Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Бұрханов Қамал Низамұлы қайтыс болды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы Facebook желісіндегі парақшасында жазды. "Жалған өмірай... ҰСТАЗЫМ, ДОСЫМ, ӘРІПТЕСІМ КАМАЛ БҰРХАНОВ дүниеден озыпты. Соңғы екі жыл төсек тартып жатып калған еді. Мағрипа жеңгем колдан келгенше барлығын жасады. Амал нешік, бәрі бір жаратқанның қолында. Бақұл бол адал дос. Жаның жәннатта болғай Камал аға!", - деп жазды Сенат депутаты. Бұрханов Қамал Низамұлы - 1954 жылы 31 наурызда Ташкент облысы Янгиүл ауданы Шуролисай ауылында дүниеге келген. Ташкент мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік әлеуметік университетін бітірген. Саяси ғылымдарының докторы, профессор. 1977-1978 жылдары - Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің ғылым қызметкері, 1978-1979 жылдары - Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтының аға лаборанты; 1979-1995 жылдары - С.М. Киров атындағы ҚазМУ - аға лаборант, ассистент, аға оқытушы, доцент, декан орынбасары, профессор, оқу жұмысы жайындағы декан орынбасары, Тарих факультеті Саяси тарих кафедрасының меңгерушісі қызметттерін атқарды. 1995-2000 жылдары - әл-Фараби атындағы ҚазМУ - Тарих факультетінің деканы. 2000-2001 жылдары - әл-Фараби атындағы ҚазМУ - философия және саясаттану факультетінің деканы; 2001-2002 жылдары - әл-Фараби атындағы ҚазМУ - Саясаттану кафедрасының меңгерушісі; 2002-2004 жылдары - Абай атындағы АМУ - Заң факультетінің деканы қызметтерін атқарды. 2004-2006 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінің бас сарапшысы. 2006 -2007 жылдары - Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры; 2007 - 2011 жылдары ҚР төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты; 2012 жылғы 20 ақпаннан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болды. "Құрмет" орденімен марапатталған. Үйленген, екі баласы бар.
kaz.tengrinews.kz