Дубайдағы ЭКСПО-ға Қазақстан 22 миллион доллар бөлді

2679

Дубайдағы көрмеге қатысы бар кез келген шенеунікті соттауға болады

Қазақия 2020 жылы Дубайда өтетін ЭКСПО көрмесіне 22 млн доллар бөлді. Қаржы министрі Әлихан Смайылов аталған қаржы инвестиция ретінде елімізге еселеп қайтатынын айтады. Ал белгілі экономист Жангелді Шымшықов қыруар қаржы шығындаудың понт екенін және бұл арада жемқорлықтың иісі сезілетін ескертті.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қазақстан үкіметі 2025 жылға қарай шетелдік тікелей инвестиция көлемін 34 млрд долларға жеткізу міндетін өзіне жүктеп отыр. Sputnik.kz сайтының жазуынша, 2019 жылы оның көлемі 24 млрд долларды құраған көрінеді.
«Біз тағы 10 млрд доллар инвестиция тартқымыз келеді. Ол үшін бізге 2020 жылдың 20 қазанынан бастап 2021 жылдың 10 сәуіріне дейін жарты жыл бойы Дубайда өтетін ЭКСПО көрмесіне қатысу керек. “Мүмкіндіктер” деген технологиялық кластер аясында «Қазақстан» деген павильон болады, оған әлемнің әр түкпірінен инвесторлар келеді. Павильондағы уақытша құрылыстар үшін 8,8 миллиард теңге немесе 22 миллион доллар бөлінген», – дейді ол.
Оның сөзінше, егер шетелдік инвесторлар «Қазақстан» деген павильонды көрген соң елге қосымша шетелдік инвестициялар келсе, бұл бөлінген ақшамыз әлі еселеп қайтады, ашылатын жаңа өндірістер, жұмыс орындары мен салық есебінен Қазақстан ұтады.

ҚАРЖЫ МИНИСТРІНІҢ САЯСАТЫНА БЕЛГІЛІ ЭКОНОМИСТ ҚАРСЫ

Әлеуметтік желіде Қаржы министрлігінің Дубайда өтетін көрмеге қыруар қаржы бөлуін қатты сынап жатыр. Белгілі экономист Жангелді Шымшықовтың айтуынша, бұл мәселеге халықтың наразы болуы тегін емес.
«8,8 миллиард жұмсап отырғаннан кейін Қаржы министрлігі «елімізге осынша қаржы келеді» деп болжам жасауы керек. Менің ойымша, халықаралық көрмеге қыруар қаржы жұмсау – халықтың ақшасын талан-таражға салу. Өйткені 2017 жылы да біздің шенеуніктер «ЭКСПО халықаралық көрмесінен қыруар қаржы табамыз» деп халыққа уәде берген болатын. Астанадағы көрмеден пайда таппақ тұрмақ шығын шектік емес пе? Ендеше министрдің «Дубайдағы көрмеден инвестиция тартамыз» дегені халықты алдау болып саналады. Менің ойымша, көрмеге жұмсайтын 8,8 миллиард теңгенің кем дегенде 4 миллиард теңгесі әлдекімдердің қалтасына түседі», – дейді ол.
Жангелді Шымшықовтың айтуынша, Тәуелсіздік жылдарында елімізге 320 миллиард теңге тартылған. Алайда ол аталған қаржының 300 миллиард теңгесі шет елге асып кеткенін ескертті.
Жалпы ЭКСПО көрмесіне шашылмай, тиімді жолмен елге инвестиция тартудың жолы бар ма? Экономист шет елден қаржы тартудың қарапайым жолдары іске аспағанын айтты.
«Инвестиция тартудың ең басты тетігі амортизацияны ақтау. Бір қызықы біздің елде амортизацияны ақтау деген түсінік жоқ. Ең әуелі қолданылған құрал-жабдықтардың бағасын айыруымыз керек еді. Бізде техникалық саясат деген болуы керек. Шет елде техникалық саясат бойынша 3-5 жылда барлық техникалық парк жаңартылады. Ал бізде 1930 жылдардағы станоктар жұмыс істеп жатыр. Сол себепті де «Дубайдағы көрмеден кейін қыруар қаржы тартамыз» дегенді барып тұрған қиял-ғажайып ертегі деп есептеймін. Аталған көрмеге қатысы бар кез келген шенеунікті көрме біткеннен кейін соттауға болады. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев «Кез-келгеніңнің қолыңнан сүйреп түрмеге апарамын» деп тектен тек айтқан жоқ. Демек ЭКСПО көрмесіне бөлінген қаржының тең жартысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді», – дейді ол.
Үкімет жылдар бойы елімізде халықаралық жиындарды өткізіп, әлеуметтік салаға мүлде назар аудармады. Соның салдарынан аналар көтерілісі пайда болып, халықтың қиын жағдайда екені анықталды. Міне осындай жағдайда тағы да Дубайдағы көрмеге қомақты қаржы бөлу – биліктің әлі де халықтың жағдайына назар аудармай отырғанын аңғартады. Бір сөзбен айтқанда билік көпбалалы және аз қамтылған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің орнына құр мақтанға назар аударуда.

Марғұлан Сейсембай, кәсіпкер:

Еліміздің витринасы экономикалық жағдайымыздан үлкен болғанда

Еш түсіне алмай-ақ қойдым, біздің шенеуніктер 3420 шаршы метрде көрме өткізіп не көрсетпекші өзі? Өзімізден шығатын өнімдер әрі кеткенде 500 шаршы метрге сыйып кетеді. Одан да жай ғана 100 шаршы метрді алып, бiр бөшке мұнайды төгiп, орта тұсына 9 млрд. теңгені қойып қойса, бiздiң ел туралы көбiрек ақпарат көрсетер едi. Мiне мұнай, мiне ақша деген ағыл тегiл. Ақша жағынан да әлдеқайда үнемді, пиар тұрғысынан да әлдеқайда ұтымды болатын еді. Есесіне көрмеден кейін жаңағы ақшаны қайтарып алып, керек жерге жұмсауға болатын еді. Ал шенеуніктердің кейіннен бұл павильондардың бәрін кәдеге жаратамыз, олар сосын пайда әкеледі деген ақталуларының бәрі бос әңгіме. Біз Экспо мен Азиададан соң әлі күнге дейін «қаптаған» туристерді қайда тығатынымызды білмей отырмыз. Бірақ жоғары жақ бізді бірнеше рет осылай деп сендірді.

Серік ЖОЛДАСБАЙ,

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket