Серік Елікбай. "Айна"

3709
Adyrna.kz Telegram

Колхоз бастығының қызы болғаннан ба, тек осылардың үйінде ғана адам бойлы айна болатын. Алыс жолға шығар сылқым келіншек, жат босағасын аттар -үркек үміт ауыл қызы осы айнаның алдында аял табатын.
Жалғыз бала, жалқы қыздың алғаш мектеп табалдырығын аттағанда, өзгеге арман шағын айна сөмкесінде болатын.
Қол жетпес күміс сапты айнаның сәулесі жас қыздың қиялындай қыр аса беретін.
Қыз бала тал шыбықтай таралып, өзгеше, хас сұлулықты серік етіп өсті.
Мектеп бітірген кезде осы аймақта бұндай бет біткеннің көркемі жоқ болатын.
Қазақ деген елдің жырларда айтар кейіпкері, тостырмай келгендей.
Уыз өң, шәрбет ерін қыз қиналмай жоғарғы оқуға түсті.
Егде, жас ер оқытушылар бұның дәрісханасында күмілжи, шідерлене беретін.
Хор еркесі нәркес көзбен бағасын біліп, тәттілігін танып алған.
Оқудан соң облыстық әкімшілікте қызметке қалған.
Қала ортасындағы жұмақ пәтердің жуынар бөлмесін бүтін айналап тастаған...
Меңсіз мәрмәр денесін өз көзінен қызғанатын.
Көңілсіз көпектерден іргесін бөлек салатын...
Тек осылық патшазада келуі тиіс...
Тұрмысқа шықсаңшы дер ата-ана тілегі қараңғылықтың үкіміндей естілетін.
Ұзақ тосты... Қызылдың қызығы, арманның ұзыны үзілгендей..
Жиен тосқан пейілдерінің жеңі жыртылып , ата-ана қайтты...
Үйіне келгісі келмейтін.
Жуынар бөлмедегі айнаның бәрін бір күні тас-талқан жасады.
Айнаны қолға алмайтын болды.  Ар жақтағы көп әжім мазақ жасардай.
Зейнет жасқа бір ай қалғанда.. өмірден озды.
Алыс туыстары бетін жаппақшы болып айна іздеп еді... ЕМГЕ ЖОҚ ЕКЕН.

Пікірлер