Тұяқты тұяқ жібермейді

3295
Adyrna.kz Telegram

Есімізде әлі. Мақаншының бағына біткен қос көк ат болды. «Арқалды» совхозының атынан сынға түсіп, олжа салған жануарлар жыл он екі ай бабында болатын. Көк жорғаны көсілтіп мінетін Н.Қаспақов, тіпті асфальт үстінде су төгілмейтін жүрісімен жұртты тәнті ететін.

Зекеннің көгі қысы-жазы жегінде жүрсе де, жарыс кезінде алдына жүйрік түсірмейтін. Зекен ата ізін бағып, бабынан бір жаңылмайтын аттың табиғатынан сыр шертуін өтініп барғанымыз да бар. «Жылқы жарықтық киелі жануар ғой, – деп сөз бастаған кәнігі атбегі, – Осы Көк ат өзін-өзі жаратады», – дегенді айтты. Содан соң: «Майса шөп пен сұлыға шектеу жоқ. Судың да тазасын береміз. Қанша ішу, қанша жеуді өзі мөлшерлейді. Кейде қазы алады. Артынша жарап кетеді. Бабымен жүретін заман ба бұл? Жазда арба, қыста шана тартады», – деді.

Және шана болғанда қандай! Бірде шөп таусылып, Зекен ақсақал совхоз басшыларына барады. Қар еріп келеді. «ДТ тіркемесең тарта алмайды. Беруін береміз. Жеткізуін өзіңізге қалдырдық» десе керек. Көк атты шанаға жеккен қарт таяу жердегі маяның біріне барып, жалғыз өзі шөп тией бастайды. «Шал қанша аша артар» дейсіңмен, бір топ жігіт сыртынан қарап тұрыпты. Маяның біраз мөлшері шанаға қотарылғанда да ақсақал белін жазып, демалмаған. «Бұл кісі атын өлтіретін болды» деп бәйге көкке жаны ашығандар табылады. Сол тұста кеңшар басшылары да жүрсе керек. «Әй, ақсақал, сонша не көрінді. Шөп жеткіземін дейсің, жануардың обалына қалмайсың ба?» дегендер дауысы естілген шақта, «ол жағын Көк ат екеумізге қоя бер. Көмектескен жоқсыңдар. Тым болмаса демеп, шананың үстіне шығуыма көмектес» депті илікпей. Шөмеле секілденген шөпке жайғасқан соң, тізгінді ақырын ғана қозғап қалады. Қар еріп жатқан кез дедік қой. Көк ат бір ышқынып, шананың табанын қара жерге жанып, тас жолға бір-ақ шығыпты. Әлгі көріністің куәсі болғандар Көк атқа да, Зекен қартқа да риза болысыпты.

 Бұл кез келген ауылда кездесетін оқиға шығар. Тарбағатайдың тасынан қайрат ала ма, әлде қайрақ тастар тұяғын бекітіп, жігерін оята ма? Ақсуат жақта да не жүйрік аттар иесіне бедел әкелді. Ерке жирен мен елік жирен республикалық жарыстарда жүлдеге ілінді. Кейін шау тартқанда қос жиреннің бірін шаруашылық етке өткізеді. Семей ет комбинатының маңында жайылысқа шығарғанда жануар қоршаудан қарғып өтіп, Тарбағатайға тартып кетіпті. Жол арасы 700 шақырымдай. Ит-құсқа жем болады. Әлдебіреу ұстап алған болар деп ешкім соңынан түспейді. Күндердің күнінде жүдеген жирен жем жейтін қорасының алдына келіп тұр дейді. Осының өзі жылқы қасиетіне таптырмас қазық

.


Аманкелді Сейтхан,

“Алаш айнасы”

 

Пікірлер