«Балапан жыр, балғын ойлар»

3572
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, №53 М. Ғабдуллин атындағы жалпы білім беретін мектеп қабырғасында желтоқсанның жиырма бесінші жұлдызында аудандық, облыстық, республикалық, Халықаралық байқаулардың жеңімпазы, "Ел үміті" сыйлығының иегері, 11-сынып оқушысы Маликаждарова Алтынай Бауыржанқызының "Балапан жыр, балғын ойлар" атты алғашқы кітабының тұсаукесері өтті. Сарыағаш Жастар ресурстық орталығы және мектеп әкімшілігінің қолдауымен өткен үлкен іс-шараға белгілі ақын, ардагер ұстаз Зұпар Смаилов, Журналистер одағының мүшесі, "Сарыағаш" газетінің бас редакторы Мұрат Бекей, "Сәтті" газетінің бас редакторы Жақан Есенбеков, Сарыағаш аудандық сот төрағасы Тасболат Машрапов, Сарыағаш аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Қанат Иматов, "ТВК", "Отырар" облыстық телеарнасының тележүргізушісі Нұрзина Төрехан, Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары Әлайдар Әмірханов, ҚР тоғызқұмалақ ойындарының чемпионы Лес Әшімов және мектеп директоры Ңұрлан Сламов сынды ел ағалары қатысып, кеш шымылдығын ашып, Алтынайға жылы тілектерін білдірді. Жыр сүйер қауымды лирикалық, патриоттық өлеңдермен сусындатқан кеште аудандық сот төреағасы Тасболат Машрапов жас та болса, терең ой қозғай білген  Алтынайдың құнды кітабымен құттықтап, ықылас гүлін табыстады. Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы орталық атынан және аудандық ішкі саясат басқармасының атынан алғыс хатпен марапаттап, шығармашылығына сәттілік тілеп, ақын Зұпар Смаилов ақ батасын берді. Аталмыш іс-шараға автордың танымал достары да әннен шашу шашты. Париж қаласында өткен "Балалар әлем ырғағында" Халықаралық байқауында Димаш Құдайбергенмен ел намысын қорғаған Әйгерім Темірбекова көрермендерді бұлбұл дауысымен тәнті етті. Сонымен қатар, Алтынай Бауыржанқызының жауқазын жырларын мектебіміздің белсенді оқушылары сахналық қойылым арқылы көрерменге ұсынды. Кеш соңында автор кітабы оқырмандарға таратылды. Айта кетейік, автордың шығармашылық жолындағы аға-әпкелері мен достарының сонау шақырымнан жолдаған құттықтау видеоларын көрермендер қызыға тамашалады. Ирина Тен, Мейіржан Әлібекұлы, Данэлия Төлешова, Зарина Нұржанова сынды т.б танымал журналистер мен жұлдыздар видео сәлемдеме арқылы құттықтау тілектерін жаудырды. 

Жақында Алтынай Бауыржанқызы республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газетінің жас тілшісі атанды. «Ендігі журналистиканың жайы не болмақ?», «Жамал Омарованың жиені опера жұлдызы», «Әлем жастарының мүмкіндігі тең», «Мұрат Әуезовтың жиеніне шақырту алдым» сынды мақалалары оқылымды болып, көпшіліктің көңілінен шықты. Сұлулық пен нәзіктікті жаны сүйетін жас ақынды қуанышымен құттықтай отырып, қазақ журналистикасының дамуына жол салатын мықты маман болуына тілекшіміз.

 

Айсұлу Съезхан

Абай атындағы орта

мектеп-гимназиясының

11-сынып оқушысы.

Пікірлер