26 қазанда түстен кейін Нұр-Сұлтанда "Астана" концерт залының маңында полиция он шақты адамды ұстап әкетті. Мұнда "оппозициялық қозғалыстың митингісі өтеді" деп бұған дейін хабарланған. Арнайы жасақ өкілдерінің бірнеше адамды ұстағанына Азаттық тілшісі де куә болды. Олардың кейбірі жәй жүргенін айтып, полицияның ұстауына наразы болды. Ұсталғандардың кейбірі "Қытайға жол жоқ" деп айғайлады. Бірнеше адам құжаттарын тексерген полиция әрекетіне ашуланды.
Азаттықтың тікелей эфирін көріңіз:
Ұстауға байланысты түсініктеме берген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев "Әблязов ұйымдастырған митингіге" байланысты азаматтарға ескерту жасалғанын, "полицейге қарсылық көрсеткендердің" ұсталғанын айтты.
Алматыда да полиция Төле би мен Панфилов көшесінің қиылысында оннан астам адамды ұстаған. Олардың кейбірі Қытай зауыттарының салынуына қарсылық білдіріп, талабын айта бастаған. Бірақ полиция оларға пікірін аяқтатпады. Арнайы жасақ "жәй жүрмін" деген адамдарды да ұстады. Әкімдік қызметкерлері "митингі орнында" жүргендерге тарау қажеттігін айтып ескертті.
Азаттықтың Шымкенттегі тілшісінің хабарлауынша, мұнда да "Наурыз" алаңында полиция үш адамды ұстап алып кеткен. Олардың бірі "Қытай экспансиясына" қарсы екенін білдіріп, алаңға сол пікірін айту үшін келгенін айтқан. Оқиғаны түсіру барысында қара түсті қолшатыр ұстаған екі адам ұстауларды камераға түсірген Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі келтірді.
Бұған дейін өзін билік оппоненті ретінде атайтын, шетелде жүрген қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 26 қазанда жақтастарын көшеге шығуға шақырған. Қазақстанның бас прокуратурасы "рұқсат етілмеген митингіге қатысу заңсыз" екенін ескертіп, митингіге шыққан азаматтардың " қатаң жазаланатынын" хабарлады.
"Азаттық" радиосы