Қазақ әуені Израиль аспанында асқақтады

2579
Adyrna.kz Telegram
http://adyrna.kz/content/uploads/2015/11/24678f3ba277d45105713ac0cc473843.jpg

Тәуелсіздік мәні сарылып жеткен қазақ үшін аса құнды. Сондықтан оны қалай қастерлесек те жарасады. Қазірде Қазақстан өз Тәуелсіздік мерекесін әлемге паш етуде жер жүзінің түкпір-түкпіріне ресми сапарлап қана емес, әр университеттен өнерпаз студенттерді апарып, ұлттық өнерін насихаттау арқылы да көрсетіп келеді. Соның бірі – республи­камыз­дың жетекші білім ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті студенттерінің Израильде қойған концерті. Оның мақсаты – қазақтың Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында шетел­діктерге ұлттық өнеріміздің мәуелі мәйегін таныту.
Қазақ өнеріне шетелдіктер кезекті рет тәнті болды. Бір айырмашылығы, бұл жолы оларға біз қонаққа бардық. Желтоқсанның 11-16-сы аралығында ҚазҰУ-дың өнерпаз сту­­денттері уни­вер­ситет ректоры Ғалым­қайыр Мұтановтың қолдауымен, бірінші про­ректор Мұ­хам­бет­қали Бүркітбаевтың бас­тауымен Из­раиль­де іссапармен болып қайт­тық. Басты мақсат – Қазақстан Тәуел­сіз­дігі ме­ре­кесіне орай ұйымдастырылған іс-шараларға қатысу, сонымен қатар ұлт­тық өнерімізді паш ету. Ол жағынан таң­дай қақтырарымызға күмән бол­ма­ды. Себебі Ғалия Есмұханбетованың же­тек­ші­лігіндегі «Бақыт» би ансамблі, әнші Мөлдір Бақыт­жан­қызы, қобызшы әрі біздің жетекшіміз Зита Сыбанбаева осы­ған дейін шет мем­ле­кеттерден жүлдесіз орал­ған емес. Оған Ер­ғали Әнесов екеу­міз домбырашы болып қосыл­дық.

Әлқисса… Қазақстаннан ұшқан ал­ғаш­­қы күндегі бірінші бағытымыз Ук­раи­на бол­ды. Өйткені Израильге тура ба­ратын біз­ден ұшақ жоқ. Бес сағатқа же­тер-жетпес уақ­ытта Киевтің төрінен кө­ріндік. Әуежайда үш сағаттай аялдап, ары қарай ұштық. Ал­дымызда – Из­раиль…

Алматының қысынан Тель-Авив­тің жаз маусымына бірден топ ете қал­дық. Қазақстандық делегацияны ел­ші­­лік­тен күтіп алып, дәл Жерорта те­ңі­зінің жа­ғасындағы екі қабатты үйге ор­на­лас­тыр­ды.

Біз келген сенбі күні қатты таңғал­ға­нымыз – жергілікті барлық  дүкен жабық, кө­ліктер мен сапырылысқан адамдар да кө­рін­бейді. Жанымыздағы жол бастау­шы­дан сұрасақ, бұл еврей халқының жұмасы – 16:01- ден 17:15-ке дейін дем­алатын «Ша­бат» дәстүрі болып шықты. Осы уақыт ара­лығында әркім өз үйінде дұға қылып не­месе кітаптар оқып, бір сөзбен айтқанда, дема­лады екен. Бұл елде жылына кем де­генде екі рет қай­таланатын атаулы ерекше күн бар. Ол күндері барлық көлік қозғалысы то­лықтай бір күнге тоқтайды. Осы кезде ата-аналарымен үйден шыққан бүлдір­шін­дерге тас жолда әй, бір еркін көсі­лу­дің сәті түседі екен.

Екінші әсеріміз, тұрғындар Иерусалим мен Тель-Авив қалалары арасындағы жол­дың екі қапталына ағаштарды өз қолда­ры­мен отырғызып шыққан. Және бір қызығы, сонда өткізген алты күннің ішінде біздегідей қымбат Hummer, Lexus көліктерін көрмедік. Себебі жанармай қымбат. Есепке қай жа­ғынан болмасын жүйрік еврей халқы на­ры­қта есесін жібермейтінін осыдан-ақ бай­қатты.

Келесі күні Иерусалим қаласындағы Аль-Акса мешітінде, Иса пайғамбардың дұға қылған, жауларынан жасырынған үңгірінде болдық. «Жартас үстіндегі күм­без» деп аталатын жердегі әуеде ешбір тіреу­сіз қалқып тұратын тасты ұстағанда, кімнің де болса қатты толқитыны рас. Бір айта кетерлігі, мешітке кіре берісте мұздай қаруланған жауынгерлер тұрады. Сенен Құран сүресін, мұсылман не мұ­сылман еме­сің­ді сұрайды. Мұсылман еке­ніңді дә­лел­десең ғана ішке ене аласың. Мұндай сақтықтың болуы, ке­зін­де мешіт­тің ішіне кіріп, жары­лыс жа­са­ғандар бол­ған екен. Жа­нымызда Ел­ші­ліктің ада­мы бол­ған­дықтан, ондай тексеріске түс­педік.

Сол күні кешке Иерусалим қаласында есімін өнерімен бағалайтын шет мем­ле­кет­терге таныс Ерболат Төлепбайдың сурет көр­­ме­сі болды. Қазақтың тұрмыс-тір­ші­лі­гі­­нен, да­ла тынысы, сұлулығынан сыр ше­р­тетін оның туындылары көрмеге кел­ген қонақ­тар­дың үлкен қы­зы­ғу­шы­лығын тудырды. Кеш­ті ашқан Қазақ­стан­ның Израильдегі ел­шісі Ғалым Ора­з­ба­қов екі ел арасындағы мә­дениет пен ын­тымақтастық дамуының айқын көрі­нісі осындай рухани байла­ныстан бас­та­ла­тынын атап өтті.

Ертеңіне Тель-Авив қаласында Қа­зақстан Тәуелсіздігінің мерейтойына орай ұйым­дастырылып отырған негізгі іс-ша­раның легіне біз де қосылдық. Ұлт­тық өне­рімізді айқындайтын би билеп, күй тартып, қа­зақ әндерін шыр­қа­ға­ны­мыз­да залдағы қонақтардың өздігінен делебесі қо­зып кеткендей болды. Тіпті Украинадан келген бір ағамыз Қара теңіздің жа­ға­сында өнер көрсетуге ар­найы шақырды. Кеш соңы банкетке ұлас­­ты. Бұл – қазақ өнерінің Израиль ас­па­­нында асқақтаған күні болды. Тәуел­сіз­дік мерекемізді ұлықтауға Из­раиль хал­қы да ризашылығын білдірді. Мұндай ру­хани құндылықтар әрқашанда ұлттың ме­рейін асыратын шара екені ақиқат.

P.S.Сапар соңында көзіқарақты израильдіктер мен елшіліктегі отандастарымыз Қазақстан халқына, өнерлі студенттерін жіберіп отырған ҚазҰУ-дың басшылығына, ректор Ғалымқайыр Мұтанұлына үлкен алғысын айтып, дұғай-дұғай сәлемін жеткізіп қала берді. Ал біз шетелге шығуға мүмкіндік жасаған ағаларымызға шексіз алғысымызды білдіре отырып, аңсарымыз ауған туған жерімізге масаттана аттанып кеттік.


Асқарбек ҚАЗАНҒАП,

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті

Алматы–Тель–Авив–Иерусалим–Алматы

«Алаш айнасы».

 

Комментарии