Жамбылдық шаруа «Сыбаға» бағдарламасы арқылы кәсіп бастады

2015

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ кәсіп бастаймын деген азаматтарға 6 пайызбен несие беріп, шаруаларға зор қолдау жасап жатыр. Бұған дейін ауыл шаруашылығы бағытында несие берген қор таяудан бастап қала азаматтарында қаржыландырмақ.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры қой шаруашылығын қолдауға бағытталған несиелеу бағдарламаларын жүзеге асырады. Жеңілдікпен берілетін несие қаржыға шағын шаруашылықтар ірі қара, ұсақ мал, жылқы, құс, бал араларын сатып алады.

Республикадағы мал шаруашылығы кеңінен қанат жайған Жамбыл облысында қой шаруашылығымен айналысатын қожалықтар көп. Солардың бірі Жуалы ауданы, Күреңбел ауылында тұратын «Диас» шаруа қожалығының басшысы Мөлдір Байсақалова. Ол «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие рәсімдеп, қой шаруашылығымен айналысуға мықтап кіріскен. Мөлдір Байсақалованың айтуынша, қордың несие шарттары мен талаптары оңай және жеңілдік мерзімі бар қарастырылған .

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 6,5 жылға 6 процентпен 10 млн теңге несие рәсімдеп, оған 260 бас қой мен 9 қошқар және малдың жем-шөбін сатып алдым. Екі адамға жұмыс беріп отырмын. Өзім 2008-жылы қаржыгер мамандығы бойынша жоғары білім алғанмын. Бірақ, кеңседе жұмыс істегеннен гөрі шаруашылықпен айналысқанды жөн санап, іске кірісіп кеттім. Негізі, малда береке бар. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген сөз бар ғой. Сол айтқандай, қой шаруашылығы мол табыс табуға болатын сала деп есептеймін. Әрине, мал бағу, өсіру деген қажырлы еңбекті қажет етеді. Әр жұмыстың өз бейнеті бар, соған орай  зейнеті де болады. Сондықтан, жұмыстан қорықпау керек, деп ойлаймын. Адал еңбекке не жетсін? Алдағы уақытта осы малымды көбейтіп, етін экспортқа шағырсам, деген жоспарым бар. Қордың несие шарттары мен талаптары көңілімізден шығады. Биыл Қордың құрылғанына 25 жыл толып отыр екен. Құттықтаймын, осы салада жұмыс істеп жатқан барлық азаматтарға мол табыс, зор денсаулық тілеймін!», - дейді қожалық басшысы Мөлдір Байсақалова.

Қазіргі уақытта шаруашылық басшысы Мөлдір Байсақалованың қолында ет экспортымен айналысатын «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС-мен жасасқан қой етін тапсыру келісімшарты бар. Яғни, таяу уақытта «Диас» шаруа қожалығы қой еті экспортына үлес қосады.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Жамбыл облысындағы филиалы «Сыбаға» бағдарламасымен 58 шаруаға 588 млн 897 мың теңге несие беріп, оған 17 702 бас қой сатып алынды.

«Сыбаға» бағдарламасының басты мақсаты – ет экспортының әлеуетін арттыру. Сол үшін шаруаларға барынша жеңілдіктер қарастырылады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ұсақ мал басын көбейтуге несие береді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында қой шаруашылығына 12 миллион теңгеге дейінгі несие 6,5 жылға 6 процентпен беріледі. 2 жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған. Яғни, осы аралықта шаруа негізгі борыш пен үстемені төлемейді. Несиеге мал, техника және мал азығы сатып алынады.

Биыл Қордың құрылғанына 25 жыл. Осы уақыт аралығында жалпы сомасы 312 млрд теңге болатын 152 мың несие берілді. Биылғы жылдың соңғы көрсеткіші бойынша барлық бағыттар бойынша 51 млрд 296 млн теңгені құрайтын 11 351 жоба қаржыландырылды.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket