«Қазақта алтыншы бала – батыр, оныншы бала ғұлама болған»

2310
Adyrna.kz Telegram

Немесе қазақтың саны мен сапасын өсіру үшін не істеуіміз керек?

Қазақтың еңсесінің әрі биік, әрі озық болуына өзіндік үлесін қосып, халқының қамын жеп, елі үшін, жұрты үшін аянбай еңбек етіп жүрген айтулы тұлғалардың бірі — Молдағали Матқанұлы. Көп істің біреуі — ұзақ жылдардан бері батыр аналарға «Алтын», «Күміс» алқа тағайындау туралы ұлағаты орасан зор бастама көтеріп, заңдастыра білген ағамен кездесіп, тілдесуге орай тапқан едік.

— Молдағали аға, ұзақ жыл Алматы қаласында өмір сүрдіңіз. Талайды көрдіңіз. Өткен мен бүгінді салыстырсаңыз, ойыңызға не оралады?

— Кез келген адам жақсыларға қарап, үлгі тұтып, солардай болсам деп армандап, соларға қарап ойын да, бойын да түзейді ғой. Мен де сүйттім. Содан да қазақтың небір марқасқа классиктерімен кездестім, дидарластым, барлығымен дастархандас, дәмдес болдым. Анау Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Ілияс Есенберлин… өнер, ғылым саңлақтары Серке Қожамқұлов, Әзербайжан Мәмбетов, Ахмет Жұбанов, Өмірбек Жолдасбеков, Мұхамбетжан Қаратаев, Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов, Манаш Қозыбаев… сынды басқа да тарлан-дарабоздарға жақын жүрдім. Ондаған, жүздеген адамдармен етене сыйлас, сырлас болдым. Уақыт өте келе, бір байқағаным, осы адамдардың дені ұлты үшін, жері үшін, ұлттың бүгіні және келешегі үшін, қазақтың ең жарқын болашақ бақыты үшін, қайткен күнде де санын көбейту үшін, ұлт, ұл-қызды асылдандыру үшін жанқияр күйде күресуге бара бермейтін еді. Бұл маған ой салды, аса айрықша мазалады. Неге менің қазағымның жерінде 40 жыл бойы 454 рет атом жарылысын жасап, аждаһалы полигонға айналады, жердің асты да улы, үсті де улы радионуклеитке, плутонға бөгеді, болмаса қазағымның қолындағы малын тартып алып, аштық-қырғыншылықты қолдан жасауды, саяси ату, қуғын-сүргелеңді шебер ұйымдастырады, тың жерді игеру деген ұранмен жерімізді басқа елдің түрмесінде қағылған-соғылған өңшең қылмыскер қаңғыбастармен толтырады? Кеше ғана 1986 жылғы жастардың ұлт азаттық көтерілісі кімнің кім екенін, айқындап берген жоқ па? Сол себепті ұлттық қатерлі қасіреттің шегі жоқ.

Ал, бүгінгі егемен ел атанған қоғамда өзін зиялы санайтын адамдардың жанқияр халықшылдығы, мемлекетшілдігі, ұлт, ұл-қызына жанашырлығы, адалдығы, ел, жер үшін күрескерлігі қандай дәрежеде деп сұрасаңыз оны айтуға келгенде тағы қиналамын.

— Жастайыңыздан өмірге белсенді қарапсыз. Белсенді адамды өмір өкпелетпей тұрмайды дейтін сөз бар. Бүгінгі өміріңіз туралы не айтасыз?

— Сен ойлағандай өмірге өкпелі емеспін. Шындықты айту парыз. Тәуелсіздігіміз қолымызда. Бірақ, ойланатын, жедел түрде қолға алатын істер жетерлік. Мысалы: жер сату, байлықты сату, жас сәбилерді шетелге сату дегенге түк түсінбеймін. Қазақта тектілік деген ең ұлы ұғым бар. Тектілік — өзің жасап жатқан өмірді асылдандырып қана қоймай, ұлтың, ұл-қызыңды өзге ұлт-ұлыстан оқшау оздырып қана қоймай, өзіңнен кейін келетін ұрпаққа да үлгі-өнеге тұтарлық ең озық із бен іс қалдырып кету. Демек, «текті» дегеніміз — асыл тұқымды, алтын келбетті әрі халықшыл, әрі мемлекетшіл азамат деген ұғымды білдіреді. Қазақтың Ата-Бабасы текті, ұлы кемеңгер болмаса, осыншалық ұлан-ғайыр жерді бізге кім аманат етті? Сондықтан, бүгінгі әрбір қазақ Ата-Бабалар алдындағы қарыз бен парызды қапысыз өтей білуді, міндет пен борышты қалтқысыз атқара білуді ойлануы керек. Аманатқа қиянат та, қастандық та жасауға мүлде болмайды. Олар жете алмай кеткен армандарға бүгінгі біз, әрбір қазақ тек ат үстінде жанқияр күрескерлікпен ғана қол жеткізе білуіміз тиіс. Күллі Ата-Бабалар алдында да, бүгінгі және келер ұрпақ алдында да қатаң жауапкершіліктің барын сезінуі керек. Ерте ме, кеш пе әйтеуір судың да сұрауы боларын ұмытпаған абзал.

Айталық, Ресейдің Путині билікке келген бойда, бірден өтпелі кезеңнің сырқатымен дімкәс болған орыс ұлтының рухын оңалтуды қолға алды. Санын, сапасын көтеруге бар күшін жұмсады. Ішімдікке қарсы жұмыс жасады. Бұл туралы өткір бағдарлама Ресей телеарналарында күндіз-түні беріліп жатыр. Ұлттың етегінен тартар, аяғына оралғы болатын түрлі кесапат сенімдермен күресіп жатыр. Идеологияны өзгертті. Орыс ұлты әлемдегі барлық ұлтқа өнеге болатын дәстүр қалыптастыру керек деп отыр. Біз де солай істеуге тиіспіз. Ұлттың ұлылығын, тектілігін ояту бағытындағы жұмыстарды қолға алу керек. Жұмыс осы бағытта, жүйелі, айқын идеология негізінде жүрсе, халық ерекше жігерленеді, келешек өмірден нақты үміт көреді, саны да, сапасы да көтеріледі. Халықты өз күніңді өзің көр деп көшеге жауапсыз тастауға болмайды. Халыққа ұтымды рухани күш, рух қажет. Мемлекет соны бере алуы керек. Әсіресе, қазақ халқына рухани қолдау ерекше қажет. Заманалар бойында біздің халық заттық байлықтан гөрі, рухани құндылық пен асылдықты жоғары ұстанған халық. Елім, жерім дегенде жанын да қиған. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» дегенді айтқан қазақ. Сондықтан, қазақты ұлтсыздандыру бағытында емес, ұлықтау бағытында жұмыс жасауға тиіспіз. Әрбір қазақ тектіліктің туын көкке де, көпке де асқақтата білу үшін бәсекелі додаға түсіп, тектілік, кісілік, ірілік, азаматтық келбет үшін басын бәйгеге тіксе деймін.

- Бүгінгі қоғамның текті адамы қандай болуы тиіс деп ойлайсыз?

— Текті адам әрдайым өзінің жүріс-тұрысымен, бекзат келбетімен, нағыз халықшыл, турашыл шешен, алғыр өткірлігімен, талғампаз кемеңгерлігімен, іздемпаз көрегендігімен, өнегелі елтұтқа, озық тұлғалылығымен, қажымас көкжал жанашырлығымен, адал тазалығымен, ең бастысы, ұлт, ұл-қыз үшін нағыз жанқияр белсенділігімен көзге түсе білуі, бар ғұмырым ел, халық үшін, ұлт, ұрпақ үшін деп тек ат үстінде жарық жұлдыздай жарқырап жүріп, қайтпас қажымас қайраткерлікпен өткізе білуі тиіс. Сонда ғана ұрпақтан-ұрпаққа өнеге, өріс болып қалыптасады. Жастар көреді, еліктейді, үйренеді, тәлім-тәрбие алады. Көпшіл, мемлекетшіл, халықшыл, намысшыл, турашыл, ұлтшыл патриот болып өседі, жетіледі. Жеңімпаз көкбөрілік өркендейді. Тәуелсіздіктің туын ғарышқа көтеріп, баянды етеді. Өзі де ең бақытты күйге қол жеткізіп, ұл-қызын, ұлтын да ең бақытты күйге жеткізбей өлмейтін күйге жетеді. Ал, олай болмаса, яғни көргенің тек көсеу болса, өмірің тек ең азапты тозақ болады. Қаулаған ұры-қарлыққа, сыбайлас жемқор-парақорлыққа көзің үйренсе, етің өліп, ұлттық ар-намысың сөнеді, адамдық қасиетің өшеді. Бүгінгі қоғам, ел болып, ұтқыр ұлттық мемлекет ретінде баянды алаңсыз өмір сүрудің де ең негізгі тетігі, ең негізгі өзегі осында жатыр…


 

 

Пікірлер