«Алтын алқамды ломбард та алмайды» - көп балалы ана 

473

Кеше Ресей президенті  Владимир Путин «көп балалы отбасына салынатын салық мөлшерін азайту керек. Яғни, бұдан былай көп бала – аз салық» дегенді ұстанамыз деді. Бұған қоса Путин үшінші бала туған аналарға біржолғы төлемді де көбейту керектігін баса айтты. 

Осы арада айта кету керек, Ресейде үшінші балаға біржолғы төлем 450 мың рубль, теңгеге шаққанымызда 2 млн 250 мың теңге көлемінд бір жолғы төлем беріледі.  Бұған қоса үш баласы бар отбасына Ресейде 10 сотық жер телімін немесе оның ақшалай эквивалентін береді. Екінші бала үшін 270 мың рубль – 1 млн 442 мың теңге беріледі. Ресейде 2012 жылдан бері үш және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар ана көпбалалы ана атана береді. Санамаласақ, мұндай мысалдар көп. Іргеміздегі Өзбекстан, Әзірбайжан елдері де өмірге бала әкелген аналарына барынша құрметті жасап-ақ жатыр. 

Ал бізде қалай? Бізде нақ қазір көп балалы аналарға бала басына беріліп жатқан 21 мың теңгенің аптығы басылмай-ақ, Үкімет 2020 жылдан бастап көп балалы отбасыларға жәрдемақыны көбейтіп, табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек беру тәсілін өзгертуді ұсынды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалары 18 жасқа толмаған көп балалы отбасыларға табысына қарамастан 42 500 теңгеден 73 375 теңгеге дейін (109-187$) жәрдемақы беріледі. Әр балаға шамамен 10-11 мың теңгеден есептеледі. Жәрдемақының нақты көлемі өңірлердің ерекшеліктеріне қарай өзгереді»,-деді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша биыл тоғыз айда атаулы 412 мың отбасыға немесе 2 миллион 138 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек берілген. Оның 73 мыңы атаулы әлеуметтік алу үшін табысын "жасырғаны" белгілі болған. 

Үкімет мүшелірінң пайымынша бұған қатысты Қазақстан да көштен қалмай, ана мен балаға барынша құрмет көрсетуге тырысып-ақ жатыр.  Біз осыған орай бірқатар көп балалы аналармен де пікірлесіп көрдік. Бағамдасақ,  біздің елде көп балалы анадардың жағдайы айтқандай анағұрлым жақсы емес. Бұл ретте Алматы қаласы, Жетісу аудандық  «Көп балалы аналар» Одағының мүшесі Рабиға Ақанованың айтуынша, көп балалы анаға берілетін жәрдемақы тіптен айтуға да келмейтін дүние. 

«Мен 9 баланың анасымын. Көп балалы ана атанып, алтын алқаны өңіріме тақтым. Кейде жаным қысылғанда сол алтын алқаны алып алып ломбардқа өткізгім келеді. Бірақ оны ломбардтар да алмайды. Себебі сынамасы жоқ, таза алтын екеніне де күмән көп. Кезінде Кеңес өкіметі кезінде жарық, су, жолақысы көп балалы аналарға тегін болды. Мұнымен мен Кеңес өкіметін аңсап отырған жоқпын. Сол Ресейде 4 балалы аналарға тегін үй беретін мемлекеттік қор бар екен. Ал бізде 21 мың теңгені бергендерін жыр қылады. Ол жәрдемақыны рәсімдеу үшін қаншама құжат жинауың керек?! Оны жұмыс істейтін әйелдерге бермейді. Кірісің көп деп. Ал жұмыссыз отырған әйелдерге әр балаға берілетін 21 мың теңге бір айға жете ме?! Министрлер  өзі сол 21 мың теңгенің түскі асын іше ме екен?!»,-деді Рабиға Ақанова. 

Ал бұл  ретте сарапшы маман Тоғжан Шаяхметова қазіргі қоғамда көп балалы аналар нақты қолдауды қажет ететінін алға тартты. 

«Қайда барсаң көп балалы аналардың мәселесі шығады. Төрт-бес баласы бар аналар қазір не бала күтімімен үйде отыра алмайды, не емін-еркін жұмысқа шыға алмайды. Себебі баласына қарайтын ешкім жоқ. Біздің елде  балаларын жалғыз тастап, қамап кетіп жұмыс істеп жүрген аналар қаншама?! Өз басым, «біздегі бала күтімен байланысты декреттік жәрдемақыны 3-4 жасқа дейін ұзарту керек»деп есептеймін. Бала анасының күтімінде болса ғана қауіпсіз болады. Сондықтан үкімет осы жайын ескерсе деймін. Бала 3 жасқа толғанша декреттік жәрдемақы есептеліп, айлығының 40 пайызы анасына төленіп отыратын болса, мұндай мәселелер болмайды Мәселен, Голландияда бала күтіміне байланысты жәрдемақы 6 жасқа дейін 250 еуро төленеді екен. Тіпті іргеміздегі Өзбекстанның өзінде бала күтімен байланысты жәрдемақы екі жасқа дейін төленеді.  Ұлыбританияда 10 жасқа дейін 105 еуро төленіп отырады. Эстонияда да тура осылай. Ал біз 1 жасқа дейін берілетін болмашы жәрдемақы мен «2020 жылдан бастап елде әр бала басына 10-11 мың теңге төленеді» деп аналарды емексітеміз. Бұл болмашы теңгелер аналардың проблемасын шеше алмайтынын атқарушы билік білмейді емес, біледі ғой?! Бірақ біле тұра соны сезінгісі келмейтіні қоғамға қауіпті»,-дейді Тоғжан Шаяхметова. 

Қарлығаш Зарықханқызы,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер