Президенттік жастар кадр резерві: жеңімпаздардың орташа жасы 31-де

2520
Adyrna.kz Telegram

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Президенттік жастар кадр резервіне енген қазақстандықтар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында агенттіктің алдына Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру міндеті қойылды. Бүгін біз Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің аяқталғанын қуанышпен хабарлаймыз», - деді Анар Жайылғанова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Президент бастамасына алғашында 13 мыңнан астам қазақстандық қатысуға ниет білдірген еді. Қатысушыларға отыз бес жастан аспаған, жоғары білімі жəне бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс деген талаптар қойылды.

Қойылған талаптарға сәйкес іріктелген 300 резервшінің барлығы 6 кезеңнен тұратын қатаң іріктеуден өтті.

«Жеңімпаздар арасында жеке сектордың 106 өкілі, квазимемлекеттік сектордың 98 қызметкері және 96 мемлекеттік қызметкер бар. Кандидаттардың 58% алдыңғы қатарлы шетелдік білімі бар, 42% - қазақстандық ЖОО түлектері. 6 адам ғылым докторы, 204 адам - магистр дәрежесіне ие», - деді Анар Жайылғанова.

Іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы 31-ді құрады. Сонымен бірге, резервшілер экономиканың түрлі салаларында айтарлықтай тәжірибеге ие. Олардың көпшілігі экономиканың түрлі салаларында ірі шетелдік және трансұлттық компанияларда жұмыс істеген немесе әлі де жұмыс істейді.

«Резерв іріктеуіне шетелде жүрген қазақстандықтар да белсене қатысты. Қатысушылар еліміздің барлық аймақтарынан, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден (Әзербайжан, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Түркия және Франция) келді. Өңірлер арасында үміткерлердің ең көбі Алматы (46), Қарағанды (41) және Шығыс Қазақстан облысынан (30) келді», - деді агенттік басшысы.

Ұлттық комиссияның қарауына таңдалған үміткерлер қатарына түрлі ұлт өкілдері бар, соның ішінде қазақтар, орыстар, әзербайжандар, армяндар, немістер және татарлар бар.

Айта кетейік, Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 үздік қазақстандықтар тізімін ресми сайттан көруге болады.

Пікірлер