Әншiлер кейбiр әндердiң сөздерiн әртүрлi айтады. Мәселен, “Бiр бала” аталып кеткен халық әнiн жас кездерiнде: “Ән салшы-ай бiр ғана-ай”, – деп айтатынын (Күләндаш Бөдешованың) Илия Жақанов жазған-ды. Немесе “Шәпибай-ау” әнiнiң қайырмасындағы “бәдәуи”-дi атақты әншi Мұрат Мұсабаев (марқұм): “Мен “бөдеуи” деп орындаймын, алғашқы сөздiң еш мәнi де, мағынасы да жоқ”, – дейтiн. “Қараторғай” (Сырдың “Қараторғайы”) әнiнiң екiншi шумағындағы “Бейiштiң гүл жамылған сарайында” деген жолы” “…Гүлжәмила сарайында”, – деп айтылуына байланысты баспасөзде шу шыққанын да бiлемiз. Айта берсек, мұндай жайлар толып жатыр.
Ендi бiрер сөз ән-күйлерiмiздiң авторы жөнiнде. Қазiр “Ақ Жайық” Н.Тiлендиевтiң әнi деп айтылып та, жазылып та жүр. Нұрғиса ағамыздың талантына ешкiм шек келтiре алмайды. Бiрақ… оның авторы Жетiсу өңiрiне белгiлi ақын-сазгер Пшан Жәлмендеұлы екенiн сонау тоқсаныншы жылдары “Егемен Қазақстан” газетiнде талантты композиторымыз Балнұр Қыдырбекұлы дәлелдеп жазған болатын. Нұрғиса мен Қадыр Мырза-Әлi ағаларымыз ол әндi “Қыз Жiбек” фильмiнiң ыңғайына қарай өңдеп, екшеп қана бердi. Сол әндi фильмде орындаушы Жақсылық Закиров (ол кезде Шамалған стансасындағы мұнай зауытында бас инженер болып iстейтiн) жазушы Латифолла Қапашовтың үйiндегi бiр басқосуымызда былай деген-дi: “Бiр тойда осы әндi айтып отыр едiм (ол кезде “Зар заман” деп аталатын) Нұрғиса ағам жаныма жетiп келiп: “Мен осы әнiңдi “Қыз Жiбек” фильмiне пайдаланамын. Өзiң орындайсың. Ертең мына мекен-жайға келе ғой”, – деп өтiндi. Шешем мұны “халық әнi” дейтiн. Үнемi ыңылдап айтып жүретiн. Ол кiсiден мен үйренiп алдым”.
Сол мезетте сөзiн Жақсылықтың өз аузынан Латифолла екеумiз жарыса жазып алған едiк. Өкiнiшке қарай, мен ол мәтiндi жоғалтып алдым. Мүмкiн Латифте сақталған болар. Өзiмiз де соғыстан кейiнгi жылдары:
“Әшiркүл, Зейнеп,
Отырсың сөйлеп.
Құрбыңды алдай берме, қараң-ау
Үйдеп-бүйдеп, ә…ә..лу-ай”
– деп, осы әндi шырқаған кiсiлердi көрiп өстiк.
Атақты “Аққу” күйiнiң тарихы да анықтауды қажет етедi. Шертпе күйдiң шеберi Уәли Бекенов (марқұм) “Бұл күйдiң Қытай қазақтарынан жазылып алынғанын Нұрғиса ағаның өзi де мойындаған болатын”, – дегенiн өзiмiз де естiгенбiз. Жуырда атақты күйшi, сазгер Секен Тұрысбеков “Жас қазақ үнi” газетiне берген сұхбатында: “…Нұрғиса Тiлендиев ағамыз “Аққу” күйiнiң жетпей тұрған жерiн толықтырып, “Аққуды” “Аққу” еттi”, – деп, бұл күйдiң Байжiгiттiң күйi екенiн де аңғартып өткен болатын (“Жас қазақ үнi” №45. 20.11-26.11.2010 ж. “Құрманғазы, Тәттiмбеттер тiрiлiп келсе, талайлардың төбесiн оятын едi”). Бұл сөздердiң астарында көп сыр жатса керек.
“Темiрбектiң төкпесiн” бiрде Темiрбектiкi, бiрде Тiлендиевтiкi деп жүрмiз. Шәмшiнiң “Сен сұлу” әнiнiң мәтiнi Мағжан Жұмабаевтiкi екенi әмбеге аян. Оны да бiрде Мағжандiкi, бiрде Мақсұтбек Майшекиндiкi деп жүрмiз. Көзi тiрiсiнде Мақсұтбек ағамыз бұған неге барғанын айтқан болатын. Мақсаты – өлеңдi аман алып қалу. Өйткенi, ол кезде “Мағжан” деген атаудан “ат үркетiн”. Сөйткен Мақсұтбектi “плагиат” деуге дейiн бардық. Кезiнде Бәкiр Тәжiбаевтың “Ақбұлақ” әнi де осының кебiн кидi. “Дудар-ай” әнiнiң авторы да әлi беймәлiм. Бiреулер Мәриам Жәгөрқызнiкi десе, бiреулер Дудардың досы Мәрианың атынан жазған дейдi. Бұл мәселе тоқсаныншы жылдары “Егемен Қазақстанда” көтерiлдi де, аяқсыз қалды. Атақты “Аққұмды” бiрде халық әнi, бiрде Ахмет Байтұрсыновтiкi, “Қамажай” бiрде халықтiкi, бiрде Мұстафа Сегiзсерiұлынiкi, “Көкем-ай”, “Илигай”, “Назқоңыр” бiрде халықтiкi, бiрде Шақшаұлы Сегiзсерiнiкi делiнiп жүр. Атақты күйшi Төлеген Момбековтың өзi шығарған күйлерiне де үрке қарадық. “Алтайдың аржағынан келген ару” әнiнiң авторын ит қосып талаттық. 60-70 жылдары халық арасына кең тараған Жiбек Оспанованың әнiн өзгенiкi деп өзеуредiк. “Елiм-айды” бiр ғасырдан соң барып Қожаберген жыраудiкi екенiн тарих қойнауының шаңынан зорға дегенде аршып алдық (салғырттығымыздың кесiрiнен). Надежда Лушникова атақты “Бекболат” дастаны Үмбәтәлi Кәрiбаевтiкi екенiн нақты құжаттармен дәлелдесе де, “баяғы жартас – бiр жартас”. Мыңқ етпеймiз. Бiз бұл мақаламызды бiреуге күйе жағайық деп жазғамыз жоқ, келер ұрпаққа тек шындықты мирас етiп қалдырсақ деген ниет қана. Үндемесек, осылай кете берсек, тарих бiздi кешiре ме?!
Тұрсынбек Ешенқұлов,
Қазақстан халық ағарту iсiнiң үздiгi,
Әсеттанушы.
«Жас Алаш».