Таңғы Күн Алатауды қаралы хабармен оятты. Алматы түбіндегі ұшақ апаты жалпақ қазақ даласын аһ ұрғызды. 100 адамды тиеген әуе кемесі көкке көтеріле бере, қанаты талған құстай құлады.
Алматы әуежайының хабарлауынша, жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 7:05 кезінде №2100 рейспен Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан ұшақ әуеге көтерілген соң көп ұзамай байланыс үзілген. Әуежай баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұшақта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған.
Ресми түрде Алматы қалалық әкімдігі ұшақ апатынан 12 адамның қаза болғанын мәлімдеп, олардың тізімін жариялады. Олардың арасында экипаж командирі де бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының жанындағы жолаушылар ұшағының апаты мен сол жердегі адамдардың қазасына байланысты 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялады.
Бұған дейін мемлекет басшысы ұшақ апатынан қаза болғандардың жақындарына қайғырып көңіл айтқан еді. Сонымен қатар президент кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын жеткізді.
"Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігі мен "Адырна" ұлттық порталы қаза тапқан марқұмдардың отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.
"Адырна" ұлттық порталы