Қоғамдық ұйым баспаналы болудың бағыттарын талқылады

3046
Adyrna.kz Telegram

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» - демекші бүгінде баспанаға қол жеткізе алмай, пәтерден-пәтерге көшіп, шарадай басы шақшадай болып жүрген қазақстандықтар аз емес. Осынау өзекті мәселені шешу мақсатында мемлекет тарапынан ондаған бағдарламалар қабылданып  жатыр.  

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КЕАҚ гранттық қаржыландыруымен "Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру бойынша «Азаматтық бақылау» қоғамдық мониторингін жүргізу" атты жобасы аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ Тараз қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиевпен сұхбаттасты.

Сұхбат барысында азаматтардың баспаналы болуы үшін мемлекет тарапынан қабылданған «Бақытты отбасы», «7-20-25» бағдарламалары турасында әңгіме өрбіп, облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының мұрындық болуымен жүзеге асырғалы жатқан «Тұрғын үй сертификатына» жамбылдықтардың қалай қол жеткізуге болатындығы баяндалған.

Ғазиз Ералиевтің сөзінше, биыл 15 мөлмек ауданындағы 115 пәтер кілті өз иелеріне тапсырылса, әлі 9 көпқабатты үйдің 180 пәтері сатылмай тұрған көрінеді. Бұл үйлердің 70 пайызы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" тиесілі болса, 30 пайызы 7-20-25 бағдарламасының еншісінде екен.

«Баспаналы болғысы келетін азаматтарға қойылатын басты талап – төлем қабілеті жоғары болуы. Қазір таңда «Арай-2» ауданында 44 пәтер, ал «15 мөлтек ауданында» 180 пәтердің өтпеуінің басты себебі - тұрғындардың төлем қабілетінің төмендігі мен екінші деңгейлі банктерде несиелерінің көптігінде болып отыр. Оның үстіне, туған-туыстың өзі бауырына 20-25 жылға кепіл болғысы келмейді», - дейді бөлім басшысы.

Мұнан соң екеуара сұхбат жуырда ғана қабылданған «Бақытты отбасы» бағдарламасы  төңірегінде сабақтасқан.

"Бақытты отбасы" бағдарламасына кімдер қатыса алады? деген сауалға Ғазиз Ералиев былай деп жауап берген: «Бағдарлама әкімдікте баспанаға мұқтаж тұлға ретінде кезекте тұрған көпбалалы, толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға несие беруге арналған. Бағдарламаға маусым-тамыз айларында 950 отбасы жолдама алса, тек 350 адамның төлем қабілеті расталған»

Сондай-ақ бөлім басшысы  жоғары аталған санаттағы азаматтарға арнап, салынып жатқан 8 жатақхананың құрылысы аяқталуға жақын қалғанын тілге тиек етіп, жалпы жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің сапасын қалалық құрлыс және сәулет бөлімі жіті қағалайтынын, үйден ақау табылғанның өзінде мердігер компания  3 жылға дейін пәтерді жөндеп беруге міндетті екенін атап өткен.

Сұхбат соңында жергілікті биліктің бастауымен қолға алынып, облыстық құрылыс басқармасы жүзеге асырғалы отырған аймақ халқын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «тұрғын үй сертифика» туралы сөз қозғалған. Ғазиз Ералиевтің айтуынша, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға алғашқы жарна яғни тұрғын үйдің 10 пайызының 99 пайызын жергілікті билік несие есебінде 15 жылға 0,1 пайызбен берілмек. Ал үйді халықтың өзі таңдай алады екен.

 «АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер