Қаныбек Сарыбаев. Қазақтағы сыйлықтардың көбісі, Сыйлық алмай кеткендердің атында!

509

Қаныбек Қасымханұлы Сарыбаев — ақын. Қаныбек Сарыбаев 1938 жылы 13 наурызда Түркістан қаласында дүниеге келген. Отырар ауданының және Түркістан қаласының Құрметті азаматы. Оның «Тұңғыш кітап», «Отырар оттары», «Сезімдер сарайынан репортаж», деген кітаптары мен «Қазақия», «Меккеге тете мекенім» жыр жинақтарының авторы. 2002 жылдың 12 қазанында өмірден өтті.

Берген емес маған атақ, бермейді,
Күндейді ғой, жүндейді ғой мендейді.
Ертең менің атымдағы сыйлыққа,
Таласарын түсінгісі келмейді.

Өлеңімнің өлмейтіні хақында,
Қам жемесін жақыным да, жатым да.
Қазақтағы сыйлықтардың көбісі,
Сыйлық алмай кеткендердің атында!

***

Иномарка

Оқысын деп ата-анасы мал құртты,

Алты жылдай Алматыға қаңғыртты.

Астанаға барған бойда қызымыз

Иномарка ауруына шалдықты.

 

Иномарка үлде менен бүлдеге

Көзін сүзіп қарайтұғын бұл неме.

Жалаңаштар жарысына қатысып,

Алыпты деп есітеміз бірдеме.

 

Иномарка ресторанда құнарлы,

Бордақылап жатты қулар бұларды.

Иномарка әуендерге қосылып,

Бөксесімен билегенді шығарды.

 

Иномарка көлікке әуес қақпақыл,

Ауылына оралмайтын тапты ақыл.

Алты жылда алты ай түгел оқымай,

Иномарка байға тиіп кетті ақыр.

 

Төлеген Айбергеновтің Ташкентінде

...Онда мен екеу едім Төлегенмен,

Алысып келе жаттық долы өлеңмен.

Адам сенбес шындықтар сыятұғын

Расында мына дүние не деген кең?

 

Адамдар, мәшинелер аңыздап тым,

Сапырылған көшемен жалғыз тарттым.

Іштегі күйігімді қайтаруға

Шамасы жетер емес балмұздақтың...

 

Төлеген үшін менің адал қайғым,

Жүрегіме қанжардай қадалды-ай мұң!

Аңқылдап алдан шығып қалатындай,

Жан-жағыма қараймын, алаңдаймын...

 

Тәшкентіңе, Төлеген, көңіл айттым,

Сол баяғы жерлерде болып қайттым.

Ханбазар қайнап жатыр баяғыша,

Өзіңе белгілі ғой көбі жәйттің...

 

Ықыласман жұртыңның бар ма шегі,

Қасиеттеп оқиды онда сені!

Досым еді деуге де батынбадым,

Олар маған бәрібір нанбас еді...

 

Монолог

Болмасам да оншалық өктем ақын,

Мәлім еді-ау маңайға Көктем атым.

Сөзі түзу жігіттер жайлы айтқанда,

Маған да ептеп жақсылар тоқталатын...

 

Сыйлап тұрып шараптың түр түрімен,

Басып салды заманым мылтығым.

Соңғы тамшы мен шығар үзіліп түскен,

Сорлы анамның бейкүнә кірпігінен.

 

Ұмтылудан көбірек іркілуім,

Қазір маған тірліктің бір күні мұң.

Енді әкемнің көзі емес, қабағы емес,

Бетніндегі сыйықсыз тыртығымын.

 

Кіммін енді, кімге енді тиесімін,

Парлағанда жарымта иесімін,

Басқаларға қонаққа бармақ түгіл,

Таппай қалдым өзімдік үй есігін.

Достардың да шамасы белгілі екен,

Көше айналып өтеді енді менен.

Тек опасыз жалғаннан бетім қайтып,

Тез басылған вулкандай сөнді денем.

 

Енді менен жер безіп, балам шошып,

Жалғыз қара жапанда барам босып...

Өз қолыммен өзімді өлтірдім мен,

Жыламауға ендеше шарам нешік?!

 

Осы бізде не қалды екен халықтық?

Осы бізде не қалды екен халықтық,

Жазып ойлап, оқып сөйлеп дәніктік.

Бес сағаттап баяндама жасаймыз,

Қорылдаған залды ұйқыға қарық қып.

 

Әкеміздің домбырасын шаң басты,

Қолдан қобыз, аузымыздан ән қашты.

Қорадағы қойымызды үркітті-ау,

Гитарасын даңғыратқан албасты.

 

Шындығында солай емей немене,

Ұят десең ұяла ма, сене ме?

Шолақ құйрық қарындастар құдды бір,

Шонданайын, шеңгел жыртқан бедене.

 

Орыстардың поптарындай баяғы,

Он бестегі бала сақал қояды.

Ебір жесір пошымдары аумаған,

Алғашқы адам дәуірінің нояны.

 

Мәдениетті қабылдағыш дегенге,

Күлкі болып барамыз-ау көп елге.

Әйелдердің көйлегінің етегі,

Түспей қойды ышқырынан төменге.

 

Жігіттерге салып бүкіл салмағын,

Заң әйелдің қорғайды бар арманын.

Бикештердің асқынғаны соншама,

Байларының тартып киді шалбарын.

 

Орысша дым сезбейтіндер о тұста,

Енді солай боқтасуға өте ұста.

Шалдар әлек бір намазын екі оқып,

«Оптыуаймат» араласып оқыста.

 

Өлік шыққан үйді тонап қайғылы,

Арақ ішіп әңгүдіктер ләйліді.

Ар-ұятсыз мәдениетпен осындай,

Құдай бізді жолықтырды қай күні?!

 

Мырза деуге қиналам

Жоқ-жітікке көк тиынын қимаған

Мырзаларды мырза деуге қиналам.

Жұмыс таппай қаңғырып жүр милы адам,

Креслода ұйықтап отыр дилы адам.

 

Қысылмайды қайырының жоғына,

Масайрайды үйіп жиған боғына.

Өзін-өзі дайындауда осылай,

Қаһарланған қарашаның оғына!

 

Адал еді кешегіге дейінгі із,

Қазір жаппай араздыққа бейімбіз.

Жетімдерді сүйемелдеу жағынан

Жесір ана Дәметкеннен кейінбіз!..

 

Жүйріктерің деккі жесе жабыдан

Азайғаны адамшылық мағынаң!

Асыраған сексен елді мекенді,

Толстойдай графтарды сағынам!

 

Шек келтірмен Жаратушы шеберге,

Тисе тиіп жатқан шығар себі елге,

Қазақты ешкім сақтамайды сырттан кеп,

Біз өзіміз сақтамасақ егер де!

 

Атаманның ақыры

Көсемді емес көсені...

Көке тұттық деседі.

Жылтырап шыр бітіпті

Жылмақайға кешегі.

 

Ауызында-өсегі,

Босатпады көшені.

Көрінгеннің қолымен,

Қолымен от көседі.

 

Еңбегі жоқ еселі,

Еңірете бөседі.

Шал шауқанның «штатный

Ораторы» осы еді.

 

Көрінбекке елеулі,

Үйренді өңеш кенеуді.

Қиындықтан тайқиды,

Қиыстырып желеуді.

 

Жекеменшік мүлкіндей,

Мінбеге озар іркілмей.

Тақырыпқа қарамай,

Жөнеледі бүлкілдей.

 

Шуласақ та жақтырмай,

Сайрайды бет бақтырмай.

Көргендерің бар ма еді,

Әңгүдікті нақ мұндай?!

 

Отырмайды жайына,

Күнде сауық-сайыра.

Пәдәріңе нәлеттің

Ел үстінде шайы да.

 

Бір ұрғанда үш ұрды,

Зәре-құтын ұшырды. 

 

Бәрін сатамыз!

Буып тұрмын дауға бел,

Жұрттың бәрі саудагер.

Қаһарынан заманның

Қалтырады, жаурады ел.

 

Махаббат та сатулы,

Шалағат та сатулы.

Жарылқай гөр, Құдайым,

Жалаң аяқ ақынды!..

 

Тұз да қымбат бүгінде,

Қыз да қымбат бүгінде.

Үйленуді, жігіттер,

Қоямыз-ау түбінде!

 

Су да бізде сатулы,

У да бізде сатулы.

Сау басымыз осылай

Саудаға әбден шатылды.

 

Ауаның жоқ мазасы,

Көптің содан қазасы...

Сатар едік оны да,

Табылса егер тазасы.

 

Жауып Аспан түңлігін,

Сатар едік Күн нұрын,

Ай сәулесін сатар ек,

Ұстатпайды құрғырың!..

 

Қайдан шыққан қу әдет,

Пұл сұрайды туалет,

Артын ұстап шыңғырып 

Жүргендерге куә көп.

 

Қайда адамдық сапамыз,

Бәрін, бәрін сатамыз.

Байлығыңда шаруам не бұйырмаған?

Байлығыңда шаруам не бұйырмаған,

Неғылайын қатырып миымды оған.

Қарыным ашса бір үзім нан табамын...

Көңілімді тойдыру қиын маған!

 

Көтеруге ауырды жаралды иін,

Қорлық емес мен үшін жаман киім.

Көйлегімнің жыртығы бүтінделер...

Тек көңілдің жыртығын жамау қиын.

 

Ағайлардан босамас іші майлы,

Орынтаққа да иегім қышымайды...

Бұл өңірде екінің бірі дөкей,

Мендей ақын кемде-кем ұшырайды.

 

Мұң-мұқтажды күн санап үдеп өрген 

Көңілім менің арызқой, тым өлермен.

Шынын айтсам, тынымсызсол шіркінгенғ

Не керегін өзім де біле бермен.

 

Көше, көше, көшелер...

Аудиториям- көшеде,

Солар- маған дос еге.

Мен экранға шыққанша-

Сақал шығар көсеге...

 

Табаныма төселер

Таусылмасын көшелер.

Көше айналып қайтпасам-

Көңілімнің хошы өлер.

 

Жақсы ма, әлде, жаман ба,

Жолығамын адамға.

Адам күні адаммен

Екендігін бағамда!

 

Көше көрген деп кейде

Кекететін көп бейне.

Сонда бұлар біздерден

Көшені де шектей ме?!

 

Жеткендіктен беткейге,

Өздерін бір бек дей ме?!

Адам үйге тығылса-

Үйкүшік боп кетпей ме?!

 

Арыз айтқың келсе егер,

Көшеде ғой кеңселер!

Солар қарай ағылып

Тынбайды пәс еңселер...

 

Базарың да- көшеде,

Назарың да- көшеде.

Маңдайыңа жазылса,

Ажалың да көшеде!

 

Көше қайнап жатқанда,

Бас сауғалап ақталма.

 

Біз де бір күн өлерміз

Сауда жүрмес өнерге,

Алдағанға көнер ме?

Алдымен сол қиналар

Адалдарын көмерде...

 

Тірімізде күн бермей,

Жүресіңдер дым көрмей.

Талай ақын жығылды

Бір тойына үлгермей...

 

Біз де бір күн өлерміз,

Күштеріңді көрерміз.

Не дейсіңдер, шырқырап

Жоқтағанға өлең-қыз?!

Қазамызға ортақтай,

Тығыларға жер таппай,

Басымызға, әйтеуір, 

Қоярсыңдар жолтақтай.

Пікірлер