Қамшыға біткен құдірет

11673
Adyrna.kz Telegram

Бұрынғы  ата-бабаларымыз мемлекет деңгейіндегі келіссөздер мен  ұлт мүддесі жолындағы үлкен мәселелердің барлығын ат үстінде жүріп шешкенін тарихтан білеміз. Аттың жалында, түйенің қомында тіршілік кешкен көшпенді қазақ халқы үшін қамшының атқарар рөлі зор еді. Осы бір кішкентай ғана құрал кейде дүйім елдің тағдырын шешетін, керек десе өмірін өзгертіп жіберетін. Олай дейтініміз – бұрынғы кезде қандай бір дау-жар, ұрыс-керіс алдында сөз сөйлейтін адам алдымен қамшысын жоғары көтерген. Ал шығарылған шешіммен келіспеген адам ортаға қамшысын лақтырып, мәселені қайта қарауды талап етеді. Ендеше көшпенді қазақ қоғамында қамшы қандай «қызмет» атқарды. Оның түрлері мен жасалу жолдары қалай болды және қандай философиялық құпиясы бар? Осы туралы аз-кем сөз қозғауды жөн санадық.

Қамшының қанша түрін білесіз?

Қазақтың жеті қазынасының бірі – қазанатты серік еткен әр азаматтың қолында қамшы болған. Оны хан мен қара да, батыр мен би де, сал мен сері де, тіпті, қара табан қойшы да ұстаған. Жүйрік ат ер жігіттің сенім артар бір серігі болса, кез-келген қысылтаяң сәтте қолынан табылатын қарудың бірі – қамшы. Бұрын əр қазақтың басында үйі, қорасында малы болмаған шығар. Бірақ, өзін ер азаматпын дегеннің бəрінің астында бір аты және қолында қамшысы болған. Ата-бабаларымыз оны қастерлеп ұстап, малға барса да, дауға барса да, жауға барса да қолынан тастамаған. Қазақта қамшымен байланыстыра айтқан нақылдар мен сөз тіркестері де баршылық. Мысалы «Қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деген сөз бар. Иә, бір адамның бүкіл ғұмырын осы бір тұтам ғана заттың бойына сыйдырып жібергенін көресіз... Немесе «Қамшы – ұл болсаң қолыңда ойнайды, құл болсаң төбеңде ойнайды» дейді. Бұл бойында қазақылық қаны бар кез-келгеннің жігерін жанып, намысын оятары анық. Қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсіреповтің бір шығармасынан: «Қасқырға қырық сегіз таспа қамшыдан артық қарудың керегі жоқ» деген тіркес кездеседі. Бұл қамшының бойында қандай құдірет, қандай ұлы күш жатқанын білдіреді.
Енді қамшының қанша түрі бар деген сұраққа тоқталайық. Қазақ мәдениетін, салт-дәстүрін кеңінен зерттеп жүрген этнографтардың пікірінше қамшының 20-ға жуық түрі бар екен. Оның әрқайсысы әр салаға қолданылған. Мысалы асау қамшы – асау жылқыны үйретуге арналған. Сабы жуан, қолға ұстауға ыңғайлы болады. Қызқуар қамшы – басы мен сабының ортасында айналып тұратын шығыршығы бар, оны ұлттық ойынымыз қыз қуу кезінде ұстайды. Көкпар қамшы – бүлдіргісі ұзын, сабы жіңішке, ауызға тістей салуға ыңғайлы сапталған. Дырау қамшы – өрмесі өткір, сабы жуан болады. Сол секілді дода қамшыны да ер азаматтар ұрыс-керіс, төбелес кезінде ұстаған. Яғни, қорғануға, қарсыласын ұрып жығуға арналған. Өзегінің бір қарыс жерінде қорғасын болады. Бақсы қамшы – адамдарды емдеуге, зікір салып, жын шығару кезінде қолданады. Бозбала қамшы – арнайы шашақталған, шашағына мыс, жез, темір тағып әшекейлеп жасалады. Оны жастар сән үшін ұстайды. Бәйге қамшы – жүйрік атқа арналып сапталады. Қамшылаған кезде қатты батпауы тиіс. Өрмесі 4 жіңішке таспадан өріледі, сабы да жіңішке әрі жеңіл келеді. Дүре қамшы – ел ішіндегі тентектер мен бұзақыларды жазалауға арналған. Сарыала қамшы – бұл сән үшін ғана қолданылады. Мұндай қамшылар көбінесе төрге ілінеді. Жылан бауыр қамшы - үсті жұмыр, асты жалпақ жылан сияқты өрмесіне байланысты аталған. Сондай-ақ, қасиетті қамшы, бала қамшы, ақ қамшы, қанжар қамшы, киелі қамшы деп бөлінеді. Қамшының өрімін төрт, алты, сегіз, он екі, он төрт, он алты таспадан өруге болады.

Қамшысы жоқ адам сөйлемейді...

Павлодар облысының Ақсу қаласында Жиенхан Қаманайұлы деген азамат тұрады. Ақсу қаласына қарасты Жамбыл орта мектебінде технология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ұлағатты ұстаз талай жылдан бері алдына келген шәкірттеріне қамшы өрудің қыр-сырын үйретіп келеді. Сонымен қатар, оны қай кезде қалай ұстап, қалай қолданатынын түсіндіріп жүр. Осы мақаланы әзірлеу барысында мұғалімнің бірауыз пікірін білген едік...
- Мен қамшы туралы көп зерттедім. Осы мақсатта көпті көрген ақсақалдармен әңгімелестім, әдебиетті ақтардым, қолөнер саласына үңілдім. Қазақтың салт-дәстүрінде қамшыны ұстау мен қолданудың ережелері, тәртібі бар және оның тәрбиелік мәні де жоғары. Қамшыны оң қолға екі бүктеп ұстайды. Бұрынғылар біреуге жол көрсеткенде қолмен емес, қамшының ұшымен нұсқаған. Егер, біреуге сыйға беретін болсаңыз, қолына тура ұстатпай жерге тастаудың мәні бар. Бұл – сол үйдің құт-берекесі бірге кетпесін, ұшығы жерде қалсын, салмақты жер ғана көтереді дегенді білдіреді. Қазақ қамшы ұрлаған адамды үлкен қылмыскер санайды. Бұрынғылар үйіне келген қонақтың қандай шаруамен жүргенін қамшысынан-ақ байқап қояды екен. Мысалы, жолаушы босағаға іліп кіретін болса оның асығыс жүргенін, яғни жеңіл-желпі тамақтану үшін немесе шөлін қандыру үшін келгенін білдіреді. Егер, қамшыны етігінің қонышына, шапанының белбеуіне қыстырып, не болмаса қолына ұстап келсе, онда сол үйдің адамдарынан бұрын кеткен кегін қайтару мақсатында, яғни ұрыс-керіс шығару үшін келгені. Ал, үй сыртына белдеуге іліп кірген қонақты асықпай, ас ішуге келді деп білген. Егер, қонағыңыз қолына ұстаған қамшысын үйіңізге қалдырып кететін болса, сол үйден қыз сұрап келген, бірақ ешнәрсе батып айта алмай кетті деген сөз. Қыз жағы бұл ұсынысты құптамаса, қамшыны жігіттің ауылына қайтарады. Ел сөзін сөйлер жөн білетін үлкендер қандай да бір даулы жиындарда төрелік айтар кезде қамшысын екі бүктеп ұстап, жоғары көтереді. Мұны түсінген ел де бірден тыныштық сақтайтын болған. Немесе қандай бір жарыс, сайыс кезінде оның шешіміне келіспеген адам ортаға қамшы тастаған. Сонымен қатар, даудан немесе сөзден жеңілгенін мойындағысы келмеген даугер де осылай істейді. Қазақ хандығы тұсында хан сарайына мәжіліске келген батырлар мен билер өзімен бірге екі құралын алып кіреді екен. Оның бірі – бәкі, екіншісі қамшы. Егер, сарай алдындағы уәзірлері бірінің бәкісін алып қалса, ол адам сол жерде тамақ жеу құқығынан айырылады. Ал, егер қамшысын алып қалса, мәжіліс үстінде сөз сөйлей алмайды. Бұдан басқа қамшы туралы ырым-тыйымдар да бар. Мысалы, қамшы сабының сынуын біздің халық жамандыққа балаған. Ал оны сыйлы адамыңызға кәдесый ретінде береуіңізге әбден болады, бұл сол адамға көрсеткен шексіз ықыласты, үлкен құрметті білдіреді, - дейді Жиенхан мұғалім. Міне, қамшыны бұрынғы ата-бабаларымыз біріншіден қару ретінде қолданса, екіншіден философиялық мәні бар тәрбие құралы ретінде кәдеге жаратқан.

Қамшыгер

Бұрын қазақта «қамшыгерлік» деген өнер болған. Яғни, қамшының көмегімен неше түрлі өнер көрсетуге болады. Мысалы, төрт жаққа керілген өгіздің жон терісін бір тартып қана тіліп түсіретін адамдар болыпты. Бұл кез-келгеннің қолынан келмейтін іс. Сондай-ақ, жаугершілік заманда қарсы тараптың келісімін қамшымен сатып алғандар болған. Ал, астында жүйрік аты, қолында ұзын қамшысы бар адамның алдынан арлан қасқыр да оңай құтылмайды. Дегенмен, мұндай ерлік кез келген адамның қолынан келмейді. Сондықтан, бұл қамшыгердің абыройын арттыра түсетін нағыз батырлық. Өкінішке орай, қамшыгерлік өнері қазір ұмытылып барады. Бұрын онымен соғудың, ұрудың көптеген әдістері болған. Мысалы, қамшы үйіру, білеу, жасқау, шықпырту, сипай қамшылау, батыра қамшылау, орап тарту, оса тарту, тіле тарту, баса тарту, серпе тарту, салып қалу, сілтеп қалу деп айтылған. Қамшы құрылымына қарай жиырмадай бөлікке бөлінеді. Мысалы, өрім, сап, бас, дүм, алақан, бүлдірге, орам, кежеге, шежемей, айдар, мойнақ, бүркеншік, бунақ, бауыр, шашақ, өзек, түйін, шығыршық, топшы, түйнек.
Қамшыны жасаудың өзі – үлкен өнерге жатады. Шеберлер әсіресе оның сабына ерекше көңіл бөлген. Яғни, тобылғыдан, ырғайдан, қамыстан және еліктің, киіктің сирағы мен мүйізінен, таутекенің мүйізінен саптауға болады. Мұндай қамшының күшімен астыңа мінген ат қана емес, алдыңа салып айдаған атан түйе мен азбан өгіз де «қайқаң қағып» жүріп кетеді. Бәйге қамшыны тобылғыдан саптаған дұрыс, өйткені ол жеңіл болады. Ал, өрімін қандай қайыстан өреді дегенге келейік. Бұрынғылар оның өрімін көбінесе, сиыр мен жылқының қабырға не болмаса шап терісінен илеген қайыстан өрген екен. Себебі, жон және мойын терілері қалың болады да, әдемі шықпайды. Ал, түйенің терісі бұған жарамайды екен. Қайысты ең алдымен иін қандырып илеп, кейін таспаны сымдай жіңішке етіп тіледі. Егер таспаңыз біркелкі болмаса өрімі де дұрыс шықпайды. Тері бұйымының хас шеберлері оны жұмыр және төрт, алты сегіз қырлы етіп өрген.

Дертке дауа...

Қазақ халқы қамшыны ерекше қасиет тұтқан. Мысалы, бақсы-балгерлер айықпас дертке шалдыққан талай адамды қамшымен ұрып, ауруынан айықтырып, бойындағы жынын шығарған деп жатады. Әсіресе, ауыр науқасқа шалдыққан айелдер мен бала көтермеген жас келіншектерді емдеген екен. Ал, бұрынғылар алыс сапарға атпен жолға шыққан кезде діттеген жеріне сол күні жете алмаса тастың түбін, зираттардың ішін паналап қона береді. Міне, сондай кезде далаға ұйықтаған адам ер-тоқымын басына жастаса, қамшыны қасына қояды. Бұл – бірінші далада жатқан адамнан бәле-жала аулақ болады десе, екіншіден адамның үстіне құрт-құмырысқа үймелемейді. Себебі, ондай ұсақ жәндіктер ащы құртқа илеген қайстың исінен қашатын көрінеді. Қамшының адамның бойына күш-жігер беріп, рухтандыратын қасиеті де бар. Мысалы, көкпардың шабандоздарын қарап отырсаңыз, алапат айқас кезінде қамшыларын ауыздарына тістеп жүреді. Бұл – көкпаршының жеңіске деген құштарлығын арттыра түседі.

Тілеуберді Сахаба,
Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі.

Пікірлер