтып, редакция нөмерін жазып алды. Бірақ елшілік тарапынан редакцияға ешкім хабарласпады.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімшілігіне хабарласу мүмкін болмады. Канцелярияның баспасөз хатшысы Айдос Үкібаев телефонға жауап бермеді.

Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен. Бірақ Қауіпсіздік кеңесі мен "Нұр Отан" партиясының басшысы ретінде елдегі биліктің бір бөлігін ұстап отыр. Оның "Ұлт көшбасшысы" статусы бар. Бұл мәртебеге сай, Назарбаев және оның отбасы қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.

Айсұлтан Назарбаев – Дариға Назарбаеваның екінші ұлы. Назарбаева мен Әлиевтің тағы Нұрәлі Әлиев (2014-16 жылдары Қазақстан астанасы әкімінің орынбасары болған) және Венера Назарбаева есімді балалары бар.

Айсұлтан Ұлыбританияда корольдік әскери академияда оқып, Қазақстанға оралған. Кейін ол Қазақстан қорғаныс министрлігі барлау басқармасына жұмысқа тұрған. 2017 жылы жеті айдай Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті болды. Кейін ол желідегі парақшасында есірткі шеккенін, одан емделгенін жазды да біраз уақыт жұрт көзінен тасада болды.

Былтыр қазанда Лондон соты Айсұлтанды шартты жазаға кесіп, "18 ай сынақта болып, 140 сағат қоғамдық жұмысқа жегіледі және мәжбүрлі түрде есірткіге тәуелділіктен емделеді, бір мың фунт айыппұл (1300 доллар) мен бес мың фунт (шамамен 6500 доллар) шығынды төлеуі тиіс" деп шешім шығарған.

Сот Айсұлтан Назарбаевты британ полициясына қарсылық көрсеткені үшін жауапқа тартқан. Іс материалдарына сай, Covent Garden аймағындағы пәтердің балконына шығып алған белгісіз ер адамды көрген тұрғындардың бірі полиция шақырған. Полиция келгенде ер адам "есірткі әсерімен полицияға қарсылық көрсеткен, қол жұмсап, тістеген". Кейін балконға шығып алған ер адамның Айсұлтан екені анықталған. Үйдің иесі Айсұлтанмен таныс емесін, оның пәтерге қалай кіргенін білмейтінін айтқан. Полиция Айсұлтанды ұстау үшін электрошокер қолдануға мәжбүр болған. ВВС сайты Айсұлтан электрошокерді сындырып тастағанын, полицияның қолын жарақаттағанын жазды.

Төрт айдан кейін Лондон соты Айсұлтан Назарбаевқа үкім шығарды. Сот Айсұлтан бостандықта жүріп, емделуіне болады деген шешімге келген.

Бұл сотқа қатысты Назарбаев әулеті ешқандай пікір білдірген жоқ.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер